SportЖаңалықтар

«Достық кубогын» сарапқа салды

Кеше Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Қазақстандық полиция күні мен Мемлекеттік қызметкерлер күні мерекелеріне орай елорда әкімдігі және қалалық Ішкі істер департаменті командалары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Ойын алдында Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы Амантай Әубәкіров жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, кездесуге қатысушыларға сәттілік тіледі.

футбол

Осы ойында «Достық кубогы» сарапқа салынды. Былтыр аталмыш кубокты иелену үшін бұл екі команда жасыл алаңда алғаш рет кездесіп, 2:2 есебімен тең тарқасты. Ал биылғы кездесуде кубок өз иегерін тапты.

Ойын басталғанда қызыл жейде киген қалалық әкімдік командасының күші басым көрінген. Алайда, бірінші таймның соңына қарай ақ жейделі Ішкі істер департаменті жігіттері азулы қарсылас екенін танытып, қарсылас команда қақпасының алдында бірнеше қауіпті сәтті тудырды. Дегенмен, алғашқы таймда есеп ашылмай, ойыншылар демалысқа бейбіт тарқасты.

Екінші таймда полиция қызметкерлері әкімдік командасының қақпасына лап қойды. Ол өз нәтижесін берді. №11 ойыншы ІІД-нің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Берік Тәшмағамбетов есепті ашып, команда жанкүйерлерін қуантты. Артынша оның командаласы Алтай Сәрсенов есепті еселеді. Осылайша 2:0 есебімен жеңген қалалық Ішкі істер департаменті командасы кубок иегері атанды.

футбол3

Жолдастық кездесудің қорытындысында үздік ойыншылар да анықталып, оларға арнайы жүлделер табысталды. Астана қаласының ІІД Жедел басқару орталығының бөлім бастығы Жеңіс Бектаев – «Үздік қақпашы», оқу-жаттығу ротасы командирінің орынбасары Ардақ Амантаев – «Үздік қорғаушы», Тергеу басқармасының бөлім бастығы Серік Ибраев – «Үздік шабуылшы», №8 БЖСМ директоры Ербол Кошанов «Үздік ойыншы» атанды. Кубокты және үздік ойыншыларға жүлделерді Жоғарғы спорттық шеберлік мамандандырылған мектебінің директоры Рустам Калин тапсырды

Таймдардың арасындағы үзілісте қолданбалы спорт түрлерінен алты кезеңнен тұрған полицейлік эстафета өткізілді. Бұл жарыста әртүрлі тапсырманы жедел орындаған қалалық Ішкі істер департаменті аппаратының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Алматы ауданының Ішкі істер басқармасы, ал үшінші орынды Сарыарқа ауданының Ішкі істер басқармасы алды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button