Қоғам

Физика тіліндегі Абай ілімі

Соңғы жылдары физика пәніне, оның ішінде сабақ жоспарына құнды­лықты қалай кіріктіру керек екенін қарастырып жүрміз. Бұған басты себеп – педагогтардың сабақ жоспарын құрған кезде құндылықты түсінбеуі, тиімді енгізе алмауы.

Сабақ жоспарына құндылық кіріктірер тұсына «Мәдени мұра», «Жеті қазына», «Алтын адам» деп жазып, оның мазмұнына, мән-мағынасына тереңірек бойламайтынын, тіпті не үшін алғанын да білмейтіндер бар. «Көре-көре көсем» болып, осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп, «Абай құндылықтары негізінде оқыту және тәрбиелеу» жобасы аясында біршама ізденген едік. Енді осы ілкімді ізденістің нәтижесі ретінде бір-екеуін ұсынғанды жөн көрдік.

Физика пәнінде қиын да қызықты тақырыптың бірі – атом ядросы. Соның ішінде 11-сыныптың оқу бағдарламасына енген «Атом ядросы. Ядрода­ғы уклондардың байланысу энергиясы» атты тақырыпты қарастырайық.

Атом ядросы – нейтрондар мен протондардың жиынтығы. Оң зарядталған протондарды ұстайтын ядролық күші бар. Ядролық энергияны қуатты энергия деуге болады. Өйткені онда атом қуаты бар. Мұны зерттеген ғалымдардың қатары көп, алайда негізгілері ретінде А.Эйнштейн, Резенфорд, Чедвиг, Н.Бор сынды ғалымдарды ерекше атап көрсетуге болады.

Енді осыны оқушыларға түсіндіру барысында Абай құндылығын қалай кіріктіреміз десек, біз Абай Құнанбайұлы мен Сергей әкей арасындағы сұрақ-жауапты негіз етіп алдық. Абай мен миссионер арасындағы даулы мәселе ХІХ ғасырдың ІІ жартысында орын алды. Мис­сионер қазақ даласындағы, әсіресе Семей өңіріндегі мешіттерді жауып, «менің сұрағыма жауап бере алса ғана ашамын» дегенде қалың ел ортаға Абайды шығарады. Сол кездегі мис­сионер бірінші сұрағын: «Құдай қаһар қылса бар халықты тарының қауызына сыйғызады. Осы ақылға сыя ма?» деп бастапты. Сонда Абай: «Сыяды. Оған мисал адам далаға шығып көзін жан-жаққа салса, барлығын көреді. Әрине, соның бәрін көрген – көздің титтей бір жанары. Махлұқ көзінің жанары соншалық нәрсені қамтуға жарағанда Құдай қаһары бар нәрсені көрген жанардан қалай» деп жауап берген екен. Көз ішіндегі кішкентай ғана қарашық арқылы бүкіл әлемді көре алатынымызды айтып, миссионерді сөзден жеңеді. Бүкіл әлемді қарашыққа сыйғызуға болатыны арқылы халық та тарының қауызына сыятынын айтады. Ал физикамен байланыстырар болсақ, кішкентай ғана атом ядросының ішінде жер шарын жермен-жексен етер алпауыт күш бар. Яғни әлемнің астан-кестенін шығаратын алапат қуат тарының қауызындай ғана ядроның ішінде жатыр.

Енді біз тақырыбымызды түсіндіріп, әрі оған Абай құндылығы негізінде байланыстыр­ған соң, тұлғатану бойынша да тоқталамыз. Мәселен, ­А.Эйнштейн ядроның байланысу энергиясын ашқанын, Резенфорд атомның планетарлық моделін жасағанын, Н.Бор электрондардың қозғалыс орбитасын жазғанын айтып өтеміз. Осының бәрін көздің қарашығымен-ақ салыстырып, қарапайым тілде түсіндіріп беруге болады. Дегенмен бұл ғалымдардың ешбірі атом бомбасын жасай алатындай деңгейде болса да, бұл қадамға бармағанын тілге тиек етеміз. Бірақ атом бомбасын біреу болса, біреу ашары анық. Оны Роберт ­Оппенгеймер есімді ғалым жасаған болатын. Оның зардабын әлем әлі күнге дейін тартып келеді. Соның кесірінен Жапонияның Нагасаки, Хиросима қалаларын айтпағанның өзінде, ұлы Абай туған қарт Семей зардабын көріп келеді. 1949-1991 жылдар аралығында киелі де қасиетті Семей даласы полигон алаңына айналды. Оқушыларға осы тақырыпты түсіндіре отырып, оның күншығыс елінен кешірім сұраған бейнематериалын да көрсетемін. Бірақ Абай атамыз­дың «қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегеніндей, өткен іске өкінгеннен пайда жоқ екенін де ескертемін. Ыстық қайраты мен нұрлы ақылы бар ғалымның бойынан жылы жүректің табылмағанын баса ескертемін. Әйтпесе Р.Оппенгеймер де Абай айтқан «толық адамның» бірі болар еді.

Кеңес ДАУЫЛ,

Абай Құнанбайұлы ­атындағы №87

мектеп-гимназияның ­физика пәні мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button