Президент пәрмені

ХАЛЫҚТЫҚ ДИПЛОМАТИЯ АРҚАУЫ – АССАМБЛЕЯ

DSC_5079

Ел деген қастерлі ұғым. Елдің көшбасшысы, тұңғыш Президентімізге аса құрметіміз бен ықыласымыздың белгісіндей «Елбасы», «Ұлт лидері» деген сөздер халықтың аузында жиі айтылатын. Алайда, бұл ұғым заңнамалық тұрғыдан алғанда, еш жерде қарастырылмаған екен. Содан бір топ депутаттар кеңесіп, «Елбасы» деген ұғымды заңмен бекітіп, нақтылауға кірістік. Заңды даярлау барысында түрлі ұсыныстар түсті. Бірақ «Елбасы» сөзі барлық мән-мағынасымен қалыптасып қалған себепті, ресми түрде осылай атағанды жөн деп шештік.

Халықтың бағына біткен азаматты қалай ұлықтаса да артықтығы жоқ. Кейбір мемлекеттерде өз ұлтымен келісімге келе алмай ала ауыз болып, айтысып-тартысып жатқандар қаншама?! Елін айрандай ұйытып, жүз отыздан астам этностың баласын бір туғандай етіп, халық бірлігін жалау етіп отырған президенттер кемде-кем.

Елбасы бірліктің тұнық көздерін ел тәуелсіздігін ала салысымен ашқан болатын. 1992 жылы Қазақстан халықтарының I форумында: «Біздің басты байлығымыз – халықтар достығын қазақстандықтардың талай ұрпағы жасады. Біз бүгінде өткен тарихымызды ой елегінен өткізе отырып, бұл байлықты талан-таражға салуға, игі дәстүрлерді жоғалтуға хақымыз жоқ» деген еді. Содан бері міне, жиырма жылдың жүзі болып қалды, халықтың сан түрлілігі біздің басты байлығымызға айналды. Жыл сайын өтетін Сессияда ұлтаралық саясаттың жаңа қырлары ұшталып, жарқын болашағымыздың бағытын айқындадық.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – АР-ОЖДАН ІСІ

Депутат ретінде ауыл шаруашылығы даму мәселесі, шаруа қожалықтарының дамуы, оралмандардың көші-қон мәселесі менің басты назарымда. Мемлекеттік тілді қолдану мәселесінде де заңның аяғынан тік тұрып кетуіне атсалысып жүрмін.

Мемлекеттік тіл туралы заңның шыққанына аз уақыт болған жоқ. Осы аралықта қаншама әдістемелік құралдар, сөздіктер жарық көрді. Дегенмен, мемлекеттік тіл өз мәртебесіне сай төрге шықты деп айта алмаймын.

Осыдан он шақты жыл бұрын, Елбасы республикалық газеттердің біріне берген сұхбатында «Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген ортасында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» деген болатын. Ал, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Vқұрылтайына қатысушыларға арналған құттықтау хатында «Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқы. Оның өзегі – қазақ тілі. Біздің бар күш-жігеріміз асыл өзектің беки түсуіне, қазақ тілі мен ұлтының өркендеуіне қызмет жасауы тиіс» дегені әлі есімде. Ел Президентінің «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», тағы да басқа пікірлері қанатты сөзге айналып қана қоймай, қазақ тілінің қоғам өмірінде алатын орны мен мәртебесін, жалпы бет-бағдарын айқындап отырған жоқ па?! Енді қандай желеу керек дерсіз. Сөйтіп жүргенде, бір әріптесім «Сіз бәрімізге ағасыз ғой, ағалық наз деп айтсаңыз, мүмкін құлаққа кірер» деп депутаттық сауал қоюыма түрткі болып еді. Онсыз да көңілде жүрген мәселені төтесінен қойдым. Яғни, қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс деп ойлаймын.

Барлап қарасам, 2007 жылдан бастап Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында депутаттар өздерінің депутаттық сауалдарын қай тілде жариялағанын зерделеп келемін. Бесінші сайланған Парламент Мәжілісінде өткен бір жылдың ішінде ұлты қазақ депутаттар тарапынан барлығы 186 депутаттық сауал жарияланған болса, солардың 78-і немесе 42 пайызы қазақ тілінде, ал 108-і немесе 58 пайызы орыс тілінде жарияланыпты. Төртінші сайланған Мәжілісте депутаттық сауалдардың 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде жарияланған болатын. Кейбіреулер «Біздің қай тілде сөйлегенімізде не шаруаң бар?» деп те айтатын шығар. Ол рас, менің шаруам емес. Мен мұны біреуді сынау үшін емес, өзімнің азаматтық борышым деп санағаннан, жүрегімнің ауырғанынан айтып отырмын. Елбасымыздың қамқорлығымен мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалып жатыр. Әріптестеріміз Сергей Дьяченко, Виктор Рогалев, Виктор Киянский, Егор Каппель қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылып, әрекет жасап жатқанда, кейбір қазақ бауырларымның қазақша сөйлемейтінін түсіне алмай-ақ қойдым. Қарапайым халық барлық мәселеде Парламентке қарайды. Себебі, бізді солар сайлаған. «Парламент қай тілде сөйлейді?», «Парламенттің қазақшасы қандай?» сияқты сұрақты сайлаушыларымыз қардай жаудырғанда маңдайымыздың ашық болғаны абзал еді.

Соңғы бір сауалымда тағы бір түйткілді мәселенің ұштығын көтердім. Өздеріңіз білесіздер, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның қолданысқа енгеніне 15 жыл болды. Сонша жыл өтсе де заңның 23-бабындағы «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген нормасы әлі күнге дейін орындалмай келеді. Яғни, осы күнге дейін тізбе бекітілген жоқ. Мұндағы айтпағым, белгілі мамандық, лауазым иелерін осы тізім бойынша мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттейді. Осылайша, халыққа қызмет етемін деген азаматтың алдында мемлекеттік тілді білуге деген қажеттілік туындайды. Жасыратын несі бар, заңымен шегелеп бермегесін, кейде айтар сөзімізден тосыламыз. Қазақ тіліне қатысты мәселе көтерген жерде «қысым көрсетіп жатыр» деп байбалам салып, өре түрегелетіндердің аузына да қақпақ болар еді.

Бизнесте жеті елдің тілін біліп, пайдаңды түзеп жүрсің бе, бізден – рұқсат. Қоғамдық саланың бір пұшпағын илеп, қызметің елге жарап жатыр ма – өкпе жоқ. Өзің білесің, отансүйгіштік, елге құрметің жеңсін. Алайда, мемлекет құрушы ұлттың тілін білмей, сол елге адал қызмет етемін деуің асылық айтқаның болып қалар. Осыған дейін бұл айып бетіңе басылмаса, ұзын арқан, кең тұсауға салған халықтың кеңдігі. Әлемдегі екі жүзге тарта мемлекеттің тәжірибесінде болмаған, күн тәртібінде ешқашан тұрмаған бұл жағдай түзелуі тиіс. Көрші Ресейдің өзі көше сыпырып, үй тұрғызуға келген еңбек мигранттарына да орыс тілінде сөйлей білу шартын қойып отыр ғой.

ЫНТЫМАҒЫМЫЗДЫҢ ҰЯСЫ

Этносаралық қарым-қатынастар саласында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырушы маңызды институт ретінде бағаланып, елімізді мекендейтін барлық этностардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етуде тиімді құралы Қазақстан халқы ассамблеясы екеніне ешкімнің дауы болмас. Оның тиімді әрі жемісті іс-әрекетінің арқасында еліміздегі этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар саласында бейбітшілік пен келісім үлгісі сақталды. Ассамблеяның тікелей күш салуымен этносаралық қарым-қатынастар саласын саясаттан тыс сақтап, азаматтық қоғам қалыптастыру мақсатында жұмыс жүргізіп келеді. Қанатының астына 130-дан аса этностың жиналуы аталған ұйымның «кіші Біріккен Ұлттар Ұйымы» деп аталуына себеп болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының XХI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея әр кезде де уақытпен бірге қадам жасауда. Оның қолдауы біздің Тәуелсіздігіміз тарихының барлық тағдырлы сатыларында шешуші болып келді. Мен бірлік пен топтасқандықтың қоғамның ең басты құндылықтары екенін қайталаудан ешқашан жалықпаймын. Соның арқасында біз экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын нығайттық, елдің болашағын көрсеттік. Біз 2030 стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуына қол жеткіздік.

Бүгінде біздің бірлігіміз – жаңа 2050 стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің отыздығына ену – біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Стратегияда біздің ұлы көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады» деді.

Халықтық дипломатия – Ассамблеяның атқарар шаруасы, арқалар жүгі мен орындауға тиіс міндеттері жетерлік. Әлі талай игі істердің ұйытқысы болып, елді біріктіре, халықты жұмылдыра отырып, салиқалы да салмақты бастамалар көтереріне кәміл сенімдіміз.
Жаңа ғасыр жаңа сынақтарымен келді. Ел бірлігі күні қарсаңында жүз отыздан астам халықты бауырына салып отырған қазақ халқының дана қасиетіне тоқталғым келеді. Оның кең пейілдігінің арқасында ешкім кемдік көріп отырған жоқ. Ешкімді жатырқамайтын кең пейіл мінезіне сай Жаратқан да қазақ жерінің астын да, үстін де мол байлыққа кенелткен екен.

Елдің берекесі мен тыныштығы – экономика мен әлеуметтік салалардың қалыпты дамуының негізі. Алыстан іздемей-ақ, Украинадағы жағдай көп нәрсені қайта қарауға, басымдық бағыттарымызды қайта бағалауға апарып отыр. Төскейде малы қосылған деп айтатындай, сыйластығына сызат түспеген, сауда-саттығы жарасқан тату көрші ел едік. «Бір күн жанжал болған үйден қырық күн береке кетеді» деген сөздің растығына көзіміз жетіп отыр.

Елдің тұтастығын, жердің бүтіндігін ойлау – әрқайсымыздың қастерлі борышымыз. Елбасы: «Тұрақтылық пен келісім – әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!» деп баршамызға осындай ой тастауының сыры осы да. Осы орайда, еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуы үшін бүкіл қазақстандықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарумыз керек. Әркім өзіне «осы елімнің дамуы үшін не істедім?» деген сауал қоюы керек. Ол үшін тау қопарып, Есілді теріс ағызудың қажеті жоқ. Ардагерлер жастарға өнегелі ісін үйретсін, ұстаз шәкіртіне білім берсін, шәкірті ұстазынан озсын, дәрігер антына лайық болсын, кәсіпкер ісіне мығым болсын, мемлекет билеген басшы халқына адал қызмет етсін. Сізден соны ғана сұраймыз. Ендігі жерде дүние байлығынан көрі рухани байлықты, жүрек байлығын ойлайтын кез келген сияқты. Сол жұдырықтай жүрегімізге үңіліп, жанымызды жаңартып, Жаратушыға деген ықыласты бүтіндеп, бүкіл қауымның, әсіресе, жас өркеннің көкірегіне адалдықты, тазалықты, адамгершілікті, имандылықты ұйыта білсек, нағыз рухани жеңіс болар еді.

Өздерін-өздері жарға итеріп, дүниеден баз кешіп, асылып, басылып, арманда кетіп жатқандарды, әзәзіл есірткі мен арақтың құрбандарын азайтар едік. Қаншама әйел жесірліктен, қаншама сәби жетімдіктен сақталар еді. Қанша адасып жүрген қаракөз бауырларымыз тура жол тауып, обал-сауапты ұғып, көкірек көзі ашылып, жанға батқан шөгірді жұлып тастар еді.

Иншалла, ол күндер де алыс емес шығар. Алла Тағала Елбасымызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, халқымызға сабыр берсін.

Розақұл ХАЛМҰРАДОВ,
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button