Елорда тынысы

Газдандыру: әлеуметтік көмек 400 мың теңгеге жетті

Елордада мұқтаж азаматтарға газдандыру шығындарының өтемақысын 90 АЕК-тен 130 АЕК-ке көтеру ұсынылды. Бұл 398190 теңгені құрайды. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында осыны баяндаған қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Илья Скуб оған бюджеттен қосымша 18,4 млн бөлу керек болатынын жеткізді.

[smartslider3 slider=2399]

Оның айтуынша, өткен жылы бұл әлеуметтік көмекті 163 адам пайдаланды. Мұның жалпы сомасы 42,7 млн теңгені құрады. Ал биыл осы уақытқа дейін 74 өтініш келіп түсті. Соның 51-і қанағаттандырылды. Оған 13,7 млн теңге бөлінді. Жалпы сомасы 5,2 млн теңгені құрайтын 23 өтініш бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл осындай көмекпен 200-250 отбасыны қамту жоспарланып отыр. Өтініш берушілер одан асып кетсе, бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаржы сұралады.

– Бұл елдің игілігі үшін жасалып жатыр. Өткенде мұны есептедік. Қала әкімі де қолдау көрсетті. Бірақ мәслихатқа шаһардағы барлық тұрғын алап бойынша есепті тапсырыңыздар. Бұл есепте әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын адамдардың санаттарын көрсетіңіздер. Себебі осындай әлеуметтік көмек туралы білмейтіндер де бар. Құжаттарды рәсімдеу бойынша да сұрақтар туындап жатады. Адамдар сабылмас үшін сессияға дейін тиісті есепті ұсыныңыздар. Биыл бес тұрғын алап газға қосылады. Үшеуінде газдандыру басталады. Қазір елді мекендерде 300 мың адам тұрады. Соның ішінде 200-250 адам ғана әлеуметтік әлжуаз топтарға жатады деп ойламаймын. Бір пайыз болса да, 3 мың адам болуы керек, – деді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов. Алда бұл мәселе қалалық мәслихаттың сессиясында бекітілуі тиіс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button