Тағзым

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының, ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық гвардияның, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдегі Ауғанстан соғысы ардагерлері қауымдастығының бастамасымен Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына арналған «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты патриоттық автошеру акциясы бүгінгі ұрпақтың бақыты үшін фашизмге қарсы тұрып, оққа ұшқан майдангерлердің ерлігіне көрсетілген құрметті тағзым болғаны айқын.

МӘРЕМІЗ – МӘСКЕУ…

Алматы қаласындағы Панфилов бағынан 12 қыркүйекте салтанатты жағдайда бастау алған автошеруге қатысушылар алдымен  Бішкек қаласында аялдады. Мұнда Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жауынгер-интернационалистер және жастар қатысқан митинг ұйымдастырылды. Жиылған жұрт патриоттық  сапарға аттанған жорықшыларға ақ жол тілеп, шығарып салды.

Мәскеуге бағыт алған автошерушілерді Астана қаласындағы «Отан – Ана» монументі алдында  елордалықтар да қош көңілмен қарсы алды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант, жауынгер-интернационалист Бақытжан Ертаев патриоттық акцияның мақсат-мүддесін айтып, бұл – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған игілікті шаралардың бас­тамасы екенін жеткізді. РФ Қазақстандағы елшісі Бочарников, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Оралбай Мейрамов, Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Сыздықов жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, автожорыққа қатысушыларға сәтті сапар тіледі. Осындай ізгі тілектер айтылған шаралар Қостанай, Ақтөбе және Орал қалаларында да өтті.

Ауғанстан соғысының ардагері, генерал-майор Марат Марденов бастаған акцияға қатысушылар Ресей шекарасынан өткеннен кейін Самара қаласында тоқтады. Бұл жерде қала басшылығы мен жергілікті қазақ диаспорасы жылы шырайлы қабылдады. Біздің қатарымызда болған Қазақ ұлттық өнер университетінің оқушысы Ілияс Зайкен қазақтың қара домбырасымен  күй шерткенде, қарсы алушы көпшілік ризашылықпен қошемет білдірді.

Үш күн жүріп, Ресей астанасы Мәскеуге де кешқұрымда табан тіредік.Тынығып алып, Мәскеу түбіндегі шайқастар өткен елді-мекендерді аралауға кірістік. Алдымен қаланың шығыс бөлігіндегі «Тағзым тауына» («Поклонная гора») тоқтадық. Мұндағы Жеңіс жауынгерлерінің ескерткіш-стелласына гүл шоқтарын қойып, соғыс боздақтарын бір минут үнсіздікпен еске алдық. Содан кейін Ұлы Отан соғысының музейін аралап көрдік.

СОҒЫС ЖЕҢІМПАЗЫНЫҢ САРАЙЫ

    Ұлы Отан соғысының музейін аралап жүріп ерлікке тағзым ету – елдіктің белгісі екенін тереңінен түйсіне түстім. Атшаптырым аумақты алып жатқан зәулім ғимараттың ортасындағы дөңгелек залда Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен барлық Кеңес Одағы Батырларының есімдері алтын әріптермен әспеттеліп жазылыпты. Көз жеткенше шолып шықтық. Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағанбетов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Иван Панфилов, Нүркен Әбдіров, Василий Клочков, Георгий Наумов, Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы…  есімдері көзіме оттай басылды. Толқып тұрып, әлемді фашизмнен қорғап қалған осы батырлардың рухына басымды идім. Осы алапат соғыстың майдан шебінде қаза болған өзімнің Құрманғазы, Сұлтанғазы аталарымды ойға алдым. Соғыстан аман-есен елге оралып, еңбек майданында да қажырлық танытқан, бізге жарық дүние көрсеткен Балтабек пен Жабай аталарымды сағынышпен есіме түсірдім. Ұлы Отан соғысының майдангерлерін ұлықтап тұрған осынау Жеңімпаздар сарайын тұрғызған ресейліктерге ризашылық сезім пайда болды.

Бірнеше қабаттан, бірнеше бөлімнен құралып тұрған музей ішінен соғыс солдаттары пайдаланған құрал-жабдықтарды, қару-жарақты көруге болады. Бәрі де сол соғыстың шынайы көрінісін білдіріп тұрғандай. Ұлы Отан соғысы туралы әдеби көркем шығармалар мен деректі құжаттамалар бөлімінен де Жеңістің рухын сезініп шықтық.

«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының бөлім жетекшісі, акцияға қатысушы Қазбек Қазкенов былай деді: «Бұл музейді Ұлы Жеңіске арналған шынайы белгі, мәңгілік естелік деп есептеймін. Бұл жерден екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты барлық дерек пен дәйекті табуға болады. Қарап жүріп рухың көтеріледі. Жаңа байқадық, топ-топ балалар мен жастар жүр. Олардың бойында да жеңімпаздық рух пайда болатыны белгілі. Жеңісті әкелген жауынгер аталарымыз үшін олардың мақтанатыны анық. Сондықтан да бұл музейдің саяси-рухани қажеттілігі өте жоғары деп бағалаймын. Мұнда біздің қазақстандықтардың ерлік жолы да айқындалып көрініп тұр».

Осындай көңіл шарықтап, аталарымыздың ерлік жолына шолу жасап шыққаннан кейін Мәскеуді жаудан қорғаған  қазақстандық жауынгерлер қатысқан қиян-кескі ұрыс далаларын бетке алдық.

 

ЖЕҢІСТІ ЖАҢҒЫРТҚАН ЖЕР

Алдымен Волоколамск тас жолына түстік. Волоколамск қалашығының басшысы Василий Шаров біздің делегацияны орталық саябақта орналасқан Ұлы Отан соғысында қаза болған  Кеңес жауынгерлері ескерткішіне бастап келді. Қазақстан және Қырғыз елінен келген автожорыққа қатысушыларға шексіз ризашылығын жеткізіп, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс бұл бүкіл сол кездегі Кеңес  одағы  халқының жеңісі екенін еске салып, ерлікке тағзым етуге келген қонақтарға да, өз жерлестеріне де алғысын білдірді.

Дәл осы саябақтың кіре берісінде Бауыржан Момышұлы мен Иван Панфиловтың тас мүсіндері менмұндалап тұр. Атақты жерлестеріміздің рухына бас иіп, гүл шоқтарын қойдық. Көңіл тағы марқайды.

1941 жылдың 26 желтоқсанына дейін Нара өзенінің екі жағында тұрып алып 66 күн бойы тоқтаусыз жалғасқан алапат атыстан кейін немістердің шегінгенін тарих оқулығынан білетін едік. Бұл жолы сол жердің топырағын біз де басып тұрдық. Қазір бұл жерде Наро-Фоминск қаласы тұр.  Мәскеуге бет алған немістерді тоқтатқан осы жерде Алматы қаласында құрылған Иван Панфилов басқаратын 316 дивизия жауынгерлері қасық қандары қалғанша шайқасқаны белгілі. Сондай-ақ, Мәскеу маңындағы қиян-кескі ұрыстарда Ақмола және Семей қалаларында құрылған 312 және 238 дивизия жауынгерлері де ерлікпен соғысқанын білеміз. Міне, осылайша, Ұлы Отан соғысының шешуші кезеңінде ерліктің үлгісін көрсеткен отандастарымыздың батырлығы мен қайсарлығына бір жағынан мақтансақ, көтерген бейнеттері үшін қамығып та қойдық. Толқып тұрып, аталарымыздың қаны төгілген қасиетті жерден арнайы алып барған капсулаға делегация құрамындағы Армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің курсанты Мәди Рыспаевқа бір уыс топырақ салдыртып алдық.

Наро-Фоминск тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Алексеевич Барышников: «Бұл жер – аталарымыздың қанымен жуылған жер. Фашистердің беті осы жерден қайтқан. Қазақстаннан келген жауынгерлер нағыз ерлік көрсетті. Ал сіздердің осында келіп сол соғыстың жеңісін бастаған майдангерлердің рухына тағзым жасауларыңыз өте игілікті іс дер едім. Рахмет, бәріңе. Достығымыз жалғаса берсін!» деп ағынан жарылды.

   Дубосеково  даласында ақ тастан тұрғызылған «Белгісіз жеңімпаз солдаттар»  ескерткіштері де қайсарлықтың рухын білдіріп тұрады екен. Еңсесі биік ескерткіш-тұлғалар шынымен де ерен ерлікке берілген баға секілді.

Астана қаласының Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағының басқарма мүшесі, акцияға қатысушы Қуаныш Майтқанов  «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс сол кездегі Кеңес одағында болған республикалардың ортақ жеңісі. Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрыстарды қаншама қазақстандықтар қаза болды. Біз сол майдангер аталарымыздың  ерлігін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Енді соғысты болдырмау үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Біздің осы сапарымыз да сондай мақсатпен орындалып отыр. Біз тағзым етуге келдік. Осы акция арқылы елдер арасындағы достықты да нығайта түссек дейміз» деді Наро-Фоминск қаласында өткен митинг кезінде.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ МЕКТЕБІ

Мәскеу түбіндегі Зеленоград қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке арнайы бас бұрдық. Шағын қаланың дәл ортасында орналасқан мектепте 600-ден аса оқушы білім алса, мектеп жанындағы балабақша кешенінде 300-ден аса бала тәрбиеленіп жүр.

Қазақстаннан арнайы келгенімізге шынайы қуанып, құшақ жая қарсы алған мектеп директоры Светлана Владимировна алдын ала әзірленіп қойған дәм-тұзынан ауыз тиюге шақырды. Содан кейін мектеп ішіндегі Бауыржан Момышұлы музейін тамашаладық. 11-сынып оқушысы Дарья Романова қазақ батырының өмір жолын егжей-тегжейлі баяндап берді.

РИЗАМЫН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА!

2Майя Панфилова, ақын; Мәскеуді қорғауда ерлік көрсеткен дивизия командирі, Кеңес Одағының батыры, генерал Иван Панфиловтың қызы:

Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған халықаралық патриоттық акцияға қатысушылардың бәріне алғысымды білдіремін. Менің осы соғыста ерлік көрсеткен кеңес жауынгерлерінің рухына тағзым етушілерге ризашылығым шексіз. Қазіргі бейбіт күніміз үшін жаумен шайқасқан батырлардың қатарында өз әкемнің, генерал Панфиловтың болғанын да мақтан етемін.

Ұлы Отан соғысының майдангерлерін ардақтау, ерлігін қастерлеу, олардың жағдайын жақсарту жағынан айтқанда, мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айрықша ризашылығымды білдіремін. Өз батырларын  көтере білген елдің ұрпағы да ержүрек әрі саналы болады деп ойлаймын. Сіздермен кездесуге шақырған Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігіне рахметімді айта отырып, барша қазақстандықтарды алдағы келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтағым келеді. Жеңіске бірге қол жеткізген бұрынғы Кеңес одағының барлық халықтары арасындағы достық жалғаса берсін деп тілеймін.

– Бұл музейді Ресей Федерациясындағы елшілігі жасап берген еді. Ішіндегі заттарды жан-жақтан жинастырдық. Осында келген адамдар өздерімен бірге ала келетін заттары болады. Солардың бәрін ұқыптылықпен кәдеге жаратып отырмыз. Сіздердің миссияларыңыз өте орынды екен. Ұлы Отан соғысындағы  Жеңіс –  сол кездегі Кеңес  одағы халықтарының ортақ жеңісі ғой. Сол майданда ерлік танытып, елімізді фашизмнен қорғап қалған жауынгерлер рухына тағзым етулеріңіз нағыз өнеге. Біздің мектепке есімі берілген Бауыржан Момышұлын біз де ерекше қастерлейміз. Жас ұрпаққа отандық патриотизмнің мән-маңызын осындай акциялар арқылы көрсету керек. Сол үшін де сіздерге ризашылық білдіреміз. Қазақстан мен Ресейдің достығы осылайша жалғаса берсін демекпін, – деді мектеп басшысы С.Князева.

Музейді аралап болған соң үлкен залда ұйымдастырылған кездесуге қатыстық. Мектепке ала келген сый-сыяпатымызды бердік. Жылы жүзбен қарсы алғандары үшін алғысымызды айттық. Оқушылар мен мұғалімдер тарапынан берілген сауалдарға жауап беріп, олардың ақ тілектерін тыңдадық.

Түптеп айтқанда, Бауыржан Момышұлы атындағы мектептен еңсеміз көтеріліп шықты. Кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді.

Осындай әсерлі кездесу Мәскеу қаласында Әлия Молдағұлова атындағы мектепте де болды.

Сонымен, Алматы-Бішкек-Астана-Қостанай-Ақтөбе-Орал-Самара-Рязань-Мәскеу бағытымен өткен Халықаралық патриоттық автожорық та өз мәресіне жетті. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған осы акцияның басты мақсаты – Қазақстан-Ресей- Қырғызстан елдері арасындағы достықты нығайту, соғыс кезіндегі отандастарымыздың ерлігін насихаттау арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие дарыту идеясы жүзеге асырылғаны сөзсіз.

 

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,

Алматы – Бішкек – Астана – Мәскеу

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button