#Жаңа Қазақстан

Ибрагим ЗҰЛҚАРОВ: Жаңа Қазақстанды енжарлықпен құра алмаймыз

Астана қаласының тұрғыны, Сарыарқа даңғылындағы 33-үйдегі №147 сайлау учаскесінде дауыс берген зейнеткер Ибрагим Зұлқаров халықтың сайлауға әлі де енжарлықпен қарайтынын айтып, қынжылыс білдірді.

– Ибрагим аға, сіз сайлаудың әділ өтетініне сенесіз бе?

– Иә, сенемін. Бізде «қалталы Парламент» болмайды деп ойлаймын. Билік пен бұқара бір-бірін түсінетін, тыңдайтын кезеңге өттік. Саясатта да әділдік болады деп үміттенемін. Жалпы алғанда, елімізде өзгеріс, жаңару, түлеу болатынына сенетін адамның бірімін.

– Халықтың сайлау мәдениетіне көңіліңіз тола ма?

– Шынымды айтайын, халықтың көпшілігі әлі де енжарлықпен, сенімсіздікпен қарайды. Таңертең дауыс беруге шыққанымда көршілерімді кезіктірдім. «Дауыс бермейсіңдер ме?» десем: «Ой-й, біздің дауысымыз ештеңе шешпейді. Бәрібір биліктегілер өз адамын сайлайды» деді көбі. Жаңа Қазақстанды енжарлықпен құра алмаймыз. Ел болашағы үшін таңдау жасау – әр азаматтың борышы. Мен өз борышымды атқаруға келдім.

– Сіз тұратын ауданда көптен бері шешілмей келе жатқан қандай өзекті мәселелер бар? Сайлауға түсіп жатқан үміткерлер сол мәселені шешетініне сенесіз бе?

– Шешілмей келе жатқан мәселе көп. Соның ішінде әлеуметтік мәселелерді айтар едім. Мысалы, көпқабатты үйде балаларымның қолында тұрамын. Соңғы кездері ПИК дегенді жауып, МИБ дегенді аштық. Жұрт оның қалай жұмыс істейтінін, тұрғындар өздері тұратын үйді басқаруға қалай қатысатынын толық түсіне алмай жүр. Сайлауға түсіп жатқан үміткерлер де осыны егжей-тегжейлі түсіндіріп, халықтың сөзін, тілегін, мұңын тыңдаған жоқ. Тіпті тұрғындардың дені осы ауданнан мәслихатқа, Мәжіліске кімдер сайлауға түсіп жатқанына да назар аудармады. Өйткені сайланған адамдар депутаттыққа өтіп алғанша ғана халықпен кездеседі, үгіт-насихат қағазын таратады. Ал сайлау өткен соң олардың аты-жөнін, түр-келбетін ұмытатыны шындық. Билік пен бұқараның арасында шынайы қарым-қатынас орнамай, қоғам да, ел де дамымайды.

– Жасыңыз нешеде?

– 73-темін.

– Зейнетақыңызға көңіліңіз тола ма?

– Аллаға шүкір. Көп жылдар өндірісте жұмыс істедім. Бұйырған зейнет­ақымды аламын. Әрине, мына қымбатшылық заманда көңіліміз толады дей алмаймын. Үкімет пен Парламент, жергілікті мәслихаттар ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайына назар аударып, жалақы мен зейнетақы сәл өскен кезде бағалардың шарықтап кетпеуіне нақты іс-қимылдар жасаса екен. Сонда халықтың билікке, саяси партияларға, сайланған депутаттарға деген сенімі де артады. Қоғамда әділдік орнайды. Бәріміздің қалауымыз – осы.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button