Елорда тынысы

Елорда бюджеті нақтыланды

Қалалық мәслихатта Ерлан Каналимовтың төрағалық етуімен жетінші шақырылған Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті.

Қаланың сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау мәселелері бойынша Астана қаласы мәслихатының сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау жөніндегі уақытша комиссиясының төрайымы Алтыншаш Табулдина сөз сөйледі.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 10-бабына сәйкес 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі 2 округтік сайлау комиссиясын құрды.

Қалалық сайлау комиссиясының шешімімен Астана қаласы мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 17 округтік сайлау комиссиясы құрылды. Сонымен қатар, қалалық сайлау комиссиясы қайтадан учаскелік сайлау комиссиясын құрды. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 494 мүшесі олардың өтініштері негізінде міндеттерінен босатылды. Сайлау комиссиялары мүшелерінің жалпы саны депутаттар сайлауы тиіс 619 адам.

Қалалық мәслихаттың уақытша комиссиясы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныс­тары негізінде округтік, аумақтық және учаскелік комиссиялардың мүшелерін, оның ішінде шығып қалғандардың орнына құрылған бос орындарға сайлау бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Уақытша комиссия тексерулер мен ұсынылған құжаттардың нәтижелерін алғаннан кейін ұсынылған кандидатуралар қатарынан сайлау комиссиялары құрамдарының жобаларын жасады.

Кезектен тыс сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселе – 2023-2025 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау. Бұл ретте қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты денсаулық сақтау саласында №5, №8, №14, №11, №15 емханаларды күрделі жөндеу­ді аяқтауға қосымша шығыстар көзделгенін атап өтті. Ал білім беру саласында мектептерді ағымдағы жөндеуге; педагогтардың жалақысын арттыруға; дамуында ауытқулары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуға және әлеуметтік бейімдеуге; мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеуге; мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыруға қатысты мәселелер қарастырылды. Сондай-ақ қаржыландыру мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмекке; жеке көмекшінің қызметтерін қамтамасыз етуге және т.б. көзделген.

Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Владислав Сергеев бюджет жобасында көптеген маңызды әлеуметтік мәселелер көрсетілгенін атап өтті.

Өткен жылы №1 қалалық балалар ауруханасына барған кезде халық қалаулылары қабылдау бөлмесінің жағдайын көздерімен көрген болатын. Еш сын көтермейтін бұл мәселені депутат кейінге қалдырмай, тез арада шешуді ұсынды.

Мәслихат төрағасы Ерлан ­Каналимов бұл ұсынысты қолдады және оның пікірінше, ағымдағы жөндеу аясында 300-400 шаршы метрге қабылдау бөлмесінің құрылысын жоспарлау қажет. Себебі үш жедел жәрдем бригадасы бір уақытта жұмыс істегенде, бұл аурухананың қабылдау бөлмесінде бұрылу мүмкін емес.

Депутаттар денсаулық сақтау нысандарына, оның ішінде 15 жыл бойы жөнделмеген №4 емхана ғимаратына барғанын атап өткен Е.Каналимов балалар бөлімі туралы мәселелердің құжаттарға енбегенін ескертті. Сондықтан, балалар бөліміне аз да болса қаржы қарастыруды ұсынды.

«Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланыс­ты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе бойынша қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов сөз сөйледі. Ол салынып жатқан көшелер, мектептер, сумен жабдықтау желілері, скверлер мен бульварлар кіретін 13 әлеуметтік нысанның тізімін ұсынды.

Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмаз Жаңбыршы «Астана қаласы мәслихатының 2018 жылғы 24 қыркүйектегі «Астана қаласы аумағының қала құрылысы регламентін бекіту туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы» мәселе бойынша баяндама жасады. Қала құрылысы регламентінің 3 кезеңі әзірленді. Бұл құжат аудан әкімдігіне елорданың келбетін дұрыс қалыптастыруға, әрлеуді, түс шешімін, жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған материалдарды және т.б. таңдауға көмектеседі. Е.Каналимов осы мәселені шешу үшін мемлекеттік органдардың өкілеттіктерінің шекараларын анықтауды ұсынды, осыған байланысты мәселені шұғыл түрде шешіп, іске асыру тетігін ұсыну қажет. Жоба ұзақ мерзімді, кем дегенде 5-10 жыл уақыт керек.

Астана қаласы әкімнің орынбасары Нұрлан Солтамбеков өкілеттіктерді анықтап қана қоймай, жосықсыз жарнама берушілерге қатысты қандай шаралар қолдану керектігін де атап өтті. Елорда басшысы қалада кездейсоқ орналастырылған сауда павильондарының, жарнамалық тасығыштардың сыртқы түрі бойынша ескертулер жасады.

Депутат Айтқожин елорданың сыртқы келбетін бақылауды қамтамасыз ету қажеттігі туралы мәселе бойынша әріптестеріне қолдау көрсетті. Сондай-ақ қала тұрғындары бұл мәселемен және сауда павильондарында қарапайым жағдайларды қамтамасыз ету мәселесімен айналысады.

Депутат Сергеев мерзімдерді белгілеп, тәртіп орнатуды ұсынды. Ол үшін жұмыс тобын құрып, ережелерді әзірлеуге кірісу керек.

Сессияның күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша қала мәслихатының шешімдері қабылданды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button