Руханият

Бояулар да ән салады

Тәуелсіздік сарайында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Сиқырлы бояулар әлемі» атты көрме өтті. Бұл көрмеге қалалық «Есіл» балалар көркемөнер мектебіне баратын 5 жастан 16 жасқа дейінгі жеткіншектердің 100-ден аса жұмысы қойылды.

Шараның ашылуында сөз алған аталған мектептің мұғалімі Гүлшара Алтынсариева: «Халқымызда «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақыл бар. Біз де өнерге талпынған балаларға дұрыс жол көрсетсек дедік. Көрмедегі туындыларды бір күнде, бір аптада жасаған жоқпыз. Бұл – оқушылардың бір жылдық жұмысының жемісі. Осы жерде ата-аналарға да алғысымды айтып өтсем деймін. Болашақта осы жеткіншектер арасынан танымал суретшілер шығып жатса, біздің еңбегіміздің жанғаны деп ойлаймын» деді ол.
Балалардың қолынан шыққан картиналар шы­найылығымен көз тартады. Бояулары да ашық, композициялық құрылымы да көркем. Бір байқағанымыз, жеткіншектер өз жұмыстарында табиғатты, жан-жануарларды, әсем елорданың биік үйлерін шебер бейнелеген. Мәселен, Рамазан Ізім атты баланың «Жазғы көрініс» деген туындысында ақбас таудың етегіндегі ауыл, сарқыраған өзен, құстары шуылдаған тоғай, жалғыз аяқ жол – бәрі жарасымды үйлесім тапқан. Бұл суретті тоғыз жастағы бала емес, кәнігі қылқалам шеберінің қолынан шыққан деп ойлайсыз. Осындай дүниелерді басқалардың да жұмыстарынан кездес­тіресіз.
Көрмеге қонақ болып келген Қазақстан Сурет­шілер одағының мүшесі Еркінбек Есімов жет­кін­­шектердің шығарма­шылығын жоғары бағалап, оларға сәттілік тіледі. Сырбаз суреткер Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» повесінің бір кейіпкері «құмдар ән салады» деп толғанушы еді. Біле білсек, құм ғана емес, бояулар да ән салады екен. Біз оны балалар қолынан шыққан картиналардағы бояудан аңғардық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button