Тағзым

Өттің, дүние…

Өтіп бара жатқан жыл қазақ жұртында жан жадырататын жақсы жаңалықтар аз болған жоқ. Сонымен бірге, көңілге кірбің түсіретін оқиғалар да кездес­ті. Уақыттың осы бедерлі белесінде еліміздің бірқатар белді азаматтары бұл өмірдегі сапарларын аяқтап, бақилыққа аттанып кетті.

Диірменнің тасындай шыр айналған дүние осылайша бұл жалғандағы дәм-тұздары тау­­сылған пенделерді жолай шығыршықтың бойынан шығарып тас­тап жатады. Өйткені бұл – өмір. Әйгілі Шал ақын «Алладан шыны­менен жарлық келсе, жұлдыз да жерге түсер аспандағы» деп жыр­ла­ғандай, фәнимен қош­­тасу рәсімі оларға осы белес бедеріне сәйкес келіпті. Қазір жыл мен жыл алмасып жатқан шақ­та бұл кісілерді тағы бір еске алып, рухтарына бас ие кеткеннің артықтығы болмас.

Қарашаның 26-сында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-жазушы Мұзафар Әлімбаев 94 жасында дүние салды. Ол Ұлы Отан соғысына қатысушы қазақ қаламгерлерінің қатарынан еді. Мұзағаңды қалың оқырман 1960 жылы жаңа қанат қаққан «Балдырған» журналын өз қолымен құрып, оны редактор ретінде табаны күректей 25 жыл басқарған қайраткер ретінде де жақсы біледі. Балалар әдебиетіне орасан зор еңбек сіңіріп, оның тұтас бір галереясын жасаған жазушы өзін халқымыздың мақал-мәтелдерін жинаушы ретінде де танытты. Бауырлас халықтардың бірқатар жазушысының шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Оның қаламынан бірнеше поэма да туды. Халық арасына кең тараған бірнеше әнге мәтін де жазды.

Танымал актер, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Владимир Толоконников 74 жасында 15 шілдеде жантәсілім етті. 1972 жылы Ярославль театр училищесін бітірген ол 1973 жылдан Алматыдағы Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері болды. Осы жылдарда Владимир Алексеевич театр сахнасында қойылған көптеген спектакльдерге қатысты. Көрермен көпшілік оны «Иттің жүрегі» фильмі мен «Тоғысқан тағ­дыр­лар» телехикаясы арқылы жақсы біледі.

Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қараманов 25 қыркүйекте 80 жасында қайтпас сапарға аттанды. Бұл кісі тарихта Қазақстан Үкіметінің екі кезеңдегі басшысы ретінде қалды. Бұлай дейтініміз, 1989-1991 жылдары ол Үкіметті алдымен Министрлер Кеңесінің төрағасы, сосын Премьер-министрі лауазымында басқарды. Куйбышев құрылыс инс­титутын бітірген ол еңбек жолын қатардағы прорабтан бастап, Мемлекеттік жабдықтау комитетінің төрағасы қыз­метіне дейін өсті. Премьерлікке осы қызметінен келді.

Жазушы, сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, абайтанушы Төкен Ибрагимов 24 қараша күні 79-ға қараған шағында ба­қилық болды. Жұртшылыққа ұлы Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайлы зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танымал қаламгер өзінің еңбек жолын қарапайым ауыл жұмысшысы болып бастап, ауыл мектебінде тәрбиеші, қазақ тілі мен әдебиет және тарих пәндерінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етіп, 1969-1976 жылдары Семей облыстық теледидарында әдебиет-драма, музыкалық ақпараттар редакциясының редакторы, аға редакторы қызметтерін атқарды. 1976 жылдың 12 сәуірінен Абай қорық мұражайының шырақшысы болып, осы музейге зейнет демалысына шыққанша басшылық жасады. Бірқатар кітаптың авторы. Оған 1996 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер» атағы беріліп, 1998 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Қыркүйектің 9-ы күні бауыры суық қара жер белгілі театр режиссері, театр педагогы, профессор, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Жанат Хаджиевті 68 жасында алып кетті. Ол Торғай және Жезқазған облыстық драма театрларында, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер болды. Ал 2000 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиеледі.

Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, атақты механизатор Кәмшат Дөненбаевамен ел-жұрты қарашаның 9-ында мәңгілікке қош­тас­ты. Тұтас бір дә­уірдің еңбек саласындағы бетке ұстар тұлғасы болған ардагер бұл кезде 74 жас­тан енді ғана асып бара жатыр еді. Ол 1980-1985 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. Ол өмір бойы өзі туып-өскен Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының Ленин кеңшарында еңбек етті, зейнетке шығар алдында осы кеңшарды да басқарды.

Желтоқсанның 15-і күні аты аңызға айналған футболшы, қазақ спортының мақтанышы Тимур Сегізбаев 76 жасында қайтыс болды. Қазақ футболшылары арасынан «КСРО спорт шебері» деген атаққа бірінші болып қол жеткізген ол ойыншылық кезеңін бір ғана командаға – Алматының «Қайратына» арнады. Оның бұдан кейінгі жаттықтырушылық кезеңі де табысты өтті. Соның ішінде Йеменде үш жыл бапкер болған жылдары да айрықша аталады. Тимур Санжарұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республика футбол федерациясы басшыларының бірі болды.

Кәнігі журналист, жазушы, ақын, профессор, еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын 2 мамыр күні 80 жасында жарық дүниемен қош айтысты. Жамбыл облысының құрметті азаматы. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі мен Парламентінің депутаты болды. Бұған дейін он жылдан астам уақыт Жамбыл облыстық «Ақ жол» («Еңбек туы») газетіне басшылық жасады. Бірнеше кітаптың авторы. Парсы әдебиетінің классигі Омар Хайямның рубаяттарын аударды. Өзі де осы үлгімен «Мың түрлі ой» атты төрттағандар жазды.

Желтоқсанның 16-сы күні майталман кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреа­ты Құман Тастан­беков 72 жасында өмірден өтті. Ол 1969 жылдан бері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық драма театрында қызмет етіп келді.

Биыл әріптестеріміз – журналистер арасында да орны толмас қазалар орын алды. Белгілі журналис­тер Геннадий Бендицкий мен Рахат Мамырбек дүниеден озды.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button