Экономика

ИНВЕСТИЦИЯ АРНАСЫ КЕҢІП КЕЛЕДІ

«Астана – Еуразияның алтын қақпасы. Осы қақпадан аттаған әрбір инвестор өзінің бизнес мүмкіндігін ғана кеңейтіп қоймай, Қазақстанның жаңа астанасын құрушылардың тарихи шеңберіне енеді».
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөзі Астананың тәуелсіз Қазақстандағы ауқымды жоба ретіндегі экономикалық және инвестициялық әлеуетін ғана емес, оның табыстары мен жетістіктерін де айқын аңғартады.

Астананың жан-жақты дамуын дүниежүзілік қауымдастыққа таныстыру міндетін жыл сайын «Astana Invest» халықаралық инвестициялық форумы атқарып келеді. Алғашында бұл форум отандық билік өкілдері мен бизнес өкілдерінің әлемдегі әртүрлі ел инвесторларымен, сарапшыларымен өзара әрекеттесуіне арналған ерекше алаңы ретінде ұйғарылған. Екі жылдық тарихы бар форумның ауқымдылығы арта түсіп, Астананың инвестициялық ахуалын жақсартуға тың мүмкіндіктер тауып, қала экономикасына отандық және шетелдік инвестициялардың ағылуын одан әрі ынталандыруды басты мақсат тұтып келеді.
«Astana Invest – 2012» форумы биылғы 24 мамырда V Астана экономикалық форумы ауқымында өтеді. Форумның ұйымдастырушысы – Астана қаласының әкімдігі. Қаланың инновациялық және экономикалық дамуының өзекті мәселелері ең жоғары деңгейде қарастырылады. Қалыптасқан дәстүрге сай форумды Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов ашады. Форумға шетелдердің мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының, бизнес құрылымдарының, халықаралық ірі корпорациялардың, шетелдік инвес- торлар мен экономиканың нақты секторының өкілдері – барлығы 500-ден астам адам қатыспақшы.
«Astana Invest – 2012» форумында жылдан жылға жасарып, жайнай түскен елорданы республиканың ғана емес, бүкіл Еуразияның саяси- әкімшілік орталығы жақында құрылған Кеден одағының тірегі ретінде дамыту жайы қарастырылады.
Жиынды ұйымдастырушылар Астананы өркендетуге, ыңғайлы «ақылды қала» ретінде берекелі тұрмыс кешіп, белсенді тірлік істеуге мейлінше инновациялық қырын жетілдіруге аса көңіл бөліп отыр. Шапшаң әрі жоспарлы түрде дамып келе жатқан кіндік қала өзіне артылған үміттерді ақтап келеді.
Астананың экономикалық базасы негізгі екі бөліктен – құрылыстан және шағын, орташа кәсіпкерліктен тұрады, ел астанасының инвестициялық көркі осы екі секторға тәуелді. 2011 жылғы инвестициялар көлемі 3,9 млрд доллардан асты, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 35,7%-ға жоғары.
Тікелей инвестицияларды тарту барынша ашық, екі жаққа да тиімді әрі серіктестер арасындағы жоғары сенімге сүйенуі керек. Осы шешуші қызметті алдағы «Astana Invest – 2012» форумы өзіне артқалы отыр. Жиын әлеуетті инвесторлар аймақта бизнес жүргізудің экономикалық, құқықтық және басқа жағдайларымен, Астананың кәсіпорындары мен ұйымдарының түрлі жобаларымен танысып, олардың инвестициялық мүмкіндіктерін бағалай алады. Қатысушылар халықаралық және аймақтық инвестициялық ынтымақтастық мәселелері мен оның келешегін ресми және іскер өкілдер арасында талқыға салады.
Екі жыл бойы форум өзіне жүктелген міндеттер ауқымын сәтті атқарып келеді. Өткен жылы «Astana Invest» форумы беделді мәміле алаңы екенін дәлелдеді. Жиын жұмысына әлемнің 23 елінің 700-ден астам өкілі қатысты. Олардың қатарында халықаралық бизнес-элита өкілдері, Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия және Парсы шығанағының қаржы сарапшылары, Қазақстанның және шетелдің ұлттық компанияларының, мемлекеттік басқару орындарының, даму институттарының мамандары, ірі және орташа бизнес жетекшілері бар.
Биылғы форумға да үлкен үміт артылып отыр. Иә, «Astana Invest – 2012» бағдарламасы мазмұнды және қызықты болары сөзсіз. Ол үш: «Астана – Еуразия жүрегі және Кеден одағының қақпасы»; «Астананың инвестициялық мүмкіндіктері мен келешегі»; «Ақылды қалаға» арналған инвестиция» атты мәжілісті қамтиды.
Спикерлер мен модераторлар ретінде әртүрлі елдің танымал қайраткерлері: ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Т.М.Жақсылықов, ЕврАзЭС бас хатшысы орынбасары М.Х.Мұсатаев, «Patentes Talgo SL» компаниясының жеке-дара басқарушы директоры Хосе Мария Ариол Фабре, «Ертеңгі күн қаласы» халықаралық жоба жетекшісі Тобиас Реггелин, Фраунгофер Институты, ТМД елдері мен РФ аймақтары бойынша IBM вице-президенті Алтухов Л.Г., «Бизнес Оулу» (Финляндия) директоры Джуха Ала-Мурсула, Еуропа мен Орталық Азия бойынша IFC директоры Томаш Тельма және т.б. таңдалды.
Әлеуетті инвесторларға қала кәсіпорындарының инвестициялық жобалары бойынша толық аймақтық дерекқоры ұсынылады.
Осылайша, соңғы жылдары Қазақстанның бас қаласының экономикалық және инновациялық дамуына инвестиция салушыларды ынталандыру ісі жанданып келеді. Сарапшылар болжауы бойынша, биылғы «Astana Invest –2012» форумы осы үрдіске өз үлесін молынан қосады.

Медер МАСЕЛОВ,
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасының бастығы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button