Sport

Головкиннің екінші тынысы

Елімізде Президент сайлауы басталып жатқанда атақты жерлесіміз Геннадий Головкин канадалық Стив Роллс­пен жекпе-жекке шықты.

Нью-Иорктегі Madison Square Garden аренасында өткен айқаста Гена боксшы айқын басымдылық танытты. Бұл Головкиннің біраз уақыт үзілістен, сондай-ақ жаңа бапкерімен шыққан жекпе-жегі болды. Бірінші раундта қос боксшы бірін-бірі бақылап, аңдысып өткізді. Ал екінші раун­дта Головкин біршама батыл қимылдарға көшті. Үшінші раундта Головкиннің бірнеше дәл соққылары Роллс­ты едәуір есеңгіретіп жібергені байқалды. Алайда канадалық боксшы дүркін-дүркін ауыр соққылардан сытылып шыға білді. Дегенмен, төртінші раундта Головкиннің сериялы соққыларын Роллс көтере алмады. Оң жақ шықшытына тиген ауыр соққыдан канадалық боксшы сұлап түсті. Тұрмақшы болып тырысқанымен, қайтадан етпелеп құлады. Осы сәтте төреші жекпе-жекті жалғастырмауға шешім қабылдады. Бұл Головкиннің карьерасындағы 39-ы жеңісі болды.
Нью-Йорк атлетикалық комиссия­сының мәліметінше, Головкин осы жекпе-жек үшін 2 миллион доллар сыйақы алса, Роллс 300 мың долларды қанағат етті.
Осы жекпе-жектен кейін Головкин бұрынғы атақтарының бәрін қайтарып алу үшін мексикалық Канелламен шайқасқа шығуға дайын екенін мәлім етті.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button