Басты ақпарат

Дихан Қамзабекұлы: Елдік мүдде жоғары тұруы ләзім

Ескі жылға есеп берер, жаңа жылға жоспар құрар желтоқсан – қазақ үшін қастерлі ай. Осыдан тура 30 жыл бұрын еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялады. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған арайлы ақ таңы атты. 30 жылда ел егемендігін нығайта түсу үшін қыруар шаруа тындырылғанына уақыт куә. Осы бір елең-алаң шақта ел астанасының Арқаға қоныс тебуінің өзі қайталанбас тарихи оқиға болды. Айтулы мерекеге орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫМЕН әңгімелескен едік.

[smartslider3 slider=1536]

– Биыл еліміздің Тәуелсіз­дігіне 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік ұғымының сіз үшін маңызы қандай?

– Тәуелсіздік – біз үшін өте ыстық, аялы және аңсары ұмытылмастай қадірлі ұғым. Азаттық туралы біз әлі талай айтамыз. Өйткені біздің жаңарған елдігімізге көз алартып отырғандар, кеше бір Одақта болған көршілер де бар. Бірақ әлем жақсылыққа, үйлесімділікке ұмтылған кезде мұндай көзқарас аса ұят. Бір-бірімізді сыйлауымыз керек. Алаш зиялылары 1917 жылғы бағдарламасында «құрдас мемлекеттер» деп айтқан. Бұл – әлем мемлекеттері бір-бірімен терезесі тең болуы керек деген ұғым. Осыдан оншақты жыл бұрын университетімізге араб­тың бір ғалымы келді. Түрлі жағдай бойынша пікірлесіп, сұхбаттастық. Сонда оңаша шай ішіп, әңгімелесіп отырғанда, сол әріптес маған: «Сіздер неге тәуелсіздік деген сөзді көп айтасыздар?» деп сұрақ қойды. Мен өзімше түсіндіргендей болдым. Тәуелсіздіктің ұзақ жылғы арманымыз екенін, ұлтымыздың жартысынан көбін қырған кезеңдердің болғанын, еркіндігіміздің жоғынан сырттан бізді жат жұрттың билегенін, тығырыққа тіреп, тақырға отыр­ғызғанын айттым. Араб ғалымы ойланып қалды. Иә, біз тәуелсіз­дікті көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Тәуелсіздік – атқан таңдай, шұғылалы күндей, туған ата-анаңдай, ана тіліңдей қасиетті ұғым. Әрине, тәуелсіздіктің бірнеше баламасы бар. Әу баста егемендік (суверенитет) дегенді көп айттық. Шынында, бұл азаттығымыздың құлақ күйі еді. Кейбір түркі елдері «бағымсыздық», «мұстақылық» дейді. Бұл ұғымның бәрі нені талап етеді? Біріншіден, өз ісіңе, арманыңа, жоспарыңа тәуелсіз қарай алуың керек. Ел тұрғысынан алатын кезде елдің мүддесі, елдің арманы бірінші орынға шығуы қажет. Бүкіл атқарылатын тірлік, жобалар мен бағдарламалар осы тұрғыдан жасалуы тиіс. Тәуелсіздік дегеніміз – осы. Екіншіден, «анау не дейді, мынау қалай ойлайды?» деген субъективті көзқарастан біздің елдік мүдде жоғары тұруы ләзім. «Ел қалай ойлайды, елдің діттегені не?» деген сұраққа жауап беру маңыз­ды. Талай саламызды алып қарасақ, тәуелсіздіктің мүддесі кем түсіп жатқаны байқалады. Рас, елшіл қайраткерлер мемлекеттік құжаттарға, былайғы еңбектеріне осы мәселені ептеп қоса білген. Біз студенттермен жұмыс істегенде мемлекетшілдік мұратты негізге алуымыз керек. Бұл ұлтшылдыққа, шектеуге апармайды, мұның ар жағында өзіңді туған, өзіңді аялаған еліңнің мүддесін бірінші орынға қою жатыр. Тәуелсіздік туралы көп айтуға болады. Бір кезде хандық ордадан айырылып қалған Кенесарының, әлем көшінен қалмайық деп ізденген Алаштың арманы болса, сол Құдайдың құдіретімен қайтты. Бағымыз орнына келді. Арманымыз орындалды. Әрі қарай тәуелсіздікті мазмұнды ету – баршамыздың міндетіміз.

– Талай жыл ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек етіп келесіз. 30 жыл ішінде егемен елдің тәуелсіз ұрпағын тәрбиелей алдық па? Жастарға қарап қандай ой түйесіз?

– Жақында Тұңғыш ­Президент алқалы жиынның бірінде: «Тәуел­сіздік жылдары дүниеге келген жастардың саны 9,5 млн болды» деді. Олардың арманы, жаңа бағытта өмір сүруді ойлайтыны, жаңғыруды қалайтыны туралы да нақты айтылды. Бұл – керемет факт. Біз бұл шындықты сіңіре білуіміз, осы жөнінде ойлана жүруіміз керек. 9,5 миллион деген – халқымыздың тең жартысы. Еуропада «комплекс» деген ұғым бар, біздіңше қысылып-қымтырылу. Тәуелсіздік буыны, яки ұрпағы осы стереотиптен алшақ. Өйткені олар кешегідей идеологияландырылған жүйеде өмір сүрген жоқ. Әрине, кейінгі экономикалық қорқыныш олардың ойында тұр. Себебі олар ата-анасының қиналып, тиын-тебен табамын деп базар жағалап кеткенін көруі мүмкін. Бірақ осындай экономикалық дүниенің өзі кейбір адамды шынықтырады. Бай-бағлан болып өмір сүрсе, ешқандай қажеттілікті сезбесе, ол піспейді. Кез келген қиындықтың да берекесі болады. «Аштықтың тоқтығы болады» дегендей. Сондықтан 90-жылдардағы қиындық сол кезеңде дүниеге келген ұрпақты жөргегінде шынықтырды. Дегенмен сол шамада білім мен ғылым саласы құлдырап кетті. Жеуге нан таба алмағанда қаншама ғалым ғылым жолын тастады. Оны өз көзімізбен көрдік. Қазір біз дәріс оқысақ та, кітап жазсақ та, БАҚ арқылы ой айтсақ та бәрін тәуелсіздікпен байланыстырамыз. Ал осы дүниелер жастарға қалай жетіп жатыр? Мұны зерттеген адам аз. Айтылып жатқан, жазылып жүрген сындарлы ойлардың жастарға әсері қандай? Жоғары білім саласында жүргендіктен жастармен жиі сұхбаттасамыз. Жастардың беталысы жақсы. Олар ұлт, ұлттық мүдде, елдің арманы, кешегі трагедияларымыз туралы айтқан кезде тебіреніп кетеді. Біз оны сеземіз. Тіпті Желтоқсан көтерілісі жөнінде айтылғанда, олардың көзінен азаттықтың қадірін ұғынғанды аңғарамыз. Осындай тарих сабақтастығына қуанамыз. Міне, бұл – тәуелсіздік ұрпағын тәрбиелей алғанымыз. Бұл – ата-аналардың, мектептегі мұғалімнің, қоғамның еңбегі. Бізге сараптама жасай алатын, пікірін еркін жеткізе алатын жастар ауадай қажет. Бұйығы заман кетуі тиіс. Аз сөзбен көп іс тындыра алатын және сөзі мен ісі бір жерден шығатын жастарды көбейтуіміз керек. Жаттанды, ұраншыл, мақтампаздықтан арылуымыз қажет. Ол – кешегі күніміз. Бүгінгі жастар ел көруге, дамыған өркениетпен танысуға, иман байлығын жинауға жақын. Бұған қарап, әрине, қуанамыз. Сонымен қатар олардың ізденіс­те жүріп, адасып кетпеуін де қадағалауымыз керек.

Аз сөзбен көп іс тындыра алатын және сөзі мен ісі бір жерден шығатын жастарды көбейтуіміз керек. Жаттанды, ұраншыл, мақтампаздықтан арылуымыз қажет

– Осы күнге дейін біз Алаш қайраткерлерін толық танып біте алдық па, Алаш зиялылары уақыттан өздерінің лайықты бағаларын алды ма?

– Алаш – біздің ең бір арайлы кезеңіміз. Тарихымыздың биік белесі. Білім-ғылымға, ұлттық тұтастыққа шақырған, сол жолда барынша еңбек еткен, саяси амалдардың бәрін қосып, арайлы таңға ұмтылған тұлғалардың бәсі қашан да жоғары. 1990-2000 жылдары біз Алашты айтқанда, қоғамның біршама бөлігі білмей, түсінбей, тіпті қарсылық та білдіріп жататын. Сол кезде қатты қамығып, кейде көңіліміз босайтын. Сөйтсек, түсінік пен толысудың барлығы қоғамның дамуымен жүзеге асатын дүние екен. Кешегі идеология езіп тас­таған кезеңнің сарқыншақтары екен. Ол заман бірте-бірте кетті. Қазір барлығы Алаш идеясын түсінді. Алаштың көшбасшысы, биыл туғанына 155 жыл толған Әлихан Бөкейхан «Жұрт әділ болмай, жұрт ісі алға баспайды» деп тамаша ой айтқан. Әділдік қашан да жеңуі керек. Тәуелсіздіктің ең үлкен мақсаты – әділ қоғам орнату. Тәуелді болу – әділетсіз болу. «Бостандыққа апаратын жол – ұлттың ынтымағы ғана» дейді Әлихан. Міне, ынтымағымыз жарасса, сапамыз артса, біз алмайтын асу жоқ. Сондықтан қоғам толықтай Алаш зиялыларын танып білмесе де, негізгі бөлігі – көзі ашық зиялы қауым зиялылар жолын зерделеді. Алаш тұлғалары еңбектерінен дәйексөз алатындай дәрежеге жетті. «Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөздің өзінде мінез – қасиет, болмыс, ұстаным деген сөз. Әлиханның осы сөзін билік басындағы азаматтар айтып жүр. Алаш көсемінің 15 томдығы басылып, халыққа жетті. Оның ішінде қаншама дүние бар. Әлі де болса Алаш зиялыларының мұрасы түрлі форматта насихатталуы керек. Әрине, қазір Алаш қайраткерлері лайықты бағасын алды. Алғаннан кейін де үлкен мінберлерден айтылып жүр. Биыл Алаш зиялыларына елордамызда ескерткіш қойылды, басқа өңірлердегі мектептерге есімдері беріліп жатыр. Мұның барлығы – Алашты танудың баспалдағы. Әрі қарай соны ісімізге сіңіре білуіміз керек. Ахмет Байтұрсынұлы: «Адамға ең керек нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» дейді.

Жаңа астана ұғымы Алаштың кезеңінде байыпталған. Тіпті Ақмоланы астана ету мәселесі Әлихан Бөкейхан еңбегінде, 2011 жылы сүйегі Мәскеуден елордаға жеткізілген Смағұл Сәдуақасұлының жазбаларында қозғалған. «Қазақстан астанасына Ақмола лайықты. Өйткені Арқаның төсіндегі, шекараның өтіндегі елдіктің баяндылығына кепіл болатын, өндірістің дамуына мүмкіндік туғызатын аймақ осы жер орталық болуға лайықты» деген ой сол кезде айтылды. Елбасымыз 90-жылдардың ортасында осы ойды көтеріп, кешікпей жүзеге асырды. Бұл – Алаш арманының жалғасы. Сол кездегі «Қараөткел», «Арқа ажары», «Ақмола ақиқаты» сынды газеттер астананың Ақмолаға келуіне үлкен рухани ықпал етті. Ақмоланың, Астананың, одан кейін Нұр-Сұлтанның алаштануы – тәуелсіздік мұратымен байланысты дүние. Қазір елорда мектептеріне Алаш зиялыларының есімі беріле бастады. Көңіл қуанады. Қай мектепке барсаңыз да Алаш ұғымын жаңғыртудың белгісін көресіз. Ұлы даланың құндылықтарын жас ұрпақ санасына сіңірудің жолы осылай қалыпты жүйемен, ақылға сай, күштеусіз өтуі керек. Біз соны астанадан тәжірибесінен көріп отырмыз.

– Өткен жылы Абайдың, биыл Жамбылдың мерейтойын ел болып атап өтудеміз. Тұлғалар мұрасын ұлықтауда неге баса мән берген дұрыс?

– Былтырғы Абай жылы қоғамымызды серпілткен ерекше жыл болды. Президентіміз Қасым-­Жомарт Тоқаев жыл басталғаннан Абайға қатысты қадау-қадау мақалалар мен еңбектер жариялады. «Абай – ел дамуының, ел жаңғыруының басы. Абай – қазақты әлемге танытудың үлкен рухани күші» деген тұшымды ойлар айтты. Білім, руханият, мәдениет саласы осы идеялардың аясында жұмыс істеді. Бұл – білім саласында қызмет атқарып жүрген біз үшін үлкен қолдау. Сондай-ақ әл-Фарабидің 1150 жылдығын да жоғары деңгейде атап өттік. Ғұламаның көптеген еңбектері насихатталды. Биыл – қазақтың қайталанбас ақпа ақыны, айтыс өнеріне елдік серпін берген Жамбылдың мерейтойы. Кеңес заманы жыр алыбын өз идеологиясының жаршысы ретінде көрсеткісі келсе де, оның мұрасының арғы жағынан ұлт мұраты жарқырап көрінетін. Жамбылдың поэзиясында ақынның тазалығы, халықтың тағдыры тұр. Тәуелсіздіктің арқасында Жамбылды қайта жарыққа шығарып жатырмыз. Кезінде М.Әуезовтің «Абайдың діні – ақылдың діні» дегенін алға тартып, дана ақынды атеист қылғысы келгендер де болды. Сол сияқты ұрпаққа Жамбылды тар аяда көрсеткісі келгендер де бар. Ел боламыз десек, тұлғаларымызды қадірлей білуіміз керек. Олардың қай-қайсысы да – заманның тезінен қайнап шыққан, өз дәуірінің айнасы. Тұлғалардың еңбегі мен жүріп өткен жолына қарап өткен күндердің елесін, қуанышы мен қиындығын көреміз. Абай жылы Президент бастамасымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Жоба авторы – ректорымыз, тарихшы Ерлан Сыдықов. Қазірдің өзінде ғылыми орталық 40-қа жуық еңбек жариялады. Әрине, интеллектуалдық күшті бір жерге шоғырландыру оңай емес. Ұлттық ғылым академиясы бір кезде қоғамдық деңгейге дейін төмен түсті. Ғалымдар жоғары оқу орындарында сабақ беріп, ғылымға уақыт бөле алмай кетті. Қазір осы олқылықтардың орнын толтырып, ғылымға біршама көңіл бөлініп жатыр. Тәуелсіз, еркін ойлай алатын ғалымдарымызды алға шығаруымыз керек. Солардың күшімен ұлт ғылыми әлеуетін жалғай білуіміз қажет. Әлемдік ой бәсекесіне шығатын азаматтарымызды тани білуіміз тиіс. Абай академия­сының ғылыми мәні – осында.

Ақмоланың, Астананың, одан кейін Нұр-Сұлтанның алаштануы – тәуелсіздік мұратымен байланысты дүние.

– Бір сұхбатыңызда «Латын әліпбиіне көшуді соза бермеу қажет» дедіңіз. Жалпы латын әліпбиіне көшу тәуелсіз Қазақстан үшін қаншалықты маңызды?

– Әліпбиге байланысты айтыс жүрген ХХ ғасырдың 20-жылдары большевиктік-кеңестік идеология латынға басқаша қарады. Түркияның Ататүрік заманында жаппай латынға көшуі өркениет­ке бір табан жақын екенін көрсетіп, кеңес түріктерінің латынға көшуі сол бағыттағы жаңғыру деп алдау­сыратты. Шынында, большевизм латынды кириллицаға апаратын «уақытша баспалдақ» ретінде қарады. Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлт зиялыларының латынға қарсы болуы «тәуелсіздікті сақтап қалудың» бір жолы еді. Ақаң қаншама тәсілмен төте жазуды қорғады. Біздің генетикалық кодымыздың төте жазумен байланысты екенін Ресейдегі, түркі әлеміндегі үлкен жиналыстарда дәлелдеді. Мұның зор тарихи астары бар. Ал бүгінгі латынға көшуіміздің жөні басқа. Қазіргі латын әліпбиіне көшуімізге Ақаңның төл жазуымызды қорғаған ұстанымын байыптағандай қарауға болады. Біз кириллицаның, сонымен бірге келген ана тілінің табиғи заңдылығын ескермеудің зардабын едәуір тарттық. Генетика ғылымы жүйе­сімен қарасақ, Семей жеріндегі қаншама ядролық жарылыстан кейін үш ұрпақ алмасқанда, адам ағзасын табиғаттың өзі тазалап жазады екен. Яғни Құдайдың әділдігіне талас жоқ. Сол сияқты тіл дыбыстарын таңбалауда өрескел бұрмаланған сәттер, заңдылықтар, ережелер қайта қалпына келіп жатыр. Біздің фонетикамыз бен грамматикамыздың табиғи, ғылыми арнаға түсуіне латынға көшу оң ықпалын тигізеді. Сондықтан осы бастаманы қолдаймыз. Бұл – халқымыздың рухани жаңғыруының жаңа кезеңі. Әрине, тілге қатысты таластың жүргені дұрыс. Бізде түрлі ғылыми мектептің өкілі бар. Жан-жақтан ой айтып, ақылдасып, бір пікірге келіп жатырмыз. Алдағы 2022 жыл латынға байланысты мемлекеттік ұстанымымыздың нақтыланатын кезеңі болмақ.

Мен осы сұхбатты Абай ғұламаның тәлімі мол мына сөзімен аяқтағым келеді: «Адам ақылдының сөзін ұғарлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтан азады». Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Еліміз ұрпақтар сабақтастығы аясында биіктерді бағындыра берсін. Жүрегімізде елдік парасатты ұғатын қайрат пен байлаулылық берік болғай!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button