Басты ақпаратДенсаулық

Дерт қайтадан дендеді

Әлемде COVID-19 күн санап, қайта өршіп келеді. Бүгінде 215 елде КВИ жұқтырғандар саны 41 594 543 адамға жетіп, өсім 1,1 пайызды құрады. Шетелдегі жағдайды бақылап отырған Қазақстан биыл 6 қазаннан бастап мемлекеттік шекараларында санитарлық-карантиндік бақылау жұмыстарын күшейтті. Ішкі дайындығын да пысықтап отыр. Соған қарамастан осы аптада еліміздің 12 өңірінде вирус жұқтыру өсімі 1,2 есеге артты. Соның ішінде науқастардың ең көбі – Нұр-Сұлтанда. Одан кейінгі орындарда ШҚО, Алматы қаласы, Павлодар, СҚО, Қарағанды, Атырау облыстары тұр. Бұл жалпы сырқаттанудың 74 пайызын құрады. Жаңа оқу жылы басталғалы 250 баладан ауру инфекциясы анықталды.

Қазақстанға ең алғаш коронавирус шетелден келген азаматтар арқылы тарады. Сол себепті шекарадағы санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Содан бері автомобиль жолдары арқылы мемлекеттік шекарадан 73 591 шетелдік және ел азаматы өткен. Солардың ішінен ПТР-анықтамасы жоқ 5967 азамат екі күндік карантинге жатқызылды, ал тест тапсырғаннан кейін олардың 122-нен вирус табылған. Халықаралық авиарейстер арқылы елге 34 мыңнан астам адам келсе, соның 6 мыңға жуығы тест анықтамасы болмағасын, тексеруге алынып, соның барысында 19 адамға дерт жұққаны белгілі болған. Осылайша елімізде ауру жұқтырғандар саны 109 907 науқасқа жетті. Оның ішінде 105 385 науқас жазылды, 2 662 адам емделуде, 1796 адам дерттен көз жұмды. Шетелге шығатын қазақстандықтар арасында ауруды негізінен Түркия, БАӘ және Египетке барған сапарларынан жұқтырып келетіндер көп.

РЕСЕЙДЕ ШЕКТЕУ КҮШЕЙДІ

Эпидемия басталғалы Ресейде коронавирус инфекциясын 1 463 306 адам жұқтырды, соның 25,2 мыңы қайтыс болды, 1,1 млн адам жазылды. 21 қазанда бір тәулікте елде пандемия кезіндегі адам өлімі бойынша ең үлкен көрсеткіш – 317 адам көз жұмды. Аурулар мен өлім санының көптігі жағынан ел астанасы – Мәскеу бірінші орында. Әлемде адам өлімі ең көп елдердің көш басында АҚШ, Бразилия, Үндістан, Мексика, Ұлыбритания тұр. Бұл тізімде Ресей – 13-орында. Бұған дейін Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалада жан сақтау бөліміне түсетін ауыр науқастар ғана емес, дерттен көз жұмғандар да көбейіп бара жатқанын айтқан еді. Сөйтіп 28 қыркүйектен бастап қосымша шектеу шараларын енгізген. Сол шектеулер аясында Мәскеудегі компаниялар мен кәсіпорындарды 5-28 қазан аралығында қызметкерлерінің 30 пайызы мен 65 жастан асқан және созылмалы аурулары бар жұмыскерлерін қашықтан жұмыс істетуге көшіруін міндеттеген. Сонымен қатар 6-11 сынып оқушыларын да қашықтан оқытуға көшірген. Егде жастағыларға мүмкіндігінше үйден шықпаулары ескертілген. Соған қоса барлар, түнгі клубтар мен би кештерінде түн жарымынан таңғы 6-ға дейін жұмыс істейтіндер өз жұмыстарына тек QR-код немесе смс бойынша ұялы байланыс нөмірлерін тіркеткенде ғана келе алатын еткен.
Ресейде биыл мамыр айынан бастап қоғамдық көліктер мен сауда орындарында міндетті маска тағу режимі қатаң сақталады.

НАРАЗЫЛАР ҚАРА КӨРСЕТТІ

Еуропаның көптеген еліндегі дерт жұқтырғандардың рекордтық көрсеткіштері билікті шектеу шараларын күшейтуге мәжбүрлеуде. Мәселен, Словенияда осы аптадан бастап 30 күн бойына эпидемия режимі енгізілуде. Италияда бар, ресторандар жұмысына шектеу қойылып, қалалар мэрлері коменданттық сағатты өздері енгізе алатын болды. Ал Швейцарияда осы дүйсенбіден бастап барлық жерде 15 адамнан артық жиналуға тыйым салынып, кафелерге барудың жаңа ережелері жасалды.
Алайда бұл шектеулерге наразылар да жоқ емес. Мысалы, Прагада футбол фанаттарының шеруі полициямен қақтығысқа ұласты. Футбол жанкүйерлері аяқдоп жарысының болмай қалғанына наразылық білдірді. Оларды тоқтату үшін полиция су атқыштар мен көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болған.
Тура осындай акция Словакияда да өтіп, оның соңы да дәл солай аяқталды. Бұл елде шеруге қатысушылар үкіметтің төтенше жағдай режимін енгізгеніне қарсы шықты. Полицияға шабуыл жасағандар 25 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал Абхазияда коронавируспен күреске Ресейден 100 орынға есептелген мобильді әскери госпиталь көмекке келді. Оны Сухумиде орналастыру көзделуде.
Украиналықтар болса, коронавирусқа қарсы Ресейдің вакцинасын сатып алмауға нақты және соңғы шешімін шығарды. Бұл туралы Украинаның денсаулық сақтау министрі америкалық дипломатиялық үкімет басшысымен кездесуінен кейін АҚШ елшілігінің сайтында жарияланды.
Еуроодаққа мүше елдер арасында КВИ жұқтырған азаматтарының саны миллионнан асқан алғашқы ел – Испания. Билік қазір елде дерттің өршуінен тұтастай қалаларын жабуға мәжбүр. Соның ішінде Мадрид те бар. Наварра және Риоха өңірлеріндегі шекаралар екі аптаға жабылды. Каталонияда тәулік бойы істейтін дүкендер мен барлар жұмысы тоқтатылды. Елдің оқшауландырылған тұрғындарының жалпы саны 5 миллионнан асады. Соңғы тәуліктің өзінде елде 17 мың адамнан вирус анықталған. Францияда да COVID-19 жұқтырушылар саны миллион адамға таяп қалды. Дәрігерлер елдегі ауруханалардағы жүктеменің көптігін айтып дабыл қағуда.
Ұлыбританияда сенбіден бастап бір жарым млн адам тұратын Оңтүстік Йоркшир графтығы карантинге жабылады. Мұнда қонаққа баруға, ғимараттар ішінде іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Ал көшеде 6 адамнан артық жиналуға шектеу қойылды. Сонымен қатар кафелер мен ойын-сауық орындары да жабылмақ. Жағдайы осындай халге түскен Еурокеңес төтенше саммитін шақырып, инфекция­мен күрес бойынша ұжымдық шараларды талқыламақ. Саммит келесі аптада бейне конференция форматында өткізіледі.

ҚЫТАЙДА ҚОБАЛЖУ ЖОҚ

Әлем тәжвирустың екінші толқынынан әбігерге түсіп жатқанда, ауру ошағы болған Қытайда жайбарақат тірлік орнаған. Бұл көптің көңіліне күмән ұялатып, елдегі жағдайдың шынымен жақсы екеніне ешкім сене қоймаған. Дегенмен оны арнайы зерттеуге көшкендер қатаң тәртіп пен ұжымдық жауапкершілігі артқан Қытайдағы эпидемиологиялық ахуал расында тұрақты екеніне көз жеткізді. Тіпті бұл елде қазір өз ішінде ауру мүлдем тарамайтын болған. Келсе тек шетелге барып келгендерден бірге ере келуі мүмкін. ҚХР денсаулық сақтау және гигиена жөніндегі мемкомитетінің мәліметінше, 6 қазанда тек 12 вирус жұқтыру жағдайы тіркелсе, соның бәрі де шетелден келген. Елде көптен бері дерттен қайтыс болатындар тіркелмеді. Қазір Қытайда дертпен ауырып жатқан барлығы 200-ден астам адам ғана бар. Шектеулердің бәрі алынып, ел қалыпты тіршілігіне оралған. Дегенмен метролар мен қоғамдық көліктерде және мемлекеттік мекемелерде маскасыз жүруге болмайды, бұл тәртіпке бәрі бағынады. Қазір Қытайда жергілікті CanSino Biologics, Sinovac Biotech и Sinopharm компанияларының дертке қарсы вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің үшінші кезеңі басталды. Шілденің аяғынан бастап өмірлік маңызды кәсіпорындардың 100 мыңдаған жұмысшысына вакцина салынды. Жалпыға ортақ вакцина таяу күндері медициналық мекемелерге түседі.

ВАКЦИНА ЖЫРЫ БІТПЕДІ

Әлем халқы бар назарын салып, қауіпсіздігі мен коронавирусты жеңетініне үміттеніп отырған және сынақтың бастапқы кезеңдерінен өтіп қойған бірнеше вакцина бар. Солардың бірі ұлыбританиялық AstraZeneca компаниясы мен Оксфорд университеті өндірген вакцинадан бір ерікті көз жұмды деген ақпарат тарады. Мұны Бразилияның денсаулық сақтау саласындағы Anvisa ұлттық қадағалау агенттігі мәлімдеді. Бразилиялық 28 жастағы дәрігер шілде айында сынақтан өтіп, қыркүйекте ауырып, қазан айында қайтыс болды. Ол Рио-де-Жанейродағы жеке клиникада коронавируспен ауыратын науқастармен жан сақтау бөлімінде жұмыс істеген. Дегенмен Оксфорд университеті вакцинаның қауіпсіз екенін айтып отыр. Қазір вакциналарды сынау­дың халықаралық қауіпсіздігін бағалау комитеті оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Артынша бразилиялық БАҚ «халықаралық зерттеуге байланысы бар дереккөздерге» сілтеме жасап, COVID-19 асқынуынан қайтыс болған ерікті плацебо қабылдағанын хабарлады. Плацебо дегеніміз – препарат түрінде дайындалған, бірақ емдік қасиеттері жоқ зат. Яғни, ол сынақ кезінде вакцина емес, плацебо қабылдаған. Оксфордта вакцинаның қауіпсіз екені айтылып, оны сынақтан өткізу жалғасып жатыр.
Ал 23 қыркүйекте коронавирусқа қарсы вакцина сынағының үшінші кезеңін бастаған америкалық Johnson & Johnson компаниясы таяуда вакцина сынағы уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Себебі еріктілердің бірінде белгісіз ауру пайда болған. Компания вакцинаның алғашқы партиясы келесі жылдың басында болады деп күткен еді. Қазір дәрігерлер науқастың жағдайын тексеріп жатыр.
Ресейдің «Спутник-В» вакцинасына қатысты британдық және италиялық ғалымдар күмәнданса да, Қазақстан көрші елде жасалған сол вакцинаны таңдап отыр. ҚР Денсау­лық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, «СҚ-Фармация» компаниясы және Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қоры арасында жасалған меморандумда клиникалық зерттеулердің барлық сатысынан өткен жағдайда ғана аталған ресейлік вакцинаны басым түрде жеткізу туралы айтылған. Яғни меморандум – нақты келісімшарт емес. Ол клиникалық зерттеулердің барлық сатысынан өткен жағдайда ғана, вакциналарды талдау кезінде аталған вакцинаға басымдық бере отырып, қарастыруға кепілдік береді.
Осылайша сенімді вакцина шығаруда әлем елдерінен әзірге үміт аздау. Вакцинаны қашан, қалай жеткізе алатын мемлекеттер бары туралы нақты мәлімет жоқ. Көбі халықтың 20 пайызын вакцинамен қамту мүмкіндіктері барын алға тартып, әрі вакцинаның тиімділігі расталмастан алдын ала ақы сұрайды. Сондықтан өз вакцинамызға сенім арту тиімдірек секілді. Бүгінде отандық вакцинаны сынақтан өткізудің бірінші және екінші клиникалық сатылары соңына таяп келеді. Бұл ретте еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе ауқымды жұмыстар жүргізуде. ДСМ вакцина мәселесін кеңінен зерттеп, әлемдегі барлық клиникалық зерттеулерді зерделейтін арнайы жұмыс тобын құрған. Бақылау нәтижесінде әзірге белгілі болғаны – негізгі үміткер болып тұрған вакциналарды зерттеудің үшінші сатысы 2021 жылдың алғашқы тоқсанында ғана аяқталады.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button