Басты ақпарат

Елордаға 200 құтқарушы қажет

Жыл сайын тұрғындар саны өсетін бас қаланың басты мәселесі төтенше жағдайлардың көбеюі десе болады. Онымен күресетін күш пен қарсылық танытатын қауқар керек. Қазірдің өзінде елордалық төтенше жағдайлар қызметіне 200-дей маман жетіспейді. Оған себеп жалақының аздығы және жалдамалы баспанаға өтемақы берілмеуі деп білеміз. Басымызға күн туғанда жүгінетін құтқарушыларды бас қатыратын мәселеден кім құтқармақ?

[smartslider3 slider=2219]

Миллионнан асып жығылатын адамы бар Нұр-­Сұлтан қаласында Төтенше жағдайлар департаменті мен оған бағынысты 4 аудандық аумаққа бөлінген басқарма жұмыс істейді. Бұл негізінде жұмыс барысына басшылық жасап, тұрғындармен тікелей жүздесіп, тиісті мекемелердің өртке қарсы дайындығын тексереді. Тағы да басқа жұмыстарға жауап береді. Ал 101 пультіне түсетін сіз бен біздің қоңырауымызды қабылдап, керек-жарағымен оқиға орнына жететін жандар бөлек мекемеге шоғырланған. Аталған департаментке қарасты «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» – тілсіз жау­ды тізгіндеп, суға кеткендерді құтқарып, өзге де қиындықтармен бетпе-бет келетін жандардың қызметі. Оларға түсетін жүк жыл өткен сайын ауырламаса, жеңілдеген емес. Мәселен, олар өткен жылы дабыл бойынша 5135 рет оқиға орнына барған. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 3762-ды құраған. Осылайша оқиғалар саны келесі жылы 36 пайызға артқан. Өткен жылы 694 рет өрт сөндіруге дабыл түскен, алдыңғы жылы 582 мәрте болатын. 1510 рет апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілген. Әрбір дабылға дайындықпен баратын батырларды әурелейтіндер де аз емес. 2020 жылы 5 жалған шақыру болса, өткен жылы көрсеткіш екі есеге артқан.

Өрттерді сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде кезекші қарауылдардың жеке құрамымен 378 адам құтқарылды. Оның 62-і өрт, 316-ы апаттық-құтқару жұмыстары кезінде болған. 474 адам қауіпсіз жерге көшірілген. 392 адам өрт уақытында көшірілсе, апаттан құтқару кезінде 82 адам қатерден арашаланған. Өкінішке қарай, 11 адам көз жұмып, 19 адам жарақат алған.

Былтыр «101» пультіне әртүрлі сипаттағы 45 829 қоңырау түскен. Бір қуантарлығы, алдыңғы бұл сандар арғы жылдармен салыс­тырғанда 16 пайызға аз. Өртпен күресуде негізгі күш қаладағы 14 өртке қарсы құрылымға түседі.  Дегенмен дер кезінде жетпеді, цистернасы бос екен, суы жетпей қалды деген уәжді алға тартушылар да жоқ емес. Департаменттің ресми өкілі Аягөз  ханымның айтуынша, олай емес. Көліктер бос уақытында сумен қамтамасыз етіліп, шақыруға сақадай сай тұрады. Әрбір өртке байланысты қоңырау түскен мезетте 15 минут ішінде өрт сөндірушілер оқиға орнына жетуі керек. Біздің техникадағы су қатты қысыммен жалынды басуға бағытталады. Алайда ол су көпке жетпейді. Себебі қысым суды тез жұмсайды. Осы уақыт ішінде қызметкерлер гидрантты тауып, оны көлікке жалғаудың қамына кіріседі. Құтқарушылардың бір тобы арнайы сатымен сырттан, екінші тобы есікті бұзып ішке енуге бет алады. Олар өздерімен бірге улы газға қарсы бас киім алып кіреді. Керісінше құтқару жұмысына қаладағы көлік ағыны мен ауладағы көліктердің ретсіз қойылуы, шлагбаумның уақытында ашылмауы үлкен кедергі тудырады. Қала тұрғындары осы жағын ойлай жүрсе деген тілек бар.

Болат қайнауда шынығады. Халықтың қауіпсіздігі үшін тынбай жұмыс істейтін жандар үшін жаттығу әрдайым керек. Өткен жылы 12 мәрте өртке қарсы тактикалық жаттығулар ұйымдастырылған. Олар тұрғын үй кешендерінде, ірі сауда орталықтарында, автобус парктерінде, мұнай өнімдері базасында, жоғары оқу орындары мен мектептерде өткен. Сонымен қатар үлкен спорт кешендерінде 4 рет өртке қарсы тактикалық жаттығу қосымша өткізілген.  Өртке қарсы тактикалық оқулар саны – 195.

Бүгінгі таңда өрт сөндіру қызметінің жарағында 176 бірлік техника бар, оның ішінде: өрт сөндіру қызметі 164 бірлік техника (68 бірлік негізгі, 25 бірлік арнайы және 71 бірлік қосалқы автокөлік) және 12 бірлік жедел-құтқару жасағына тиесілі.

2021-2022 жылдары екінші қаржы лизингі шеңберінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 48 бірлік техника жеткізу жоспарланған. Жыл ішінде жаңа техника беріледі деп күтілуде. Қай салада болмасын материалдық-техникалық база мәселесі басты назарда болады. Тозбасты ұста соқпайды. Сондықтан ескіні есептен шығарып, жаңа техниканы алумен қатар қала ахуалына байланысты көбейткен жөн.

Бір жарым миллион адамға 1726 құтқарушы қызмет етуге жете бермейді.  Өмірдің өзіндей кадр ағыны тоқтаған емес. Бірі зейнетке шықса, бірі өз еркімен келісімшартты тоқтады. Қазірдің өзінде департамент 200-ден аса көлік жүргізушілер, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды жұмысқа қабылдауға әзір. Бірақ қарулы жігіттердің бұл қызметке кіруге құлық танытпайды. Себебі жұмыс өтілі жоқ жас маманның айлығы 100 мыңнан әзер асады. Ал шыңдалған шеберлердің жалақысы – 180 мың теңге жобасында. Арагідік сыйақы беріледі демесеңіз, өзге құқық қорғау органдары секілді құтқарушыларға баспана жалдау үшін ақы төленбейді. Өз басында уайымы бар адам, алаңсыз жұмыс істей алады деген ақылға сыймайды. Сондықтан жалақы мәселесіне жаңаша көзқарас керек. Оның үстіне бас қаладағы баспана алу мен жалдау құны шырқау биікте тұр. Тұрғыны көп қалада төтенше жағдайларды болдырмау үшін төте жолға қадам басу қажет-ақ.

Өткен жылы дабыл бойынша 5135 рет оқиға орнына барған. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 3762-ды құраған. Осылайша оқиғалар саны келесі жылы 36 пайыз­ға артқан. Өткен жылы 694 рет өрт сөндіруге дабыл түскен, арғы жылы 582 мәрте болатын

Қызметіне адал қырандар

Бір-екі жылдың бедерінде осы салада тер төгіп жүргендердің еңбегі адал екенін анық аңғардық. Әрі өмірлері қауіп пен қатерге, тәуекелге толы екенін түсіндік. Оған елдегі болған қайғылы жайттардан кейін ғана көз жеткіздік. Мемлекетті түзуші халық болған соң, халықтың қауіпсіздігі мен амандығы бірінші орында болуы тиіс. Ол үшін құтқарушыларға жағдай, жағдай және жағдай керек.

Антына адалдық танытып, қызмет барысында қаза болғандар – ісі ұрпаққа үлгі, ерлігі өнеге. Отан үшін өз басын құрбан ете білген өз ісінің майталмандары жетерлік. Ондай жандардың қатарында құтқарушылар да бар.

Жуырда елордадағы «Құтқарушылар» саябағында өткен шарадан соны байқадық. ­Валерий Зайцев астанадағы қиын және өте ауыр өрттерге шыққан.  Полковниктің өзі жауынгерлік киіммен, жалын ішіне кіргенін көргеніміз сирек. Ал Валерий Михайлович мән-жайды біліп, әріптесін құтқарамын деп қалың отқа кірген болатын. Саят Сапарбекұлы ­Абеев те ерлігімен есте қалған батыр деуге болады. Бірнеше рет отандастардың өмірін құтқарған. Сол сияқты Руслан Кәкішев те ғұмырының соңғы сәтіне дейін қызметтік міндетін мінсіз атқарған. Осыдан 12 жыл бұрын астаналық гарнизонда орны толмас оқиға орын алғанда, осы үш қызметкер қаза тапқан болатын.

«Бұл оқиға ешкімді бейжай қалдырмайды және бүгінгі күнге дейін біз көптеген жылдар бойы өзінің қызметтік борышын адал атқарып, үздіктердің бірі болған жолдастарымыздан айырылдық. Олар кәсіби парыздың жоғары үлгісін, жанқиярлықты, батылдық пен табандылықты көрсетті» деп еске алады ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев.

Жедел құтқару жасағының жұмысы

Аталған қызметтің жедел-­құтқару жасағы былтырғы 12 айда біршама жұмыстар жүргізді. Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша апаттық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға байланысты 1345 рет жедел шығулар жүзеге асырылған. Бұл алдыңғы жылғы сандармен салыстырғанда 23%-ға артық. Яғни ол жылы 1087 жедел шығулар болған.

Оның ішінде апаттық-құтқару жұмыстарына 268, жол-көлік оқиғаларына 16, іздеу-құтқару жұмыстарына – 39, тұрмыстық сипат­тағы 1022 рет шақыру түскен. Апаттық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде 215 адам құтқарылған, оның 74-і балалар екен. 64 адамның мәйіті табылған. Оның 22-і – суған кеткендер. 7 адамға алғашқы медициналық қызмет көрсетілген.

Елордалық құтқарушылар үшін жылдың әр мезгілі жайсыз. Әсіресе, жаз мезгілі. Күн жылынғанда суға түсіп салқындаймын деушілердің саны артады. Осы мезгілде адамдардың суға кету қаупі жиілейді. Сондықтан төтенше жағдай департаментіне қарасты қызмет жаз уақытында демалмайды.

Есіл өзенінің акваториясында шомылу маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында ағымдағы жаздың басынан күзге дейін жасақтың барлық жеке құрамы күшейтілген қызмет атқару режиміне ауыстырылады. Күн сайын сағат 9-дан 21-ге дейін шағын аудан аумағындағы стихиялық жағажайларда мобильді құтқару бекеттері қойылады. Ақбұлақ, Шұбар, сондай-ақ Есіл өзені арнасындағы құйма бөгеті ауданында. Сонымен қатар, сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін кезекшілікпен Қарасу және Нұра-Есіл арналарында жылжымалы бекет қойылды, демалыс және мереке күндері Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің қызметкерлері тартылады. Акватория бойынша шапшаң құтқару бекеттерінде кезекшілік ету үшін барлығы 1224 жүзу құралдарының шығуы жасалды. Кезекшілік қою кезеңінде адамдардың қаза болу деректері тіркелмеген.

Сонымен бірге жедел-құтқару жасағы ротондардағы қауіпті учаскелерде және өзен арнасы бойынша рұқсат етілмеген жағажайлар орындарында суға шомылуға тыйым салатын 22 жүзу белгісін орнатқан. Жасақ сүңгуірлері иелерінің сұрауы бойынша «астаналық жағажай», «Күйгенжар» және «Три пескаря» демалыс аймақтары жағажай акваторияларының түбіне тексеру жүргізген.

Байжан ЕМБЕРДІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button