Қоғам

Болмасын жарылыс, болмасын!

Жарты ғасырға жуық уақытқа созылған «Қырғи қабақ соғыс» жылдары әлем елдері сыртқы күштерден қорғану үшін ядролық қаруды жанталаса өндіруге кірісіп, нәтижесінде АҚШ пен Ресейден бөлек, Франция, Англия, Қытай, Үндiстан, Пәкiстан, Израиль және Солтүстiк Корея ядролық қаруға ие болды. Адамзатты біржолата жойып жіберуге қауқар-қуа­ты жететін қаруға әлем елдері асығып жатқанда, одан бас тартқан елдің бірі – Қазақстан. Осындай бастамашылдығымен қазақ билігі бейбітсүйгіш ел екенін танытып, берекелі қоғам құруға кірісті.  

Ядролық қарудың қауіп-қатерін терең түсінетін ұлттың бірі – жапондар, екіншісі – қазақтар.
1945 жылдың 6 тамызында империялық мүдделі АҚШ B-29 ұшағымен Жапонияның Хиросима қаласына бомба тастады. Жарылыс салдарынан қаланың 90 пайы­зы радиацияланып, 80 мың адам өлді. 9 тамызда Нагасаки қаласына кезекті бомба жарып, 40 мың адам бір мезетте мерт қылды. Осылайша жапондар ядролық қарудың құдіретін сезініп, қасіретінен қайғы жұтты.
Кеңес Одағы 1949-1990 жылдары ядролық 715 сынақ жасаса, соның 456-ы (оның 116-сы ашық әуе кеңістігінде) Семей даласында жарып, оның қазақ ұлтына тигізген әлеуметтік, экологиялық, психологиялық залал-зардабы толық сараланды дей алмаймыз. Бір анығы, қаншама кем-кетікпен туған балалар мен радиактивті сәуленің әсерінен созылмалы ауруға ұшыраған адамдардың көз жасы мен зар-зәруін ешнәрсемен ақтап ала алмаймыз.
1949 жылғы 29 тамызда таңғы сағат 7.00-де басталған ядролық жарылыстар соғыстан еш кем болмады, қайта соғыстың зардабынан артық болып, радиациядан 500 мыңдай адам зардап шекті.
Семей даласындағы осындай азап өмірге 1991 жылы 29 тамызда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев нүкте қойып, Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.
Шүкір, Абай тағылымы мен танымына куә болған далада ядролық сынаққа арналған ұңғымалар жойылып, халықтың келешекке деген сенім-үміті арта түсті.
Сыр даласында кіндігі кесілген әкем әскери борышын өтеген жылдары Семей даласындағы радиациялы зақымдану ошақтарын залалсыздандыру ісіне қатысты. Мемлекеттік деңгейде құпия ұсталған жердегі әскери қызметі туралы ашып айта бермейтін. Алайда өмірінің соңғы жылдары радиактивті сәуленің әсерінен болар, қатты науқастанып, төсек тартып, қиналды.
Ал Семейдегі сынақ алаңына жақын жерде туып-өскен азаматтардың өмірі қалай болды екен, ә?! Алғашқы жылдары алғашқы сынақтар туралы тіпті халыққа ескертілмей, сынақ кезінде тосыннан жарылған жарылысты көрген халық қандай күй кешті екен, ә?!
Әскери қуатының күшін ядролық қарумен өлшейтін тоғыз мемлекетте 5 мың данаға жуық ядролық қару, 15 мың данаға жуық ядролық оқтұмсық бар екен.
Қару – соғыс құралы. Оқ атылған жерде тыныштық болмайды. Бүгінгі Украина, Сирия жеріндегі берекесіз өмір соған дәлел болады. Егер соғыс алаңдарында ядролық қарулар қолданса қалай болады, бұл жалпы адамзатқа тигізген үлкен қатер һәм қатыгездік емес пе?!
Қару жасауға, қару атуға кеткен қаржы мыңдаған, миллиондаған адамның тұрмыстық әлеуетін арттыруға жұмсалса ғой!
Қысқасы, 29 тамыз – біздің отбасы үшін мән-маңызға ие күн. Өйткені Семейдегі сынақ алаңын біржолата жабуға үкім шығарылды.

 

Нұрлат Байкенже

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button