Басты ақпарат

Ерекше тігін цехы ашылды

Елордада ерекше тігін цехы жұмыс істей бастады. Ерекшелігі сол, ондағы қызметкерлер – мүмкіндігі шектеулі жандар. Соған қарамастан олар киім-кешек, арнайы және спорт киімдерін, экосөмке, той жабдықтары секілді күнделікті тұрмысқа аса қажетті көптеген дүниелерді тапсырыс бойынша тігумен айналысуда.

[smartslider3 slider=1889]

Тігін цехының иесі Аягөз Шнейдер де мүгедектер қатарынан. Ақмолада туған ол біраз жылдар бас қалада лауазымды қызмет атқарады. Уақыт өте келе, тағдырдың жазуымен жолдасынан айырылып, инсульт алады. Бірақ қол қусырып қарап отыра алмай, екі қолға бір жұмыс іздейді. Мүмкіндігі шектеулі жанды көп жерде жұмысқа алғысы келмейтіні шындық. Талай табалдырықты тоздырса да, жұмысқа орналаса алмайды.

Сөйтіп жүргенде пандемия басталады. Қала әкімдігінің қолдауымен «Атамекен» ҰКП «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті меңгерген тігінші үйде отырып, балаларымен бірге маска тігіп, оны сата бастайды.

«Күніне 500-600 маска тігіп шығардық. Кейін қала әкімімен кездесіп, маған тұрақты жұмыс керектігін айттым. Олар маған: «Маска тігеді екенсіз, мүмкін тігін цехын ашасыз?» деді. Сөйтіп әкімдіктің қолдауымен, демеушіліктің арқасында «Jibek» атты тігін цехын аштым. Қазір тігін цехы ғимаратын жалдап отырмын» дейді А.Шнейдер.

Кәсібін ашқан кезден бастап ол жұмысқа тек өзі секілді ерекше жандарды алуды мақсат етті. Себебі мұндай жандардың жұмыс таппай қиналатынын кәсіпкер жақсы біледі.

«Қызметімізге Instagram, Facebook парақшамыз арқылы жарнама жасаймыз. Тапсырыстар әлеуметтік желі арқылы келіп жатады. Киім тігеміз, оның ішінде сырт киім, әйел көйлектері, арнайы және спорт киімдері бар. Одан бөлек, қыз ұзату жабдықтарын да әзірлейміз. Сосын бізде жұмыста «сенің міндетің, менің міндетім» деген түсінік жоқ. Бәріміз бір үйдің баласындай ұйымшылдықпен әрекет етеміз. Бір-бірімізге көмектесеміз. Мысалы, шұғыл тапсырыс түссе басқа істі қоя тұрып, тапсырысты тез орындап беруге кірісеміз» дейді кәсіпкер.

Өткен жылдың маусым айында ашылған тігін цехында қазіргі күні 9 мүгедек еңбек етіп жүр. Солардың бірі – 60 жастағы Иван Бурец. Ол – бала күнінен ІІ топтағы мүгедек. Бұған дейін біраз жылдар теледидар, радио, телефон және тағы басқа техникалық құралдарды жөндеу механигі болып жұмыс істеген. Кейін көру қабілетінің төмендеуіне байланысты кәсібін тоқтатуға тура келеді.

– Тігін цехына күтпеген жерден жұмысқа орналастым. Менің ағайынды бауырымның есту қабілеті төмен, соған жұмыс іздеп жүргенбіз. Нәтижесінде өткен жылдың қыркүйегінен бастап екеуміз де осы цехқа жұмысқа кірдік. Мен жүргізушімін, жұмысшыларды тасымалдаумен айналысамын. Қалған уақытта ішкі ұсақ-түйек шаруаларға жәрдемдесемін, тіпті кейде мен де тігемін» дейді ол. Ерекше цех иесі Аягөз Шнейдер алдағы уақытта тігін тігіп, өз ісін ашуға ниетті жандарды үйретіп-оқытуды жоспарлап жүр.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button