Мәдениет

Дүлдүл Димаш

Биыл өзінің әсем дауысын, тума талантын, ерекше көркемдігін көрсетіп, тап-таза, мөп-мөлдір өнерді паш етіп жүрген Димаштың айы оңынан туды. Бұл жылы жұлдызы жарқырап, аты әлемге әйгілі болған жас қыран миллиардтарды шын мәнінде мойындатты. Жас болса да мемлекеттік масштабтағы салтанатты концерттер мен ән кештерінен көрініп жүретін талант Қытайдың Чанша қаласында өткен «I am а Singer-2017» байқауында әлемді аузына қаратты.

 

Өнердегі кеңістікте шекара болмайды. Осы байқаудан кейін Димаш Құдайбергеннің есімі елінің абыройына жұмыс жасай бастады. Қазақ қатты қуанды. Шабысты жүйрік атты сейілтер белдеуде, жабу астында тұрғанда таниды. Көздері көріп, көңілдеріне түйгенін әлемдік деңгейдегі өнер майталмандары да, қазақтың қабырғалы қайраткерлері де жасырып қалған жоқ. Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева да «Мен – әншімін!» додасының финалына барып, Димашқа қолдау білдірді. Оның ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысына Лара Фабиан мен атақты Джеки Чанның өзі таңдай қақты. Тіпті, қазақ баласы танымал голливуд фильмінің саундтрегін де орындады. Осы жеңістің құрметіне Димаштың суреті Шанхай (Shanghai Bund) және Нью-Йорк қалаларындағы (Times Square) LED экранға шықты. Міне, мықтылық!
Мықтылық дегеннен шығады, Димаш өзгелердің ығына жығылмай, өз ұлтының намысын биік ұстаумен болды. Қытайда тұрмын демеді, тек қазақша сөйледі. Қазақтың әнін айтты. Домбыра тартты. Ұлттық киімін паш етті. Бұрын-соңды мұндай марапатқа, ықыласқа бөленген әнші болды ма бізде?
Қытай еліндегі ең үздік музыкалық байқаулардың бірі, сондай-ақ, «Хунань ТВ» арнасының ең танымал музыкалық шоуы саналатын сайыста Димаш Орталық Азия­дан қатысқан алғашқы әнші болды. Димаштың даңқын асқақ­татқан бұл байқауда ол үнемі үздіктердің қатарынан көрінді. Димаштың тамаша дауысы мен әрбір әні әр кезеңді тамашалауға келген жанкүйерлердің таңдайын қақтырды.
Димаш бұдан кейін «Азия­ның ең танымал әншісі», «Халықаралық дәрежедегі танымал әнші», «Жылдың ең танымал әншісі», «Жылдың үздік ер әншісі», «Азияның ең танымал шетелдік әншісі» және «Шетелдің ең танымал әншісі» жүлделерін де жеңіп алды. Ал жақында ғана «Golden mango melody awards» марапатында жылдың үздік танымал әншісі атанды. Талай қазақтың жүрегін селт еткізіп, көзіне қуаныштың көз жасын әкелген қаршадай баланы жақсы көрмей көр сосын.
Ол өзінің нәп-нәзік жүрегінің сырын өнердің мейрамына айналдыра білді. Мыңнан бірге берілген, Димаштың маңдайына жазылған бақ бұл!
Бұл – әлем алдындағы қазақтың жеңісі!

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button