Мәдениет

Ғасырлық басылым – астана төрінде

Биыл Жамбыл облыстық «Aq jol» газетіне 100 жыл толды. Басылымның ғасырлық мерейтойына орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Aq jol» және қазақ баспасөзі» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Басылым басшылары мен ардагерлері, қазіргі қыз­меткерлері, Парламент депутаттары, белгілі қаламгерлер, ғалымдар, БАҚ басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында газет тарихымен қатар қазақ баспасөзінің бүгінгі жай-күйі мен түйткілдері талқыланды.

  1922 жылдың 1 мамырында «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде шыға бастаған басылым сол жылы өз алдына отау құрып, «Кедей еркі» атауымен оқырманға жол тартты. Ғасырлық тарихында бірнеше рет атауын өзгертіп, 1990 жылдың 3 сәуірінен бастап «Ақ жол» деген атпен жарық көріп келе жатыр.

«Aq jol» газетінде әр жылдары Кемел Тоқаев, Әшірбай Есмұрзаев, Тынышбай Рақым, Асқаржан Сәрсек, Мұрат Сыздық сынды танымал ақын-жазушылар қызмет істеп, қолтаңбасын қалдырды.

Газет мерейтойына арналған жиын барысында Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының ұжымға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтауын аталған министрліктің баспасөз хатшысы Нұрбек Әмиша жеткізді.

Қазақстан Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутатары Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжан, «Egemen Kazakhstan» газеті» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шәмшиддин Паттеев, жазушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлі, «Turkistan» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, «Елорда-Ақпарат» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек, т.б. азаматтар ізгі лебіздерін айтты. «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт «Aq jol» газеттің ғасырлық тарихына тоқталып, бүгінгі қазақ баспасөзі хақында әңгіме қозғады.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button