Басты ақпаратМәселе

Есірткі: интернет саудаға жастар неге үйір?

Пандемия кезінде барлық бала мен жасөспірім үйірмелер мен мектепке бармай, үйде онлайн оқығаны белгілі. Заңсыз есірткі айналымына қатысы бар тұлғалар осы уақытты өз мүддесі үшін ұтымды пайдаланды, интернет-дүкендерді цифрландырып, жастарды есірткі саудасына көптеп тартуға мүмкіндік алды. Сөйтіп нашақорлық қылмысының индустриясы біраз алға дамып кетті. Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы бұл істе ымырасыз күрес жүргізеді.

Ғаламтордағы саудаға тыйым бар ма?

Қазіргі таңда есірткі заттарын сатумен айналысатын мыңдаған портал мен сайт бар. Біреуін тауып, көзін жойғанмен, екіншісі бой көтеріп, басқа жағынан айдаһардың басындай қайта өсіп шығады. Себебі бұл істе тікелей байланысатын адам жоқ, тұтынушының да, сатушының да кім екенін табу оңай шаруа емес. Қазіргі есірткі бизнесінің жаңа жүйесі байланысқа түспей сату, яғни есірткі тұтынушылар интернет-магазинге кіріп, тауар үшін ақшасын төлейді, оған сілтеме жібереді, онда есірткіні тастап кеткен жердің геолокациясы жазылады. Сол арқылы нашақор есірткі «закладкасын» тауып алады. Сонымен қатар қазір елдің төрт бұрышты сары, қызыл, жасыл «конфет» деп жүргені – есірткі салынып, сырты түрлі түсті изолентамен қапталған зиплоктар, целлофан пакеттер. Олардың ерекшелігі – бойында магниті бар кез келген темір кеңістікке, құбырға, қоршауға, терезе жақтауына, орындыққа тез жабыса қалады. Есірткі курьерлері оларды бұрын адам бармайтын қуысқа қойып кетсе, қазір кез келген жерге, мәселен, балабақша мен мектеп ауласына, тіпті қалалық бейіттің ішіне де тастайды.

– Наркоқылмыс – адамды мақсатты түрде біртіндеп өлтіру. Бұл – тек бір адамның ғана емес, бүкіл ұлттың қауіпсіздігіне төнген қатер. Оған қазір 17-30 жас аралығындағы жастар бейім. Тарататындардың 80 пайызы – студент жастар. Біріншіден, олар еркін өмірге тап болғанда қатарынан қалмау үшін қыдырып, түнде сейіл құрады, сол кезде есірткіні пайдаланып көреді немесе есірткі саудасына қалай кіріскенін білмей қалады. Екінші фактор – жасөспірімнің бақылаусыз, жүгенсіз кетуі. Әке-шешесі алыста болғандықтан, еркіндікті көтере алмай қалады. Үшінші фактор – жеңіл жұмыспен көп ақшаға кенелуді ойлау. Жасөспірімдердің есірткі бизнесімен шұғылданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту 14 жастан басталатынын еске салу керек. Мұны көптеген жастар білмейді. Ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру, – дейді Астана қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рустам Ғазизов.

Үлкен бір тармақталған желіге ие, өздері басқа елде отыратын есірткі бизнесінің қожайындары астыртын әрекетін жүргізе отырып, ізін құмға құйған судай жоқ қылып жіберетін жүйемен жұмыс істейді. Дегенмен құқық қорғау саласы да қарап отырған жоқ. Олардың жолын кесетін түрлі әдісті ойлап табуда. Құқық қорғау саласында қылмыстың мұндай түрімен күресудің механизмі көп. Оның үстіне былтыр ІІМ академиясы базасында киберполиция факультеті ашылды. Онда киберқауіпсіздік бойынша ІТ-мамандар даярланады.

Аталған басқарма мәліметіне сүйенсек, былтыр есірткі бизнесіне қатысты 769 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың дені – 17-30 жас аралығындағы азаматтар. Заңсыз айналымнан 258 кг есірткі тәркіленді. Елордада синтетикалық есірткі жасайтын 4 зертхана анықталды. Олар есірткіні дәріханалардағы әр түрлі прекурсорлар мен препараттарды аралас­тырып істейді. Прекурсор өзі дара тұрғанда есірткі саналмайды. Тек оларды арнайы формуласымен араластырғанда тиісті өнім шығады. Одан бөлек, нашақорлық саудасымен айналысатын 2 ұйымдасқан топ ұсталды. Сондай-ақ қазіргі таңда Астанада наркологиялық диспансерде 1093 адам есепте тұр. Олардың 146-сы – әйелдер, 7-уі – кәмелет жасына жетпегендер. 14 жасқа дейінгі 1 адам, 15-17 жас аралығындағы 6 адам, 18-30 жас шамасындағы 287 адам, отыздан жоғары 799 адам бар.

Сілтеме жазуларға мұқият болыңыз

Тұрғын үйлердің бір бұрышында қолмен жазылған белгісіз бір сайттардың сілтемесін, түсініксіз сандарды көрсеңіз, оған күмәнмен қараңыз. Тіпті қасына ұн, нан, күріш, құрылыс материалы деп жазып кетсе де сенбеңіз. Себебі ол есірткі сататын интернет-дүкендер сайтының сілтемесі болуы әбден мүмкін. Осы іске жалданып, ақша табатындар маркермен, граффити суреттермен, баллончиктермен, трафареттермен жазып, жапсырмалар, QR-кодтар қалдырып кету арқылы нашақорларға ақпарат тастайды. Тіпті осы сілтемені көріп, оған телефоны арқылы абайсызда кірген кез келген басқа жастар да теріс жолға түсіп кетуі мүмкін.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 279-бабы, 131-бөлігі бойынша есірткіні заңсыз жарнама жасау бойынша да қылмыстық іс қозғалады. Есірткі бизнесін осылай насихаттап, тек жазып кеткені үшін ғана кәмелет жасқа жетпеген жасөспірімдер 3-4 жыл бас бостандығынан айырылады, – дейді басқарма басшысы.

Балаға дұрыс көңіл бөлесіз бе?

Статистика бойынша бүгінгі ата-ана бала тәрбиесімен күніне 15 минуттан артық айналыспайды екен. Бұл тұжырым ғылыми дәлелденген. Сабақтан келген баладан әрі кетсе: «Қалай, бәрі дұрыс па? Сабағыңнан қалмадың ғой?» деп қысқа хал сұрасып, анасы ұялы телефонға, әкесі теледидарға «жармасып», отбасында әркім өз әлемінде жүреді. Сөйтіп бала өзінен еш жауапкершілік талап етілмейтінін сезінеді де, сыртта жүріп көп нәрсеге ұрынады. Одан қалды ата-ана балаға қымбат гаджеттер алып беріп, қалтасын да ақшасыз қалдырмайды. Бастысы, баланың киімі бүтін, қарны аш емесіне көңілін демдеп қойып отыра береді. Ал тәрбие жайына қалады. Осылайша бала кіммен араласып жүргені белгісіз, өз бетінше өседі. Мамандардың айтуынша, бұрын есірткі қолданатын балалар әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шықса, қазір керісінше жағдайы бар адамдардың балалары қолданады.

Баланың әрекетінен күмәнданған ата-ана оның есірткі қолданғанын немесе қолданбағанын 2 минутта-ақ анықтай алады. Кез келген дәріханада есірткінің 7 түрін анықтайтын «экспресс-тест» сатылады. Оны адамның зәріне салып көргенде, тест таяқшасындағы 2 сызық та боялса, бала бойында есірткі заттары бар деген сөз. Осындай тестті қолданатынын ескертіп отыру да жасөспірімге ата-ана тарапынан бақылау барын сездіртеді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button