Басты ақпаратЕл тынысы

Цифрлық картаның отбасына көмегі көп

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) қолданысқа енгізілді. Цифрлық картада еліміздің 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған. Ол «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интеграцияланған, бұл жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда тұрғындардың табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, несиенің болуы және тағы басқа әртүрлі ақпарат қамтылған.

Қолда бар деректер негізінде экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдаулар жүргізіледі, ал әлеу­меттік тәуекел туындаған жағдайда Отбасының цифрлық картасы жәрдемақы немесе әлеуметтік төлемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді. Ол үшін ОЦК арқылы әлеуетті жәрдемақы алушыға SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады.

Қазіргі таңда ОЦК-да жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызметтер алу мүмкіндігі берілген: жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; жұмысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемдер; асыраушысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемдер; мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақылар, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар; көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар; «Күміс алқа» немесе «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылар; атаулы әлеуметтік көмек. Сондай-ақ азаматтарға ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама жіберіледі.

2023 жылы әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. 2025 жылдан бастап жоғарыда аталған үш салада мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылмақ. Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button