Басты ақпаратТуризм

Елорда іргесіндегі Бурабай: бүгіні мен болашағы

Ресми дерекке сүйенсек, еліміздегі туристік компаниялардың 90 пайызға жуығы сыртқы туризмді насихаттайды екен. Енді мемлекет тарапынан ішкі туризмді дамытуға көңіл бөліне бастады. Оған Бурабайда туризмді дамыту жобаларын таныстыруға арналған баспасөз турында көзіміз жетті. Алдағы уақытта Бурабай аймағы қалай түрленбек? Қандай сауықтыру орталықтары бой көтереді? Шынында, онда демалу Түркиямен салыстырғанда қымбат па? Ашық аспан аясында өткен шара кезінде бұл сұрақтарға Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің өзі жауап берді.

Демалуға келетін кімдер?

Бурабайға бара жатқанда таудың үстіндегі «BURABAY» жазуы алыстан әйбат көрінді. Тура Калифорниядағы белгілі HOLLYWOOD жазуындай. Алып әріптер Щучинск қаласындағы телемұнараның жанындағы тауға орнатылған. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалидің айтуынша, жалпы ұзындығы – 60 метр, биіктігі 14 метрді құрайтын әріптер түнде түрлі-түсті болып жанады екен.
Сонымен, Президент Бурабайға қатысты нақты тапсырма бергені белгілі. Бірінші, отандық және шетелдік туристердің санын көбейту болса, екіншіден, қызмет көрсету сапасын арттырып, сәйкесінше бағасын түсіруді міндеттеді. Өзін облыс әкімімен қатар, Щучье­-Бурабай курортының басты PR менеджері ретінде таныстырған Мәлік Мырзалин өткен жылы аймаққа 1 миллионнан астам турист келгенін айтты. Демалуға келушілердің көбі өзіміздің және Ресей азаматтары екен. Біздің бар көрген-білгеніміз бір ғана Бурабай болғандықтан, облыстың турис­тік кластеріне жалпы жеті жүзден астам нысан кіретіні таңғалдырды. Оның ішінде куророттық мекемелер, ұлттық табиғи парктер, ұлттық қорық және мәдени ескерткіштер бар.

Он жыл соғылған трамплин

Алдымен Астананың жиырма жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген әлемдік деңгейдегі шаңғы базасына жолымыз түсті. Мұнда Көкшетау, Павлодар облыстарынан келген спорт мектептерінің шәкірттері дайындық жүргізуде. Нысанның техникалық және технологиялық жабдықталуы халықаралық стандартқа сай. Көрермендерге арналған трибуналар, бассейндері бар спортзалдар, төрешілер павильоны, заманауи телетүсірілім бөлмелері, дәрігерлік орталық, әкімшілік ғимарат, 187 орынға лайықталған қонақ үй де бар. Облыс әкімі бұл нысанның елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына ықпал ететінін, шаңғы жарысы мен биатлоннан жаттығулар, жарыстар өткізуге үлкен мүмкіндік беретінін алға тартты. «Бұдан былай біздің елде шаңғы жарысы, биатлон, шаңғы роллер спорты болсын, халықаралық дәрежедегі жарыстарды өткізуге болады. Бүгінгі таңда алыс жақын шетелдердегі спортшылар осы шаңғы базасында өздерінің оқу- дайындық жиындарын өткізуге қызығушылық танытып отыр» деді ол. Нысанның ашылу салтанатында Елбасының өзі «Қазақстанның жері әншейін жатқан дала емес, неше түрлі керемет демалатын жерлер бар екенін көрсетейік. Оның үстіне Астана іргесіндегі Бурабайда алуан түрлі шаралар өткізілетін болады. Турис­тік жерлерді көбейтіп, бағасын қолжетімді етіп қою керек. Туристердің санын үш миллионнан он миллионға арттыратын болсақ, одан түсетін қаржы 8 пайызға артады» дегені есімізде.

Жағажай, аллея, аквапарк…

Трамплинді тамашалаған соң, облыс әкімі журналис­терді ертіп, орталық алаңға қарай аяңдады. Жолшыбай Бурабайдың мәселелерімен таныстырып келеді. «Әрине, бізде де шешілмеген мәселе бар. Оны өзіміз жақсы білеміз» деді әкім. Оның айтуынша, Бурабай кентінде аумағы 14 гектарды алатын жаңа ықшам ауданның құрылысы басталыпты. Бізге кенттің орталық алаңы мен көшелеріндегі аяқталған жөндеу жұмыстарын көрсетті. Жаңадан екі аллея салынып, қалдықтарды сұрыптайтын заманауи контейнерлер мен орталық көшелердің бәріне жаңадан жол белгілері қойылыпты. Осының нәтижесінде оқыс оқиғалар айтарылықтай азайған.
Орталық алаңнан соң, туристік алаңға қарай беттедік. Онда өлкетану және табиғат музейі, хайуа­наттар саябағы, кәдесый дүкендері, ойын-сауық орталықтары шоғырланған. Бұл жердегі хайуанаттар саябағын болашақта сафари-саябаққа айналдыру мақсатында кеңейту жоспарланған көрінеді.
Мәлік Мырзалин көл жағасындағы проблемаларды да сөз етті. Көркейту үшін ағылшын инвесторлары 10 су сырғанағы бар үсті жабық аквасаябақ салуда. Құны – 200 млн теңге. Жоба 2019 жылы аяқталуы тиіс. Әрине, инвесторлармен келісім қиынға соққан екен. Өйткені олар ашық аспан астындағы саябақ салғысы келеді. Ал турис­тер үшін тек маусымдық кезде емес, аквасаябақтың жыл бойы жұмыс істегені тиімді. Жалпы, көл жағасында тегін және ақылы жағажайлар бар. Бағасы 500 теңгеден басталып, қызмет көрсету түріне байланысты көбейе береді.

Бөлектау биігіндегі сұхбат

Әкім журналистерге серуен ретінде Бөлектаудың ең биік жеріне шығуды ұсынды. Әрине, тауға шығу қалам иелеріне оңайға соқпады. Әр жерге бір тоқтап, шаршап-шалдығып жеткенде әкім журналис­терді жоғарыдан күтіп алды. Елден бұрын жылдам жеткеніне қарап, әкім апта сайын тауға шығатын шығар деп ойладық. Бөлектаудың басындағы сұлулықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алланың қазаққа берген байлығына тамсанып болғаннан кейін, әкім туризмді дамытудың басқа да жобалары туралы айта бастады.
«Алда жүзеге асатын жобалардың бірі – Бөлектау тауының маңайында тұрғызылатын 233 гектар аумақты қамтитын бірнеше нысан. Ол – спорт және сауықтыру орталықтары, отбасылық қонақүйлер, аквасаябақ, сырғанау алаңдары және тағы басқалар. Бүгінде аталған жобалардың инженерлік инфрақұрылымдары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Екінші үлкен жоба –Щучье көлінің жағасында, Rixos Borovoe қонақүйінің жанынан коттедждер қалашығын тұрғызу. Жақын арада қалашық құрылысы басталады. Тағы бір жоба – Бурабай кентіндегі жаңа мешіт пен 14 гектар жерді қамтитын көпбейінді кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Бурабай кентінен бастау алатын кешен көлге дейін жалғасады. Аталған құрылыс нысандары – Үкімет пен Мәдениет және спорт министрлігінің туризмді дамытуда бірлесіп қолға алған жобалары. Сонымен қатар, Ақылбай көлінде ат спорты және Көкшетаудың солтүстік жақ бетінде таудан сырғанау кешендері бой көтермек. Қазіргі уақытта алдыңғы қатарлы компаниялармен жұмыстар жүргізілді. Алдымен таудан сырғанаудың әртүрлі деңгейі бойынша ұзындығы 5 шақырым жерді алатын 14 таудан түсу құрылғысы салынатын болады» деді облыс әкімі Мәлік Мырзалин.


Қалауыңыз қай жер: Бурабай немесе Анталья

Бурабайдан гөрі Түрік еліне барып демалған әлдеқайда арзан. Жұрттың көбі осындай пікірді жиі айтатыны рас. «Бурабай шынымен шетелден қымбат па?» деген сауал әкімге төтесінен қойылды. Мәлік Мырзалин бұл сауал бүгінгі күнге дейін Ақмола облысы әкімдеріне үнемі қойылатынын айтып, жымиды.
«Қазір жағдай қалыпқа түсті. Бүгінгі күнге дейін Бурабай шипажайында ешқандай бәсекелестік болмады. Адамдар жылына бір рет, яғни жаз бойы ғана жұмыс істеп, жылдық табыс тапқысы келді. Бұл айналып келгенде, бағаның өсуіне әкеледі. Біздің мақсат – жыл бойғы қызметті дамыту. Бұл тұрғыда инвесторлар тартылып, жаңадан инфрақұрылымдар қолға алынды. Жыл бойы жұмыс істейтін қонақүйлер салынуда. Әрине, олардың қызмет сапасы мен бағасы реттелетін болады. Ал осыған дейін жұмыс істеп келген қонақүйлер бәсекеге қабілетті әрі қолжетімді қызмет көрсетіп, бағаны түсіруі керек» дейді облыс әкімі.
Белгілі болғандай, Бурабайдағы қонақүйлерді санатына қарай стандарттау мәселесі қолға алынған. Мұнда Four seasons бағдарламасы бойынша ай сайын үш-төрт шара ұйымдас­тырылады. Туристер үшін спорттық, мәдени, ойын-сауық бағдарламалары бар. Әрине, бұл мәселенің бәрін кешенді түрде шешу керек. Сондықтан әкімдік Burabay PASS туристерге арналған карта жобасын іске қосыпты. Ол жүйе бойынша ұнатқан қонақүйіңізді брондап, алдын ала төлем жасайсыз. Сосын қолыңызға кешенді карта беріледі.
«Осы картаның ішінде бәрі қарастырылған. Яғни, ақшаңызды елу пайызға дейін үнемдеуге болады. Бұл – өте қолжетімді баға. Содан кейін ғана Бурабайда немесе Түркияда демалған қаншалықты арзанырақ түсетінін салыстыра аласыз» деді Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин.

Әжетхана да маңызды

Қазақстанның қай өңіріне жол тартсаңыз да, жол бойындағы әжетханалардың жайы сын көтермейді. Мәселен, осы жазда Алакөлдің Жарбұлақ жақтағы жағасына жолымыз түскен еді. Автобус аялдаған екі жердің де дәретханасы адам айтса нанғысыз жағдайда болды. Тегін әжетхана түгілі, ақылы әжетхананың өзіне кіру мүмкін емес. Құлағалы тұрған әжетхананың не есігі не төбесі жоқ. Басқа амал жоқ. Автобустың қырыққа жуық жолаушысы жалғыз дәретхананың кезегінде тұрды. Туризмді дамыту үшін тым болмаса жол бойындағы әжетханаларды ретке келтірген жөн-ау. Ал Бурабайға барар жолда бұл мәселе толығымен шешімін тапқаны қуантты. «Жұрттың көбі әкім деген әжетхана секілді ұсақ-түйек мәселемен айналыспауы тиіс деп сынап жатады. Мен ол оймен келіспеймін, керісінше айналысуы керек» дегенді айтып қалды. Бұған дейін «Астана-Бурабай» тасжолы бойындағы әжетханалар мәселесіне қатысты біршама сын айтылып келгені ақиқат. Бүгінде жол бойында «Қаз­АвтоЖол» ұлттық компаниясының бастамасымен «Kazway» павильоны іске қосылған. Оның ішінде дәмхана, дүкен, әжетхана, телефон қуаттайтын құрылғы, wi-fi, автотұрақ, яғни жолаушыға қажеттінің бәрі бар. Бір павильонның құны – 22 млн. Мұны кәсіпкерлер жалға алып, өз істерін жүргізіп отыр.
«Ақмола облысы бойынша осындай 6 павильон бар, оның төртеуі тасжол бойында, екеуі Бурабай курортында орналасқан. Бұдан бөлек, Бурабайдың өзінде еуропалық стандартқа сай заманауи үш әжетхана қойылды, алдағы уақытта олардың санын он бір данаға жеткізу қарас­тырылуда» деді Мәлік Мыр­залин.
Не десек те, журналис­терді күтіп алып, барлық проблемаларды көрсетіп, алдағы жобалар туралы кеңінен мәлімдеген Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин тым қарапайымдылығымен таң қалдырды. Айналасына бизнестен қыз­метке келген өзі секілді қарапайым азаматтар жиналғанын көрдік. Өйткені аймақ басшысы қонақүй, мейрамхана иелерімен жиі кездесіп, ортақ мәселелерді бірге талқылағанды дәстүрге айналдырған екен. Бурабайға демалуға емес, жұмыс бабымен жиі келетіні де сондықтан.
Көз тоймас сұлулығына қарап «Қазақстанның Швейцариясы» атанған Бурабайға мемлекет тарапынан қолдау да көп, қаражат та жеткілікті. Сондықтан барын салып, жанын салып қызмет етсе, бұл Бурабай әлі талай әкімнің бағын жандырар еді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button