Руханият

ЕСКЕРТКІШТЕР БЕЛГІСІНДЕЙ ЕЛДІКТІн

Әлемнiң «мен» деген мықты елдерiнде сол мемле­кеттiң болмысын, бедерін, ерекшелігін һәм тарихын танытып тұратын ескерткiштер бар. Әйгiлi Мысыр пирамидасы, Үндiстанның Тәж-Махалы, көне аңыздарда перiлер тұрғызыпты-мыс дейтiн Қытай қорғаны, әлемнiң жетi кереметi саналатын Александрия мұнарасы, Американың Азаттық мүсiнi, Францияның «Эйфель» мұнарасы… Тiзе берсең, тiптi көп. Ал, Қазақстан дегенде… Әрине, алдымен, жаңа әлемдегi жаңа Қазақстанның жарқын бейнесiн танытатын, елдiң бойтұмарындай болған Астана ауызға оралады. Ал Астана туралы айтқанда…

Бес ғасырдан сыр тартқан қола белгі
…Елорданың ортасынан орын тепкен, сан ғасырлық тарихымызға, бүгiнiмiз бен ертеңiмiзге қойылған мәңгiлiк ескерткiштер ерiксiз көңiл аудартады. Әсіресе, Астананың нақ төріндегі «Бәйтерек» монументін бүгінде білмейтін қазақстандық кемде-кем. Бұл тұғырды көпшілік, елорданы танитын әлем тұрғындары Астананың символы деп біледі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы­мен тұрғызылған алып «Бәй­терек» алтын жұмырт­қа­сын қорғауға ұмтыл­ған самұрық құс пен айда­һардың арпа­лысын баяндай­тын бағ­зы бір аңыз­ды еске түсі­ре­ті­ні де талайға аян.

era_1204

Астанадағы алып ескерткіштердің бірегейі – «Қазақ елi» монументi. Жеті жыл бұрын іргесі қа­ланған тұғыртас – елiмiздiң сан ғасырлық тарихын, басынан кешкен небiр аумалы-төкпелi замандарды, азаттықтың ақ таңы атқалы берi жеткен жетiстiктерiмiздi әспеттейтiн дәуiрлiк маңызы бар тарихи кешен. Шындығында, мән-мағынасы терең осынау ескерткіш тарихи әділдіктің салтанат құруын
айғақтайды. Сонымен қатар, «Қазақ елі» ұрпақтар бай­ланысын және уақыт үндес­тігін білдіреді. Монументтің 91 метр биіктігі 1991 жылы тәуелсіздік алғанымызды аңғартса, ұшар басындағы күн, астында қанат жайған самұрық құс – егемен еліміздің ертеңі мықты екендігінің нышаны. Ал сонау ғасырларда Атилла басқарған Еділ ғұндары ақ туларына осы құсты бей­нелегенін қарт тарих айтады. Стелланың төменгі бел­деуіндегі «Халық және тұңғыш Президент», «Қа­һармандық», «Жасам­паз­дық» және «Болашақ» деп аталатын төрт қола барельефтің әрқайсысының өз «айтары» бар.
Тағылымы мол сәулет туындыларының қатарында «ұлысымызды заманында ұйыстырған» Керей мен Жәнiбек хандардың еңселi ескерткiшiн ерекше атауға болады.Тұңғыш Президент мұражайының алдындағы гүлзарда орналасқан еңселі ескерткіш бес ғасыр­дан астам бұрынғы дәуір­дің оқиғаларынан сыр шерт­кізеді. Қос тұлғамыз құрған Қазақ хандығының 550 жылдығын былтыр ғана дүрілдете тойлағанымыз тарихқа көрсеткен ұрпақ құрметі еді. Екі ханның бейнелері бостандықтың салтанат құруын, жаңа хандықтың құрылуы мен жаңа өмірдің басталуын әйгілейді. Керей қазақтың тұңғыш ханы ретінде хан тұлпарынан жаңа шешілген ер-тоқымда отырған қалыпта бейнеленген. Ал Жәнібек хан ержүректікті, ба­тылдық пен күш-жігерді паш етіп тұр.

«Мәңгілік елдің» «Отан-Анасы»

Асқақ рухымыздың айрықша нышаны – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы. Әлемдегі санаулы қалаларға тән ерекше сәулеттік мұндай туынды әдетте жеңіс рухын асқақтату немесе жасампаз жетістіктердің құрметіне қаланың кіреберісіне, үлкен жолдың бойына орнатылады. Ал Астанадағы салтанат қақпасы аспанмен таласқан зәулім ғимараттардың ортасынан ойып орын алған.
Сәулет нысанының биіктігі – 20 метр. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында ашылған қақпаның сол жақ қапталында «Ақсақал» мүсіні орнатылған. Бұл – халықтың ойы мен рухани өлшемінің көрінісі, даналықтың символы. Оның қазақы ерекшелігін ұлттық киімінен аңғаруға болады. Сол жақ қапталындағы «Әйел-Ананың» мүсіні «Отан-Ана», «Жер-Ана», «ана тілі» сынды киелі ұғымдарға ұласады. Мүсіндердің әрқайсысының астында қазақтың «Мәңгілік» дара таңбасы орын тепсе, үстінде Елтаңба орналасқан. Сыртқы бөліктің жоғарғы жағында «Мәңгілік ел» жазуы бар. Ол – мемлекет пен ұлттың уақытқа тәуелсіз киелі қорғаны. Қақпа қабырғалары күрделі ұлттық өрнектермен безендіріліп, ортасына қазақ жауынгерінің бес қаруының бірі – қалқан орналасыпты. Нысанның екі жағындағы «Тайқазан» тыныштық пен тоқшылықтың, бірегей көңіл мен қонақжай пейілдің терең ұғымын біл­дірсе керек.

erm_0770

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» қақпасының ашылу салтанатында: «Біз бұл тамаша жасам­паздық қақпасын еңбегіміздің, табыс­тарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады» деген.
«Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түркі шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осы ретте, «Мәңгілік Ел» «Алла тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болмақ.
Астананың ажарын айшықтаған ескерткіштердің бірі – бiрлiк пен келiсiмге шақырып, күлiмсiреп тұрған ана бейнесiнде. Қолында – бейбiтшiлiк пен көркеюдiң белгiсi саналатын алтын тостаған. Қазақстанда тұратын барлық халықтардың татулығын әйгілейтін 101 масақтан тұратын 40 метрлiк стелла. Астында мәңгiлiк алау жанып тұр. Бұл – «Отан-Ана» монументi.

Тұғырға қонған төрт батыр

Тұғырға қонған ат үстiндегі қаһарман батыр Есiл жағасында ел тыныштығын күзеткен сақ­шыдай қалт етпей тұр. Бұл – хан Кененiң мүсiнi.
Қа­зақтың соңғы ханы.Кенесары қазақ даласына өңмеңдей кіріп, баса-көктей төрге озған озбыр басқыншылардың, ел тынысын тарылт­қан отарлаушы­лардың ірге бе­кітіп, ор­ны­ғып қал­мауы үшін жан алысып, жан беріскен шайқас жолын таңдап алды. Ел еркін­дігін аңсаған сол қасиетті жорық жолында шейіт болды.

img_3864

Қазақ батырларының ерлік дәстүрін дәріптейтін Астана төріндегі тағы бір тұғырлы орын – «қазақтың қамал қорғаны» Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр ескерткіші. Ел бірлігі, қазақ жерінің азаттығы жолында алпыс жылдан аса аттан түспей, ата жаумен алысқан Бөгенбай Ақшаұлының ұлы сардар ретіндегі қаһармандық тұлғасы мен талай жорықтары туралы жыр-шежірелер ғасырлар бойы ұрпаққа ұлағат болып келеді. Алты Алаштың бас сардары, хас батыры Бөгенбайдың ата қонысы – Астана іргесіндегі Ереймен өңірі. Сондықтан бұл маң­дағы ел мен жер тарихында ба­­тырға қатысты айтылатын де­ректер де мол.
Халық қаһарманы, қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлына деген ұрпақ сүйіспеншілігі шексіз. Астана қаласындағы батыр есімімен аталатын даңғылдың бойы-на орнатылған Бауыржан Момышұлының ескерткіші де сол сүйіспеншілік белгісі.
Баукең жүрген жолмен он жеті жасында жасанған жауға жасындай тиіп, он тоғыз жасында аққан жұлдыздай қыршын кеткен Әлияның да мәңгі өшпес ерлігін Жеңіс даңғылының бойындағы ес­керткіші асқақтата түскен. Басқыншыларға қарсы болған бостандық шайқасында қасық қанын қиған Шығыс жұлдызы қазақ қыздарының қайсарлығын тағы да дәлелдеп еді.

Күй күмбірлетіп,  жыр тасытқан…

Көзі тірісінде сәтсiздеу сомдалған Абай ескерткiшiне көңiлi толмаған көрнектi ғалым Рымғали Нұрғали: «Еңселi елiмiздiң елдiгiн айқындайтын Абай ескерткiшi елорданың төрiнде тұруы керек» деген едi. Ғалымның арманы орындалып, алты жыл бұрынғы Астана күнi қарсаңында Абай және Бейбiтшiлiк көшелерiнiң қиылысынан көрген жанның көзi сүйсiнетiн ескерткiш бой көтердi. Ұлы ақын тұғырының жанында талай ақын жыр оқыды. Деректi және көркем шығармалардан үзiндiлер тыңдалды. Талай баспагер кiтап көрмесiн ұйымдастырды. Ақынның туған күніне орай өтетін жыл сайынғы Абай оқулары да осы жерде қорытындыланды.

img_9809

Қолына қасиетті қара домбырасын ұстап, кең шапанының өңірін ашып, ыстық құшағымен алып даланы құшқалы тұрған қарт жыраудың елордадағы қола мүсінінің жалпы биіктігі он екі метрден асады. Қасиетті сөзімен елін сүйіп, Алатаудың селіндей ағынды жырларымен жеріне қорған бола білген Жамбыл-жырдың қасиеті Астана төрінде асқақтап тұрғандай.
ХІХ ғасырда өмір сүріп, ғажайып туындыларды өмірге әкелген дәулес­кер күйші Құрманғазы Са­ғырбай­ұлының «Сарыарқа» күйі бүкіл дүниені шарлап, қазақтың музыкасын әлемге паш еткен. Ұлы күйшінің есімін ұлықтау мақсатында бірнеше көшеге, мәдениет үйіне, театрға аты да берілді. Атақты күйшінің ескерткіші Сарыарқаның дәл төсіндегі самаладай шаһардың Сарыарқа даңғылына да орналасқан.
Астанадағы күйші ескерткіші туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: «Халқымызда осы домбыраға жан беріп, қу тақтайдың көмейіне күллі қазақтың рухын сыйғызған талай дәулескерлер өткен. Олардың бірі әрі бірегейі – ұлы күйші Құрманғазы. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Қайран шешем», «Балбырауын», «Кішкентай» күйлері әр қазақтың жадында болса керек. Қазақ барда, күй құдіреті Құр­манғазының есімі еш өшпейді. Оның күйіне арқау болған Сарыарқа, ұлы даламыз да бүгінде әлемге танылды».

img_0170

Құрманғазы – аңызға айналған тұлға, халықтың «Күй атасы» деп әспеттеуі де сондықтан.
Бұл – Астанадағы ескерткіштердің бірегейлері. Әйтпесе, елордадағы тастұғырлардың саны елуге жақын. Бәрі де тарихты тарқатады, шежіреден сыр шертеді, елдігімізді екшейді, азаттығымызды айғақтайды, ұрпақ үнін естіртеді. Бәрінен де тағылым мен тәлім аламыз. Осындай мұрамыз бен жәдігеріміз барда өткеніміз өшпек емес, болашағы­мыздан да алғыс естірміз. Тек жал­ғасын тап­қай деңіз…

ТАҚЫРЫПҚА  ТҰЗДЫҚ

Болат МАЖАҒҰЛОВ,
Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:
– Жыл санап қалада тарихи және мәдени нысандардың, түрлі монументтердің саны артып келеді. Бүгінгі таңда елордада елуге тарта маңызды тарихи және мәдени ескерткіш бар. Оларды пайдалану көп жұмысты қажет етеді. Осы міндетті атқару үшін Қазіргі заманғы өнер мұражайының базасында «Ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтауды қамтамасыз ету дирекциясы» құрылды. Оған ғылыми жұмыстардан басқа барлық шаруашылық функциялар, соның ішінде қажет болған жағдайларда реставрация да жүктелді.
«ЭКСПО-2017» халық­ара­лық көрмесі қарсаңында тари­хи ескерткіштердің жағ­да­йына ерекше назар аудару керек. Қазірден бастап шетелдік делегациялар мен туристер үшін экскурсиялар дайындап жатқан түрлі мемлекеттердің дип­ломатиялық өкілдікте­рінен өтінімдер түсіп жатыр.
Көптеген тарихи ескерт­кіш­тер мен мәдени нысандар онда­ған жылдар бойы пайдаланылып келеді, олардың бәрі де аса құнды, өйткені бұл – Қазақстанның тарихы, сондай-ақ еліміздің өсімі мен жетіс­тіктерінің бел­гісі болып табылады.
Өткен жылы елордадағы Әлия Молдағұлова, Абай Құнан­баев, Отан қор­ғау­шылар, Керей мен Жәнібек хандар, Бөгенбай батыр, Құрманғазы, Бауыржан Момышұлы және Александр Пушкин, сондай-ақ «Қазақ Елі» монументі секілді ес­керт­кіштерге жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Сонымен бірге, қаламызда генерал Иван Панфиловтың еңселі ескерткіші бой көтерді. Осы ескерткіштердің барлығы елорданың сәні мен сымбатын ашып тұрар ғажайып құндылықтар деп айтуға болады. Сондықтан Астана мәдениетінің мәнерлі айшық­тары күн өткен сайын жар­қырап тұра бермек.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button