Жаңалықтар

ЕСІЛ МЕН ЕДІЛДІҢ АРАСЫ ЖАҚЫНДАДЫ

ERA_2373

Саратов облысының Астанадағы күндері «Пекин Палас» қонақ үйінде өткен салтанатты жиынмен жалғасты. Саратов облысы мен Қазақстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуды көздеген бизнес-миссиясына Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников, РФ Қазақстан Республикасындағы сауда өкілі Александр Яковлев қатысты.

Елші мырза Ресей мен Қазақ­станның аймақтар желісі бойынша қол жеткізген ынтымақтастығы екі ел арасындағы әріптестіктің маңызды құрылымы екенін атап өтті. Ол бүкіл Еділ жағалауының экономикалық базисі мен мәдениетінің, тарихының мол байлығының бейнесі болып табылатын Саратов облысының Астанадағы бизнес қадамын жылы қабылдағанын білдірді. Саратов облысының делегациясы – Еуразиялық экономикалық одақ туралы тарихи келісімге қол қойғаннан кейін Ресей жағынан алғаш рет ат басын тіреген облыс екенін айтты. «Біз бүгінде осы оқиғаның маңыздылығын сезінудеміз. Енді біз келісімшарттарын бірлесе жүзеге асырып, үйлестіру жүйесін құрып, оны нақты мазмұнымен толтыруымыз керек» дейді Михаил Бочарников.

Одан кейін сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов аймақтар деңгейіндегі әрбір байланыстың маңызды екенін, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім – осындай кездесулерге жол ашатынын айтты. «Саратов облысы делегациясының Астана қаласына сапары – біздің аймақтар үшін жаңа мүмкіндіктер мен аймақаралық өзара серіктестіктің батыл жобаларын жүзеге асыруда үлкен серпін береді» деді әкім орынбасары. Ол сондай-ақ, әкімшілік әлеуеті тұрғысынан басқару тетіктері жолға қойылған кезде бизнестің кедергісіз өркендеуіне мүмкіндік тудыратынын атап өтті. «Біздің өзара байланыстарымыз экономикалық келісімнің шарттылықтарымен бекітілсе, оның нәтижесі біздің аймақтардың өркендеуіне алып келеді» деді ол ойын тұжырымдап.

Ресейдің еуропалық бөлігінің оңтүстік-шығысында орналасқан, бір шеті біздің елімізбен шектесіп жатқан Саратов өңірінен келген ресми делегацияның саны да, санаты да жоғары екен. Облыс губернаторы Валерий Радаев бастап келген қонақтардың қатарында облыс Үкіметі төрағасының орынбасарлары Павел Большеданов, Михаил Горемыко, облыстың мәдениет министрі Светлана Краснощекова, облыстың инвестициялық саясат және экономикалық даму министрі Владимир Пожаров, тағы басқа да өңірдің бизнес өкілдері болды.

Салтанатты рәсімде сөз алған облыс губернаторы Валерий Радаев: «Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Ресей Федерациясының субьектілерінің ішінде алғаш болып Астанаға келіп жатқанымызды үлкен құрмет деп қабылдаймын» деп, Саратов облысы мен Қазақстан Республикасы арасындағы экономика, ғылым инновациялық технологиялар мен нанотехнология, мәдениет және сауда байланыстарын нығайтудағы көп жылдық тәжірибеге тоқталды.

Аталмыш шара шеңберінде Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Сауда өкілдігі мен Саратов облысы үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Астаналық және саратовтық бизнес өкілдері өзара әріптестік туралы бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Оның ішінде РФ Россельхоз академиясының оңтүстік-шығыс ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «Газпром­маш» зауыты, «Рубеж» сауда үйі, «Трайтек» кәсіпорындары бар. Бұл келісімдер екі елдің іскерлік қауым­дас­тығы арасындағы байланыс­ пен сенімнің нығаюына әсер етпек.

Қала жұртшылығы Саратов облысының Астанадағы күндері аясында өткен өңірдің мәдени қайраткерлері мен өнер ұжымда­рының күшімен қойылған концертті тамашалады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button