Қала мен Сала

iKomek көмекке дайын

Елордадағы iKomek109 орталығына жыл басынан бері 600 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олардың 80 пайызы бірден шешіледі екен. Жалпы, орталыққа нақты қандай мәселелер бойынша хабарласуға болады? Әр мәселе қанша уақыт ішінде шешіліп, тұрғынға жауап беріледі? Міне, осындай маңызды сұрақтарға Астана қаласы әкімдігінің қалалық Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы анализ және сапаны бақылау департаментінің директоры Айтқабыл БОПАНТАЙ жауап берді.

Астанадағы iKomek109 орталығы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық қызметкерлері күндіз-түні қала тұрғындары мен қонақтарының қоңырауына жауап береді. Азаматтар «109» желісі арқылы шұғыл мәселе бойынша хабарласа алады.

– Орталықта күн сайын желіге 45-50 оператор шығады. Олардың ішінде сағат 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін 17 оператор, сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін 19 оператор, сағат 08:00-ден 08:00-ге дейін 11 оператор кесте бойынша жұмыс істейді, – деді Айтқабыл Бопантай.

«109» желісі арқылы келіп түскен өтінішті операторлар бірыңғай жүйеге тіркейді. Ал өтінішке бірден жауап берілсе, өтініш жабылады. Егер арнайы мамандардың қарауын қажет етсе, жүйе арқылы жауапты мекемеге жіберіледі. Жауап қарастыру уақыты – 7 күн. Осы уақыт ішінде оператор өтініш берушіге жауап береді. Егер де қарастыру уақыты маңызды себептермен ұзартуды талап етсе, онда жауапты маманмен белгілі уақытқа шегеріледі.

Департамент директорының айтуынша, орталыққа келіп түскен өтініштердің 83 пайызы бірден шешіледі. Ал қалған 17 пайызы инцидент ретінде тіркеліп, жауапты мекемеге жіберіледі.

Сонымен, iKomek-ке нақты қандай мәселелер бойынша хабарласуға болады?

iKomek109 – тұрғындарға коммуналдық және қала өміріне байланысты сұрақтар бойынша қызмет көрсететін Астана қаласының бірыңғай байланыс орталығы. Қала тұрғындары мұнда әртүрлі мәселе бойынша хабарласа алады. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық көліктің жұмысы, тұрғын үйлерді су, жарық, жылумен қамтамасыз ету, қаланы қардан, қоқыстан тазалау, жасыл желектерді суару, жол инфрақұрылымы және т. б. әкімдіктің жұмысына қатысты мәселелер бар, – деді Айтқабыл Бопантай.

Қалада iKomek109 орталығы ашылған күннен бастап 10 млн-нан астам өтініш келіп түскен. Мәселен, 2018 жылы – 1.037 мың, 2019 жылы – 1.670 мың, 2020 жылы – 2.197 мың, 2021 жылы – 2.490 мың, 2022 жылы – 2.274 мың өтініш түссе, биыл жыл басынан бері 600 мыңнан астам адам орталыққа жүгінген. Олардың көбі – денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, қаланы жарық, сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымына қатысты мәселелер

Қалада iKomek109 орталығы ашылған күннен бастап 10 млн-нан астам өтініш келіп түскен. Мәселен, 2018 жылы – 1.037 мың, 2019 жылы – 1.670 мың, 2020 жылы – 2.197 мың, 2021 жылы – 2.490 мың, 2022 жылы – 2.274 мың өтініш түссе, биыл жыл басынан бері 600 мыңнан астам адам орталыққа жүгінген. Олардың көбі – денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, қаланы жарық, сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымына қатысты мәселелер.

Сондай-ақ қыс мезгілінде қаланы қардан тазалау, көктемде су басу, қоқыстан тазарту, жазда жасыл желектерді суару секілді жыл мезгіліне қарай да қала тұрғындары мен қонақтарынан өтініш келіп тұрады.

– Мұнда тәулігіне орташа есеппен 6000-нан 9000-ға дейін өтініш түседі. Мәселен, пандемия кезінде жедел әрі нақты ақпарат тарату мақсатында iKomek109 орталығы сенім телефоны ретінде қызмет атқарған кезде тәулігіне 7000-нан 29000-ға дейін өтініш түскен, – деді Айтқабыл Бопантай.

iKomek орталығының ашылғанына биыл 4 жылдан асты. Орталыққа түсетін өтініштің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл орталық жұмысының тиімділігінің көрсеткіші деуге болады.

– Қала әкімдігінің 21 басқармасы, 5 аудандық әкімдік, 30-дан аса коммуналдық мекеме, 600-ден аса тұрғын үйге қызмет көрсетуші сервистік мекеме, лифт шаруашылығына қызмет көрсетуші 80 фирманың байланыс нөмірі «109» қысқа нөміріне біріктірілген. Тұрғындарға әкімдікпен және оған қарасты мекемелермен байланыс орнату үшін ыңғайлы сервис ұсынылды. Өтініштің 50 пайызы байланыс орталығы, 20 пайызы қосымша сервис арқылы түседі, – деді қалалық Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы анализ және сапаны бақылау департаментінің директоры.

Тәулік бойы қызмет ететін орталыққа азаматтардан қызықты өтініштер де келіп түседі.

«109 интеллектуалды байланыс-орталығы» департаментінің директоры Әсел Өмірзақтың айтуынша, 2022 жылдың жазында болған нөсер жауын кезінде «109»-ға ер адам қоңырау шалып, жаңбырды тікұшақтың көмегімен тоқтатуымызды өтінді.

Қала күнінде бұлтты ыдыратты дегенді алға тартқан ол бұл жолы жаңбырды тоқтатуды сұраса, бір күні биодәретханада қамалып қалған жас жігіт хабарласқан.

– Саябақтан бір жігіт қоңырау шалып, биодәретханада қамалып қалғанын хабарлады. Бір сағат бойы сыртқа шыға алмаған. Біз «102» нөміріне хабарласып, полиция қызметкерлерін жібердік. Саябақ әкімшілігіне хабарладық. Оны 30 минуттан кейін сыртқа шығарды, – деп еске түсірді Әсел Өмірзақ.

Орталықта осындай түрлі қызықты оқиға да болып тұрады екен. Тіпті бейтаныс біреу орталық операторының дауысына ғашық болып қалғанын айтыпты.

– Бірде «109»-ға консультация алу үшін бір жігіт хабарласқан. Консультацияны толығымен алғаннан кейін ол оператормен таныспақшы болады.

«Қарындас, дауысыңыз сондай әдемі! Сізбен танысуға бола ма? Жұмыстан нешеде шығасыз? Жұмысыңыздан алып кетсем бола ма?» деп те айтқан, – деді Әсел Досымжанқызы.

Сабина КӘКІМЖАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button