Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жаңа жылдық көңіл күй сыйлады

Қазіргі қоғамда әртүрлі себеппен дамуы өз жас ерекшелігінен төмен балалардың саны, өкінішке қарай, күннен-күнге көбейіп отыр. Олар айрықша қарауды, ерекше білім беруді қажет етеді.

Бірегей оңалту орталығы

Елордада қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов бастаған мәслихат депутаттары және қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ерекше балалар тәрбиеленіп жатқан №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне барып, жеткіншектерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өз қаржысына алған сыйлықтарын таратты.

«Астана қаласында қазіргі таңда жалпы 16 мыңдай бала психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетін қажет етеді. 7000-дай балаға осындай жарық, таза кабинеттермен жабдықталған ғимараттарда ерекше білім беруді жүзеге асырып отырмыз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа жыл алдында өткен жылға есеп беріп, алдағы жылға мақсаттарды айқындай отыра, балаларды мерекемен құттықтағымыз келді» деді Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов.

Қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев те балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Қазір бізде 280 бала екі ауысыммен кабинетке келіп, білім алып жүр. Бізде логопед-мұғалім, дефектолог, педагог-психолог, сурдопедагог-мұғалім, әлеуметтік педагог және тағы басқа мамандар ерекше балаларға білім береді.

ПМПК қорытындысы негізінде ППТК есту қабілеті, сөйлеу тілі кешеуілдеуі, тірек-қозғалыс аппаратында, зердесінде бұзылысы бар, психикалық дамуы тежелген, эмоциялық ерік аясында және мінез-құлқында бұзылысы бар 0-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің барлық санатына педагогикалық түзету мен балалардың психофизикалық дамуы мәселелері бо­йынша кешенді түрде әдістемелік көмек көрсетеді» дейді Астана қаласы әкімдігінің «№2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КММ басшысының міндетін атқарушы Ұлпан Салғараева.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті Астана қаласы Білім басқармасы бекіткен оқу жоспарына сәйкес жұмыс істейді. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға түзету-дамыту сабақтары қазақ және орыс тілінде, жеке және топтық сабақ, кеңес беру түрінде жүргізіледі. Балаларға педагогикалық және психологиялық көмек тегін көрсетіледі.

Қаладағы психо-медициналық, педагогикалық кеңес беру орталығына (қалада 6-уы бар) жергілікті дәрігердің жолдамасымен барған ата-аналардың өтініші бойынша түзеу кабинеттеріне арнайы жолдама беріледі. Бірақ даму деңгейі кешеуілдеген балалардың кө­беюіне байланысты түзеу кабинеттеріне жолдаманы ата-ана 3-6 айдай күтеді. Бұрын жылына 40-50 бала ауырса, қазір 500-ден аса баланың 200-дейі кезегін күтіп тұр. Балаларды ППТК-ға қабылдау жыл бойы жүргізіледі.

Инклюзивті білім беру қоғамға қажет

Мәслихат депутаттары барған екінші мекеме – Астана қаласы әкімдігінің «№1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – 2018 жылы ашылған мекеменің бірі. Арнайы мектеп-интернат ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бастауыш, негізгі орта білім және тереңдетілген кәсіби дайындық бойынша білім береді. ­Е.Каналимов және Қ.Сенғазыев балалардың шырша тойына қатысып, тілегін айтып, сыйлық үлестірді.

Мектепте оқу қазақ және орыс тілінде жүргізіледі. Оқуға мектепалды даярлық тобы және 1-ден 10-ға дейінгі сыныптарға оқушыларды қабылдау жүргізіледі. Бүгінгі таңда мектепте 554 бала білім алып жатыр» деді №1 арнайы мектеп-интернатының директоры Ұлан Қуанышұлы.

Қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев былай деді:

«Қалада жыл сайын инклюзивті білім беру жүйесі жетілдірілуде, ерекше білімді қажет ететін балаларға кедергісіз орта қалыптастыру үшін біршама жағдай жасалуда. Бүгінде 20 мектептің базасында ресурстық орталықтар мен инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысы ұйымдас­тырылып, жүйеленді. Жыл басынан бері инклюзивтік білім беру бағыты бойынша «Асыл мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы мен № 6 ПМПК ұйымы ашылды. Жаңа оқу жылынан бастап №88 мектеп-лицейінде көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 4 арнайы сыныптың жұмысы ұйымдастырылды. Желтоқсан айының соңына дейін аутизм диагнозы бар балаларды қолдау бойынша тағы да бір орталықты іске қосу жоспарлануда. Дегенмен де балалар санының өсуі мен көші-қон ағымына байланысты ПМПК-лардан тексеруден өтуге тіркелген балалардың саны көбеюде. Осыған байланысты 2023 жылы тағы екі ПМПК ашамыз».

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button