Тәуелсіздікке 30 жыл

Еркін елдің ертеңі

Иә, мен де биыл 30 жасқа толдым, еліммен бірге тәуелсіздігімнің игілігін сезініп келемін. Егемендікті, елдікті, елімнің қамқорлығын, жұртымның бостандығын сезініп жүрмін. Мен қазақтың ерке қызымын, өйткені мені өз панасына алып отырған біртұтас өр халқым бар. Біз еркін өстік, біреуге тәуелділік, жасыбайлылық пен жоқтықты білмей өстік. Аш жүрудің, құлдық пен бодандықтың не екенін білмейміз. Қайғы­қасірет, зорлық­зомбылық деген ұғымдар менің құрдастарым үшін жат. Мұның барлығы – тәуелсіздіктің арқасы.

[smartslider3 slider=1516]

Тәуелсіздік астарында үлкен мән бар екенін түсінемін. Бұл сөзді біз аспанда нұрын шашқан, жарқыраған күндей көріп жүрсек, кезінде бұл сөздің қандай ұғым, нені білдіретінін білмей өткендер де болған. Білгендері егемендікті аңсаумен өткен немесе оның жолында құрбан болып кеткен. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын, «Ақтабан шұбырынды» заманынан бергі зұлматтардың өзі қазағымның басынан өткерген азабы аз болмағанын көрсетеді. Ресей империясының отарлау саясаты, ұлт-азаттық көтеріліс, қолдан жасалған ашаршылық нәубеті, саяси қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, Желтоқсандағы жалынды жастарымыз. Міне, еркіндігіміздің құны осы бағамдармен өлшенеді. Жаратқанға шүкір, қазір менің аспаным ашық, төрт құбылам тең, еңсем тік, қадамым нық! 30 жылда қол жеткізген 30 жетістігім де бар! Олар елімнің арқасында және елім үшін жасалды. Мектепте де, жоғары оқу орнында да, шетелде де тегін білім алдым. Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы облыстық тері-венерологиялық диспансерінде, Қарағанды медицина университетінің медициналық колледжінде, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде, Астана медициналық университетінде жұмыс істедім. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №10 қалалық емханасында еңбек жолымды жалғастырып жатырмын. Ел мерейінің үстем, халық денінің сау болуы үшін денсаулық сақтау саласында аянбай еңбек етіп, тәуелсіздік тұғырының бекем болуына осы елдің азаматы ретінде өз үлесімді қоса беремін. Ал құрдастарыма айтарым: қасіретті де қасиетті тәуелсіздігіміздің туын нық ұстайық!

Маусым АМАНТАЙ, дәрігер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button