Басты ақпаратБілім

Болашақтың мектебі

Мұғалімсіз. Дәріссіз. Бағалаусыз. Жуырда елордада осындай принциппен жұмыс істейтін бағдарламалау мектебі ашылды. Astana Hub базасында орналасқан Alem School-дың өзгелерден бір ерекшелігі, ол тегін әрі тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді. Жыл соңына дейін онда 200 студент оқып шығады деп жоспарлануда.Украиналық мектептің моделі пайдаланылды

Жаңа мектептің директоры – Iowa State University түлегі, 29 жас­тағы Дагар Давлетов. «2014 жылы се­ріктес­те­рімізбен бірлесіп қазақ­стандық IT-білім сала­сындағы алғашқы жоба – Method бағдарламалау мектебін аштық. Онда біз әртүрлі аудиторияға арналған әртүрлі бағыт бо­йынша әртүрлі курстарды сынамадан өткіздік. Сон­дай экспериментте­ріміздің бірі Method.pro тағылымдамасы еді, мұнда студенттер нақтылы компаниялардың проблемаларын шешумен айналысты. Айтпақшы, Alem School командасының түгелі дерлік – Method.pro түлектері. 2017 жылы біз Киевтегі Unit Factory жобасымен танысуға бардық. Ол – peer-learning форматында жұмыс іс­­тейтін украиналық мек­­теп. Онда мұғалім де болмайды, баға да қо­йыл­майды, дәріс те өткі­зіл­мейді. Есесіне оқу талантты жастардың бір-­­біріне көмектесуі арқылы жүзеге асады. Осы сапардан соң мұндай мектептің Қазақ­станға да қажет екенін түсіндік. Дәл сол уақытта Astana Hub құрылып жатқан-ды, біз екеуара серіктестіктен жақсы болашақ көрдік: мектеп тек IT-компанияларда ғана жұ­мыс істейтін емес, сондай-ақ өз жобаларын да әзірлей алатын мамандарды даярлайды ғой. Демек, Astana Hub резиденттері Alem School түлектерін жұмысқа ала алады. Alem School осылайша өмірге келді» дейді ол.

Оқу жүйесі ойын түрінде құрылады

Мектептегі білім беру принциптерін Дагар толығырақ былайша түсіндіреді:
– Мысалы, peer-to-peer әдісін алайық. Ағылшын тілінен аударғанда «peer» сөзі «өзіңмен теңдес» де­генді білдіреді. Өмірдегі секілді, бағдарламалау­дағы мәселелерді де ше­шу­­дің әрқашан бірнеше нұсқасы болады. Мен оны өзімнің білім деңгейіме сай жолмен, ал сіз басқаша жолмен шешуіңіз мүмкін. Екі шешім де дұрыс, бірақ әртүрлі. Мәселені шешіп болған соң біз оны талқылаймыз, сіз әлгі проблеманы – менің көзіммен, ал мен сіздің кө­зі­ңіз­­­бен көре бастаймын. Осы­лайша әрбір тапсырманы сіз басқа екі жүз студенттің көзімен көруді үйреніп, логикасын түсініп, неліктен сіздің шешіміңіз ең тиімді екенін дәлелдеуге дағдыланасыз.
Жоғарыда атап өткені­міздей, мектеп 24/7 режимінде жұмыс істейді. Студенттердің басына кез келген уақытта, мейлі ұйықтап жатып болсын, тапсырманың шешімі сап ете қалса, ол дереу виртуалды жеке кабинетіне кіріп, оны тексере алады. Бұл дегеніміз – платформа арқылы адамдармен күнделікті қарым-қатынас жасап, сіз өзіңіздің бағдарламалау машығыңызды ғана емес, коммуникация құру, командада жұмыс істеу, тәуелсіз ойлау, тайм-­менеджмент, эмпатия секіл­ді қабілеттеріңізді де (бұ­лар­ды soft skills деп атайды) жетілдіре аласыз.
Ал ең кереметі, барлық тапсырмалар мен байланыс геймификация қағидасымен құрылады. Яғни жүйенің өзі тұтастай ойын сияқты. Ондағы екі жүз студенттің әрқайсысының өз профилі бар, олар бастап­қыда нөлдік деңгейде тұрады. Әр деңгей – квест. Жаңа деңгейді өту үшін ойыншы қабілеттерін жетілдіруі керек. Жалпы, жүйеде кез келген компьютерлік ойындағыдай қаншалықты жылдамдықпен дамып келе жатқаныңды және бас­қа­лардың қаншалықты жыл­дамдықпен дамып келе жатқанын көріп отырасың. Кейде көшіргенің немесе ережені бұзғаның үшін рейтингтегі ұпайларыңнан айырылып қалуың да мүмкін.

Жасанды интеллект басқаратын қоғамға даярлайды

Alem School командасы қазіргі нарықтың сұранысын да жақсылап зерттеген екен. Оны біз Дагардың мына сөзінен аңғардық:
– Сапалы бағдарламашы­ларға тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем зәру. Korn Ferry компаниясының мә­лі­метінше, қазіргі таңда технология саласында 4,3 миллиондай маман тапшы. Әлемдік трендтерді ескерсек, алдағы 10-15 жылда білікті бағдарламашыларға деген сұраныс одан әрі өсе түседі. Қазіргі өмірімізге қараңызшы: біз дауыстық ассистенттің көмегімен қо­йылған оятқышқа оянамыз, жұмысқа жету үшін таксиді телефон қосымшасы арқылы шақырамыз, кофені де телефонмен тө­лейміз, тамаққа онлайн-­қызметтер арқылы тапсырыс береміз, қаржымызды онлайн-банкинг арқылы бас­қарамыз. Мысал көп. Alem мектебі ерекшеліктерінің бірі – студенттерді жасанды интеллект басқаратын қоғамда жұмыс іс­теуге даярлау. Жасанды интеллектпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеу үшін не керек? Біздіңше, керегі – критикалық ойлау, бағанағы айтылған soft skills және алгоритмдік ойлау жүйесін түсіну. Мұғалімдер мен дәрістердің жоқтығы, оқу бағдарламасы барысындағы күрделі әрі таптаурын емес мәселелер студенттерді критикалық ойлауға және проблемадан шығудың айрықша, креативті жолдарын табуға итермелейді. Осы машықтардың бізді жасанды интеллектерден ерекшелейтініне сенеміз. Бұларды автоматизациялау мүмкін емес.

Болашақ бағдарламашылар «бассейнде» шынығады

Бір қызығы, мектепке түскісі келетіндер үшін тек жас бойынша ғана (18-35 жас) шектеу бар, яғни үміткерлердің бұған дейін бағдарламау саласында қандай да бір білімі болуы міндетті емес. Оқуға түсу процесі 3 кезеңнен тұрады. Біріншісінде, яғни екі сағаттық онлайн-тестілеу кезінде талапкердің есте сақтау қабілеті мен логикасы тексеріледі. Бұдан сүрінбей өткендері ин­тервьюге шақырылады. Онда мектептің талаптарымен таныс­тырады, үміткердің бағдарламалаудағы тәжірибесі бар-жоғы сұралады, оқудың форматы түсіндіріледі. Сұхбат барысында талапкер аптасына 40-60 сағат бойы уақытын арнауға дайын не дайын емес екенін өзі шешуі тиіс. Соңғы кезең – «бассейн». Неліктен бұлай аталады дейсіз бе?
– «Бассейн» дегеніміз – төрт апталық емтихан. Ол небір қиын тапсырмалардан, қатаң дедлайндардан, мыңдаған жолдық кодтардан тұрады. Бассейн деп аталуының себебі – оның бетіне қалқып шығу керек. Құрғақ күйі одан ешкім шықпаған. Бұл емтиханның күрделілігі сонша, кейде тіпті жатын бөлмеге баруға уақыт жоғалтпас үшін студентке компьютердің жанында отырып ұйықтауға тура келеді. Бассейн құдды бір майдан тәрізді: сәл көз шырымыңды аласың да, қайтадан ұрысқа аттанасың, – дейді Дагар.
Ал «Егер тестілеу және интервью барысында бағ­дарламалау бойынша білі­мің талап етілмейтін болса, онда бассейн кезеңінде қалай бағдарламалайды?» деген сұраққа ол «Сізде компьютер, интернетке лимитсіз қолжетімділік және оны қалай жасау қажеттігін сұрай алатын 199 адам бар» деп жауап берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button