Елорда тынысы

Елорда бюджеті: неге басымдық берілді?

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимовтың төрағалығымен өткен мәслихаттың кезектен тыс сессиясында елорданың 2022-2024 жылдарға арналған бюджетіне енген өзгерістер бекітілді. Қала әкімі Алтай Көлгінов қатысқан жиында бұл өзгерістермен қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды.

[smartslider3 slider=3754]

– Мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерін орындау басымдылығын негізге ала отырып, әлеуметтік саланы қаржыландыру мәселелері ерекше тәртіппен қаралады. Әлеуметтік салаға шамамен 21,4 миллиард теңге бағытталды. Бұл бюджеттік сала кәсіпорындары мен ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, Қарттар күніне орай әлеуметтік көмек алушылар санының өсуіне, жеке көмекшінің және инватакси қызметтерін көрсетуге бөлінді, – деді Қ.Маңқараев.

Оның айтуынша, бұдан басқа гранттар беру арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, әлеу­меттік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру үшін қаражат жоспарланды.

Денсаулық сақтау саласына да қаржы бөлініп отыр. Соның ішінде ангиограф пен дәрілік заттарды сатып алуға, дербес жылыту бойынша шығыстарды төлеуге, медицина нысандарын күрделі жөндеуге бөлінеді.

Ал білім саласында педагогтардың еңбекақы қорына, оқулықтарды сатып алуға, жоғары оқу орындарында 1200 орындық педагогикалық және медициналық мамандықтарды оқытуға мемлекеттік тапсырыс қарастырылды.

– Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар бойынша қосымша қаржыландыруға, аула клубтарын жабдықтауға, мәдениет және спорт кәсіпорындарын ұстауға және күрделі шығыс­тарды қаражат қарастырылды, – деді баяндамашы.

Оның сөзінше, қаржының едәуір бөлігі қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге, инфрақұрылымды нығайтуға, жол-көлік желісін күтіп ұстауға және дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, көлік инфрақұрылымын дамыту саласында қала көшелерінің құрылысын аяқтауға және жолаушылар тасымалын субсидиялауға қаржы бөлінеді.

Ал құрылыс саласында тұрғын үйлер мен мектептердің құрылысын жалғастыруға, әлеуметтік нысандарға инфра­құрылым тартуды аяқтауға және 2021 жылы коммуналдық тұрғын үй қорына сатып алынған пәтерлердің берешегін өтеуге қаражат қарастырылды.

– Жылу-энергетикалық жүйені дамытуға, «Оңтүстік-Шығыс» газ қазандығының құрылысын бастауға қаражат қарастырылды. «Қорғалжын» және «Тельман» тасжолы ауданында инженерлік инфра­құрылымы бар газ қазандығын жобалауға, 2-ЖЭО-ны қайта жаңғыртуға, табиғи газ бен көмір мен мазутты бірге жағу үшін стансаішілік газ бөлуді жайластыру жұмыстарын жалғастыруға, «Промышленный», «Кирпичный», «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алаптарында сумен жабдықтау, су бұру және нөсер кәріздері желілерін салуды жобалауды жалғастыруға қаражат қарастырылды, – деді Қ.Маңқараев.

Аудандардың әкімдіктері көшелерді ағымдағы ұстау, аулаларды санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын жалғастырады. Полиция департаментіне жалақыны көтеруге, коммуналдық қыз­меттерге және тұрғын үй төлемдерін төлеуге қосымша қаражат көзделді.

– Осылайша енгізілетін өзгерістерді ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған нақтыланған бюджетінің көлемі 885 миллиард 234 миллион теңгені құрайтын болады. Оның ішінде меншікті кірістер бойынша түсімдер – 552 миллиард 862 миллион теңге, республикалық бюджеттен трансферттер түсімі – 236 миллиард 927 миллион теңге. Бұл өзгерістер елорданың нақты қажеттіліктерін, Мемлекет басшысының тапсырмаларын, стратегия­лық және бағдарламалық құжаттарды ескере отырып теңестірілді. Бюджетті алдын ала қарау кезінде мәслихат депутаттарының ескертулері мен ұсыныстары ескерілді, – деді Қ.Маңқараев.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button