Басты ақпаратЕл тынысы

Ескі жылдың елеулі оқиғалары

Ертең Барыс жылы да тарих қойнауына кетеді. «2022 жыл Қазақстанмен басталды» деп көптеген шетелдік басылым айқайлатып тақырып қойғандай, өтіп бара жатқан жыл Қаңтар қасіретімен есімізде қалады. Бұл жылы қиындық та, қуаныш та аз болған жоқ. «Astana aqshamy» газеті дүйім жұртты сүйіндірген де, күйіндірген де елеулі деген оқиғаларға талдау жасады.

Қаңтар қасіреті

Жылдың ең басты оқиғасы «Қанды қаңтар» болғанын білеміз. Қаңтардағы оқиғалар бейбіт шерумен басталып, жаппай бейберекетке ұласты. Ресми билік бейбіт шерушілердің әрекетін алдын ала дайындалған бандиттер, терроршылар, басбұзарлар өз мүддесіне пайдаланды деген мәлімдеме жасады. Наразылық акциялары сұйытылған газ құнының екі есе қымбаттауынан шықты. 2 қаңтарда Жаңаөзенде алаңға шыққан жұрт газдың бағасын арзандатуды талап етті, ал 4 қаңтарда толқулар еліміздің қалған өңірлерін қамтыды. Үкімет жедел шаралар қабылдап, сұйытылған газ бағасын 120 теңгеден 50-70 теңгеге дейін түсіруге мәжбүр болды.

Шерушілердің талабы орындалып, мәселе шешілгендей болғанмен, елдегі саяси ахуал тұрақтанғанның орнына ушыға берді. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан интернет өшіп қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында, кейінірек жалпы ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлық шығарды. 5 қаңтарда ел Үкіметі отставкаға кетті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, газ, жанармай, дизель отыны бағасына мемлекеттік реттеу тәртібі енгізілді. Бірақ жаппай толқу мұнымен тоқтаған жоқ. 6 қаңтарда ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов қызметінен босатылып, Қылмыстық кодекстің 175-бабы бойынша («Мемлекетке опасыз­дық жасау») қамауға алынып, уақытша ұстау абақтысына жабылды. К.Мәсімовпен бірге мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды деген күдікпен бірнеше жоғары лауазымды тұлға қамалды.

Бейбіт шерушілердің артына тығылған арам пиғылды арандатушыларға қаскүнемдер қосылды. Осы сәттен бастап оқиғалар қанды, қайғылы сипатқа ауысты. Мұқият дайындалған бандиттер Алматыдағы Президент резиденциясын басып алды, әкімдік ғимаратын өртеді. Әуежайдағы нысандарды, сауда орталықтарын, банктерді, дүкендерді қиратты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және дәрігерлерге шабуыл жасап, телемұнараны басып алуға әрекет етті. Еліміздің 8 облысында мемлекеттік органдардың 42 ғимараты зардап шекті.

Қаскүнемдердің ашу-ызасы ұлғая түскен соң, ел билігі қатаң іс-шараларды іске асыруға көшті. Қауіпсіздік Кеңесінің басшылығын да өз қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа бірнеше рет ашық үндеу жасады. Қайғылы оқиғаларға шетелден келген терроршылар белсене қатысқандықтан, ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын да жеткізді. Аталған ұйымның әскери күші аса маңызды нысандарды күзетті. 7 қаңтарда Президент бүлікшілерге қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Осыдан кейін ғана жаппай тәртіпсіздік саябырлап, ахуал тұрақтала бастады.

Қанды қаңтар 238 адамның өмірін қиды, соның ішінде 19-ы – полиция қызметкері. 20 адам кездейсоқ оққа ұшты. Олардың ішінде жолайырықта атылған оққа ілінгендер, тонаушылардың қолынан қаза тапқандар, блокбекетте әскерилердің талабын елемегендер бар. 2022 жылдың 10 қаңтары Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 11 қаңтарда жаңа Үкімет басшысы және мүшелері тағайындалды. Биыл 2 қарашада қаңтар оқиғасына қатысқан қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойылды. Заң бойынша 1500 адамға рақымшылық жасалады.

Референдум және Ата заңды өзгерту

Қаңтардағы оқиғалар еліміздегі ауқымды саяси және конституциялық реформаларды бастауға себеп болды. Президент Қ.Тоқаев халыққа үндеуінде Ата заңымызға бірқатар түзету енгізу қажеттігін жариялап, оны республикалық референдумға шығаруды ұсынды. 2022 жылдың 5 маусымында, сонау 1995 жылдан кейін алғаш рет елімізде Конституцияға түзетулер енгізу бойын­ша референдум өтті. Қазақстандықтар негізгі заңға енгізілетін 33 өзгеріске дауыс берді. Солардың қатарында Президенттің саяси партияларға қатысты саяси бейтараптығын қамтамасыз ету, Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік саяси қыз­метшілер мен квазимемлекеттік сектордағы басшылар лауазымдарына таға­йындалуына тыйым салу, Парламенттің бақылау функцияларын кеңейту, Мәжіліс депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайлау, өз міндеттерін сапасыз орындағаны үшін депутаттық мандаттарды қайтарып алу тетігін енгізу, ҚХА квотасын өзгерту, облыс әкімдерін баламалы негізде тағайындау, Конституциялық сот құру, адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту, заңдағы Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктеріне қатысты 46-бапты алып тастау және т. б. бар.

Дауыс берушілер тізіміндегі азаматтардың 68,44 пайызы референдумға қатысып, 77,18 пайызы Ата заңға енгізілген түзетулерді жақтады. Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында жаңа дәуір басталғанын көрсетті.

Сәулеті ерекше мешіт

Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Салтанатты рәсімге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан ­Назарбаев қатысып, мұсылман жамағатын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Мұсылман мемлекеттерінің мүфтилері мен елшілері де ізгі тілек, жылы лебізін жеткізді. Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Оның жалпы алаңы – 68062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диа­метрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр. Сонымен қатар мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан. Бірінші және екінші қабаттарда, намаз оқитын орыннан бөлек, сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар.

Мешіттің жалпы сы­йымдылығы 235000 адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқи алады. Ашық алаңда шамамен 200 мың адам, яғни: подиум мен сахна аймағында 30 мың адам, мешіт ауласында 170 мың адам бір мезетте құлшылық жасауға мүмкіндік бар. Мешіт ішінде 35 мың адам, яғни: ерлерге арналған орында 30 мың адам; әйелдерге арналған орында 5 мың адам намаз оқи алады. Сыйымдылығы бойынша республикалық бас мешіт әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енді.

Үш облыстың ашылуы және Ұлттық құрылтай

Президент Қ.Тоқаевтың 3 мамырдағы жаңа облыстарды құру туралы Жарлығы 8 маусымда күшіне енді. Жарлыққа сәйкес, су жаңа облыстар пайда болған соң, еліміз әкімшілік-аумақтық тұрғыдан 20 өңірге бөлінді: 17 облыс, республикалық маңызы бар 3 қала. Ең кіші өңір – Ұлытау облысының құрамына бұрынғы Қарағанды облысының құрамындағы Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары кірді. Мысты өңірдің ордасы – Жезқазған облыстың әкімшілік орталығы болды. Шығыс Қазақстаннан бөлініп шыққан Абай облысының халқы шамамен 640 мың адамды құрады. Алаш қаласы Семей әкімшілік орталыққа айналды. Облыс құрамына Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалалары кірді. Алматы облысынан бөлінген Жетісу облысы – ең халқы көп өңір, 650 мыңнан аса адам тұрады. Талдықорған қаласы әкімшілік орталық болып бекітілді. Облыс аумағына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары кірді.

Маусым айында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайды құру туралы Жарлыққа қол қойып, ережесі мен құрамын бекітті. Жалпыұлттық жиынға депутаттар, бизнес, саяси партиялар, медицина, білім мен ғылым, мәдениет, спорт, жастар мен әлеуметтік топтар өкілдері – барлығы 117 адам мүше болды. Оның алғашқы жиыны ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Президент Ұлттық құрылтайдың ұлтты ұйыстыру жолындағы тың идеялар мен ұсыныстардың ұлттық диалог алаңы болатынын мәлімдеді. Қазақтың бірлігін әйгілейтін Әулиетаудың етегінде мемлекеттік рәміздер алаңын салуды тапсырды.

Үш күнде – үш саммит

Астанада 13-14 қазанда үш ірі халықаралық форум өтті. 13 қазанда – Азиядағы сенім және ынтымақтастық шаралары кеңесінің VI саммиті; 14 қазанда – ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы және «Орталық Азия – Ресей» саммиті». Басқосуларда әлемдегі геосаяси ахуал, стратегиялық серіктестік, өңіраралық ынтымақтастық мәселелері ашық талқыланып, маңызды құжаттарға қол қойылды.

Діндер съезі және Рим Папасының келуі

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті. Екі күндік халықаралық жиында әлемнің 50 елінен келген дін (ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм және т. б.) көшбасшылары жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қатысты ең түйткілді мәселелерді диалог алаңында талқылады. Мәртебелі меймандардың арасында Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің бас сефард раввині Ицхак Иосиф және т. б. болды.

Діндер құрылтайына қатысу үшін 13 қыркүйек­те астанаға Рим Папасы Франциск ұшып келді. Мәртебелі мейманды әуежайдан Мемлекет басшысының өзі күтіп алды. Бұл – Қазақстанға табан тигізген екінші Рим Папасы. Осыдан тура 21 жыл бұрын, 2001 жылы 22 қыркүйекте Ватиканның сол кездегі билеушісі – Иоанн Павел II Астанаға келген еді. 2013 жылы 13 наурызда Рим Папасы болып сайланған Францисктің бұл Орталық Азияға тұңғыш сапары. Әлемдегі геосаяси ахуал ушыққан кезде «Форбстың» рейтингі бойынша әлемдегі ең беделді адамдар тізімінде 6-орында тұрған әулие әкейдің елімізге келуі елеулі оқиға болды. Рим Папасы діндер съезінде ұлы Абайдың сөздерінен мысал келтіріп, өзінің негізгі ой-тұжырымдарын әлем халқына жолдады. Ол 14 қыркүйекте «Нұр әлем» павильоны алдындағы алаңда қасиетті уағызын өткізді. Діни мессаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия және өзге елдерден 10 мыңға жуық адам қатыс­ты. Ертеңіне католиктердің көсемін құрметпен жолға шығарып салған Қ.Тоқаев қасиетті домбырамызды сыйға тартты.

Республика күнінің оралуы

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастап­қы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деп түсіндірді Президент.

Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыру үшін бір топ депутат «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынды. Ал 25 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін заңға қол қойды. Заңға сәйкес, 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленді. Сөйтіп, биыл Қазақстан халқы 13 жылдан кейін қайтып оралған ұлттық мереке – Республика күнін атап өтті. Алайда 1 және 17 желтоқсандағы демалыстан айырылды.

Берекелі балалар жылы

Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Ең алдымен әр баланың сапалы білім алуына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне көңіл бөлінді. Балабақша мен мектепте тамақтану сапасын күшейту, астың құнын реттеу, қолма-қол ақшасыз есеп ­айырысуға қатысты өзгеріс енгізілді. Мектептегі тамақтануды қоғамдық бақылау жандандырылды. Барлық білім беру ұйымдарында бейнекамера орнатылды, нысандарды қорғауды күшейту үшін турникеттер, дабыл түймелері қойылды. Биыл тұңғыш рет баланы қорқытудан (буллингтен) қорғау құқығы бекітілді, бұл қудалауға ұшыраған балаларға уақытылы ескертуге және қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің бірыңғай қағидалары қабылданды. Елімізде балалар әл-ауқатының индексі алғаш рет әзірленді.

Балаларға 10 мыңнан аса операция жасалды. Медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 560 млрд теңгені құрады. Мысалы, елордада балаларды балабақшамен қамтамасыз ету бағытында қосымша 3 мың орын ашылды. Астанада оқу жылының басында оқушы орындарының тапшылығы 26454 адамды құрады. Қала басшылығы осы мәселені шешу мақсатымен 3 жылда 70 мың орындық 35 жаңа мектепті пайдалануға берді. Биыл 18 мың орынға арналған 9 мектеп салынуда. Жыл басынан бері 13265 бала атаулы әлеуметтік көмек алды. Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында балаларға арналған Ұлттық қор құруды тапсырды. Балалардың әлеуметтік жинақтаушы шоттарына жыл са­йын Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы аударылады. Бұл шоттағы сома бала 18 жасқа толғанға дейін алынбайды. Осыдан кейін жинақталған қаражат тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға төлем ретінде жұмсалады. Аталған қор өз қызметін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастайды.

Ұлт ұстазы ұлықталған жыл

Барыс жылының басты мерей­тойы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен халқымыздың бұлбұл әншісі, Қаз КСР және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова­ның 100 жылдығы болды. Бұл мерей­тойлар ЮНЕСКО деңгейінде, яғни елімізде ғана емес, шетелде де аталып өтті. Ұлтымыздың тіл білімі мен әдебиеттануының негізін қалаған тарихи тұлға мен атақты әншінің мерейтойларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп, тиісті тапсырмалар берді.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын лайықты деңгейде атап өту үшін Жарлыққа қол қойды. Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ұлт ұстазының музей-үйіне барып, ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.

«Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды» деді салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы.

Бір мандатты Президент

1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған ел Президенті Қ.Тоқаев күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді және Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. 21 қыркүйекте Мемлекет басшысы Жарлық шығарып, кезектен тыс Президент сайлауын 2022 жылдың 20 қарашасына белгіледі. Қос палаталы Парламент Президент мандатын шектеу туралы заң жобасын 16 қыркүйекте қарап, бірауыздан мақұлдады. Келесі күні құжатқа Президент қол қойды. Сайлау додасына 6 адам қатысты. Нәтижесінде сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинаған Қасым-­Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін дауыс саны бойынша екінші орынға «Бәріне қарсымын» деп дауыс берген 460484 адам шықты, бұл сайлаушылардың 5,8 пайызын құрады. Үшінші орынды – 3,42 пайызбен (271641 адам) Жигули Дайрабаев, төртінші орынды – 2,6 пайызбен (206206 адамның дауысын жинаған) Қарақат Әбден, бесінші орынды – 2,53 пайыз­бен (200907 адам) Мейрам Қажыкен, алтыншы орынды – 2,22 пайызбен (176116) Нұрлан Әуесбаев, жетінші орынды 2,12 пайызбен (168731) Салтанат Тұрсынбекова иеленді. Ел аумағындағы сайлаушылардың 69,44 пайызы дауыс берді. Сөйтіп, Қ.Тоқаев алдағы 7 жылға Президент болып сайланды. 26 қарашада Президентті ұлықтау салтанаты өтті.

Құрбандар рухына тағзым

23 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалын ашты. Мемориал қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. «Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен төгілген қанның, адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған. Жобаның авторлары – қазақ­стандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button