Мәдениет

Ақынды есіңе алғайсың

«Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналған «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешке аталмыш өнер ұжымының классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің (көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы) өнерпаздары, «Alem» эстрадалық би ансамблі және «Айналайын» балалар хоры қатысты.

[smartslider3 slider=2221]

Асыл мұраға айналған ақынның өлеңдері оқылып, жырларына жазылған әндер жанды дауыста шырқалған концертте халық жүрегінен терең орын алған шығармалар ұсынылды.

Мұқағалимен бірге ең алғаш майталман музыкант Нұрғиса Тілендиев ән жаза бастаған еді. Екеуі 35 күн бірге жүріп, 31 ән жазды. Бұл қатарда «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Саржайлау» сынды әндерді атап өтуге болады. Ақиық ақынның өлеңдеріне ән жазып, туындылары елге кең таралған композиторлардың арасында Тұрсынғазы Рахимов, Гүлнәр Дәукенова, Елена Әбдіхалықова, Дүйсенхан Сыздықов, Тұрсынжан Шапай, Кентау Назарбек бар. Мұқағалидың жырларына әлі де көптеген ән туып жатыр. Осы кешке ақын, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова арнайы қатысып, өзінің әнін салды.

Бұған қоса, елге белгілі филармония әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Салықов, Клара Төленбаева, Азамат Жылтыркөзов, Қанат және Света Айтбаевтар, Гүлнұр Оразымбетова, Алтынай Жорабаева, Арайлым Рахымқызы, Сүндет Байғожин, халықаралық байқаулардың лауреаттары Зарина Омарова, Ақбота Құснадин, Әкімхан Маженов, Мұратбек Хайролда, Диана Май, Салтанат Серкебаева, Нұрбол Балапанов, Парасат Отан, Талғат Аллабиринов, Әйгерім Ораз, Айдын Жұмабай,­Сәулежан Тағзия, Әсет Әлжанов, Музыкалық жас көрермен театрының актрисасы Жәнел Есенгелдина өнер көрсетті. ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында ақын, драматург Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» поэтикалық драмасында бас кейіпкерді сомдайтын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал актер Жанқалдыбек Төленбаев өлең оқыды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button