Имантаразы

ХАҚТЫҚҚА ЖҮГІНІП, ПӘКТІККЕ ЖОЛЫҒАЙЫҚ

намаз 1

Кез келген халықтың ерекше қастерлі қасиеттері болады. Біздің қазақ халқы үшін бұл – имандылық, адамгершілік. Сонау атам заманынан бері жас өскіндерге қариялар алғысын «иманды, ырысты бол» деп білдірді. Осылайша иманды ырыс пен байлықтан жоғары қойды. Осыны бала санасына сіңірді. Себебі, иман адамның жүрегінен орын алып, көкірегінде сақталуы тиіс. Әйтпесе, жексұрын әдеттер жаулап алып, адамды теріс жолға жетелеп әкетуі мүмкін.
Сайып келгенде, жамандықты тыятын имандылық пен адамгершілік қағидаларын ұстану екендігін меңзеген.

Ата-бабаларымыз сондықтан имандылық ұялаған ислам дінін ежелден мойындаған. Яғни, біз – мұсылманбыз. Оның ішінде, Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз аса қадір тұтқан бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ әлемдегі ең ізгі жол – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Халық «алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген, сондай-ақ, «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деп бекер айтпаса керек. Өйткені, ұлттың ұлы болмағы есіктегі мен бесіктегінің белгі нышанынан көрініс табады.

Өкініштісі, қазір кейбір сыртқы күштер жас-тарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Бәрімізге белгілі, кешегі кеңес заманында жетпіс жыл бойы ата салтымыз бен дәстүріміз аяққа басылып, ұрпағымыз қасиетті ана тілімізде ұлағатты сөз тыңдаудан құрдым қалды. Бұл бізге отбасының қазақи тірлігін іріткен, ата дәстүрді алшақтатқан індет болып жабысты, өскелең ұрпақты ұлтымызға жат құндылықтарға ден қоюға бейімдеді. Содан да болар, қазір кейбір жастарымыз өздерін қоғамнан оқшау ұстап, бізде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге оранып-қымтанып, басқа елдердің орныққан дәстүрлеріне ден қоюда.

Жамбыл облысы Қордай ауданы, Кенен ауылындағы мына бір уақиға жәйлі Тараз қаласында тұратын ел ағасы Асаубай Майлыбаевтың «Ғұмырым, Тұғырым, Тұнығым» атты естелік-толғауынан оқып едім. Бір институтта оқыған, екеуі де жоғары білімді медицина мамандары отбасын құрған, қызметке тұрып, ұл-қызды болып, ойнап-күліп жүргендерінде отбасы ойран болды. Әйелі дін жолына түсем деп, Исламдағы жат пиғылдарға қосылды да кетті. Одан ол жанына ұлы мен қызының басын айналдырып, қосып алды. Ұлы түрмеге түсті. Одан топ болып қашты. Ақтөбеде өздерін өздері жарып жібергендердің ішінде болды. Әкесі қайтеді, ұлының денесін ауылға алып келді. Сол кезде Алматыдан жанында өңшең қара киінген, еркектері сақалды, әйелдері тұмшаланған ұлдың шешесі де жетеді. Сонда қазақы дәстүрмен жылап-сықтап жатқан жұртқа: «Тоқтатыңдар жылағанды!» деп бәле қылады. «Ұлым – шаһид. Жаны жәннатқа барды» деп жатып қуанған. Ішінен шыққан баласының денесі бөлек-салақ, өліп жатыр, ал анасының қылығы әлгі.

Төмендегі өлең шумағы дәл осы оқиғаға қаратып айтылғандай.
Ділін ұқпас дүмбілез дүбәра бар,
Түңілемін – түрім жоқ шыдай алар.
Тарап жатқан тамырын – танымаса,
Иесіз боп, бір күні ұя қалар.

Осындайда еске түседі. Теледидардан бір тәжірибені көргенім бар еді. Инкубатордан жаңа шыққан, яғни жетім балапандардың алдынан нендей де бір затты – доп, ойыншық, кебіс – сүйретсе, таңдамайды, шықылықтап соның ізінен ере жөнеледі. Сөйтсе, пақырлар әлгі затты анам деп есептейді екен. Өзінің тарихи дәстүрін қастер тұтпаған, одан адасқан, өзекті арқауы жоқ ел әр кебістің ізіне еріп өркениетке жетуі екіталай.

Шынтуайтына келсек, біздің өзгеден емес, өзгенің бізден үйренер тұсы баршылық. Мәселен, біздің халқымызда көп құдайға сенушілік деген ешбір уақытта болмаған. Бұл жайында тарихтың атасы саналатын Геродот бізді гректермен салыстыра отырып, былайша жазады: «олар гректер тәрізді көп құдайға емес, тек бір ғана құдайға сенеді». Геродот сондай-ақ біздің арғы ата-бабаларымыздың өлген кісіні жөнелтер алдында, онымен халықтың қоштасу рәсімі болғандығы туралы жазады. Бүгінде қаза болған кісіні жерлерде халық көп жиналып, оны соңғы сапарға шығарып салу әркімнің қасиетті борышы саналады. Әлдеқалай келе алмай қалып, марқұмның қабіріне топырақ тастай алмаған адам өзін кінәлі санап, қылмыс жасап қойғандай күй кешеді. Мұндай жағдайда «өлімнен ұят күшті» деп жататыны да сондықтан. Ал, өлген кісінің денесін ешкімге көрсетпей әрі онымен қоштастырмай, жылдамдатып жерлей салу нағыз көргенсіздік және жерлеу дәстүрін дөрекі бұзғандық. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Бақара», «Ағраф» сүрелерінде былай дейді: «Мен бұл дүниені сендер үшін және оған сендер ие болсын деп жараттым. Осының бәрін дұрыстап пайдалана біліңдер және бақытты өмір кешіңдер». Сондықтан, бақилық болған азаматқа соңғы рет құрмет көрсету рәсімі, марқұмдардың қабірлеріне барып құран оқу, халыққа зор еңбегі сіңген жандарға ескерткіш орнату Аллаға серік қосу дейтіндердікі құр шатасқандық дегеннен басқа амал жоқ. Өйткені, «Өлі риза болмай, тірі байымайды».

Тағы бір мысал. Қазақтар әуелден қыздарын күні ертең алысты – жақын, жатты жекжат етер, елмен елді таныстырып, табыстырар дәнекер көріп, үлкен үміт артқан, ерекше қадір тұтқан, аналарын мейлінше құрметтеп өткен. Мәселен, қазақтың ежелгі тарихында Әулие атанған Ұмай Ененің атын бабаларымыз тасқа жазып қалдырған. Дін мұсылманда Бекір ана, Қаранас ана есімдері ерекше құрметпен айтылады. Қаранас анадан Арабтардың атасы – Ар-Сат, Бекір анадан парсылардың анасы – Пар-Сат туған деседі.

Мына бір жәйтті де айта кеткен жөн. Қазақ арасында жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алыспаған. Өйткені, туысқандық қан жеті атаға, яғни 175-200 жылға дейінгі мерзім ішінде жаңарып бітпейтінін бабаларымыз білген. Жеті атадан әрі некеге отыруға шек қоймаған. Қазақтар өзара танымайтын адамдармен кездескенде сәлемдесіп болған соң, «Қай бала боласың?» деп сұрап отырған. Ондағы мақсат – дидарласушылардың туысқандығын анықтау. Сондықтан, кішкентайынан әкесі баласының құлағына жеті атасын құйған. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз осыдан шықса керек. Яғни, қазақтардың жеті атасын ұмытпауының ұрпақтың дұрыс дамуына әсері мол. Соның нәтижесінде тұқым сұрыпталып, ұрпақтың жан-жақты жетілуіне оңды әсер етеді. Содан да шығар, дүниежүзінің көпшілік халықтары экзогамиялы неке тәртібін дәріптейді.

Мінеки, осылайша тарихы бай, әлемдік деңгейде мойындалған халықты сырттан келіп үйретем деушілердің әрекеті бос әурешілік. Олардың көздегені мүлдем басқа. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр. Сондықтан, біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына ешқандай жол бермеуіміз керек. Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстан мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына мүлдем қарама-қайшы.

Мұсылманбыз десек, исламның ата-бабамыздың салт дәстүрлерімен үндескен, үйлескен таза ағымымен өмір сүрейік. Жаңа Қазақстанның сұранымы осы! Қазақ болып қалудың жалғыз жолы осы! Ұлттық намыс, елдік пен ерлік, өлмес, өшпес дегеніміз осы!

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button