Мәдениет

ИОРДАНИЯ ПАТШАЙЫМЫ ТАҚҚАН БОЙТҰМАР

Астаналық зергер жасаған әдемі әшекейге Иордания пат­шайымының көзі түсіпті. Рания ханым қазақы өрнекпен зерленген бойтұмар мен бедерлі білезікті әспеттеп тағып алыпты.  

Иорданияның Рания патшайымы әспеттеп тағып жүрген қасиетті бойтұмар мен бедерлі бес білезік – Суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты зергер Берік Әлібайдың қолынан шыққан дүниелер екенін білгенде өзіміз де қызығып қалдық. Шындығында, әлеуметтік желіде жариялаған патшайымның суреттерінде  қазақы бояумен зерлеп, таза күмістен жасалған әшекей бұйымдар ерекше көзді тартады.  Осыдан-ақ,  ұлтымыздың  ғасырлар бойы өз әсемдігімен ерекшеленген зергерлік өнері әлемдік деңгейде  насихатталып жатқанын аңғаруға болады.

ТАЛАЙЛАРДЫ ТАМСАНДЫРҒАН ӘШЕКЕЙ
– Расында, мен өзім де Иорданияның бірінші ханымы тағып жүрген бойтұмар мен бес білезікті фотодан көргенде таңырқап қалдым. Қазақтың күміспен көркемделген әшекейлері осындай деңгейге көтерілгені, әрине, мені қуантты. Суреттен ол бұйымдарды мұқият қарадым. Әр шеберге өз қолымен жасаған дүниелері ыстық. Оларды толық менікі деп айта аламын. Бірақ та оның Иордания патшайымының қолына қалай түскенін білмеймін. Шет елдерге жиі көрме апарамыз. Мүмкін, сол кезде алған болар. Нақты айту қиын. Негізі, бойтұмар, өңіржиек, білезіктерді көп жасамаймын. Жасағанда да саудаға шығармаймын. Бұрын жасаған бұйымдарға белгі қоймаушы едім. Қазір «ӘБ» деген белгі саламын. Өйткені, олардың көшірмелері көбейіп кетті, – дейді шебер патшайымды тамсандырған әшекей туралы сөз сабақтап.
Жалпы, зергердің күміспен әдіптеп жасаған алқалары, жүзіктері, білезіктері және сырғалары өз әсемдігімен көз тартады. Олардың барлығы да ұлттық өрнектермен бедерленген. Ол әшекей бұйымдарды таза күмістен ғана жасайды екен. Әрине, алтын, жез, мыс, ақық, перуза, малахит және құлпырма тас секілді дүниелерді қосымша пайдаланады.

????????????????????????????????????

ҰСТАЛЫҚ ҚОНҒАН ӘУЛЕТ
Берік Әлібай – Жамбыл облысы Мерке ауданы Қызылсай ауылында дүниеге келген. Жалпы, ұсталық қасиет тұқымға қонады. Халқымыз үшін ол да бір киелі саналады. Зергердің бабалары ұста болған. Атасы Әлібайдың інісі Әлімбай көрік ұстаған. Ал әкесі Сәтімбек те қара жаяу емес. Жылқының әбзелдерін жасаған.
Ол мектепте жүргенде әжептәуір суретші бала атанған. Суретші болсам деген арманмен Алматыдағы Н.Гоголь атындағы (қазіргі Орал Таңсықбаев) көркемсурет училищесіне оқуға қабылданады. Осында жүріп зергерлік өнердің қыр-сырын меңгереді. Дүйсен Сейдуәлиев, Мейірхан Әбдірахманов сынды ұстаздарынан дәріс алады.
– Атамыздан қалған ұсталық қасиет өлмесін деп бауырларым мен балаларымды осы өнерге баулыдым. Үлкен қызым да дизайнер. Екі інім де, қайныларым да қолынан бал тамған шеберлер. Кіші баламды көбінесе шет мемлекеттерде болатын көрмелерге жіберіп жүрмін, – дейді шебер көңілі марқайып.

СӘУКЕЛЕДЕ СЫР БАР
Берік Әлібайдың үлкен қызы тұрмысқа ұзатылар кезде жасаған сәукелесі келісті бір көркемдіктен туған туынды деуге болады. Оған бар өңірдің үлгісін кіргізген. Сәукеленің әшекейлері таза күмістен өрілген. Арнайы барқыттан тігілген. Оны жасау үшін зергер көп еңбектеніпті. «Бабаларымыз қызы ұзатылар кезде бар малын шашса да аянып қалмаған. Сондықтан мен де қызыма мәңгілік есте қалатындай сәукеле жасағым келді. Әуелі, оған қажетті жабдықтарды іздедім. Мәселен, барқыт матаны елімізден таба алмай, Оман мемлекетінен алдым. Қара күзен жағасын қара базардан таптым. Сөйтіп, сәукелені қызым ұзатылып бара жатқанда батамды беріп, кигіздім. Ол қазір отбасымыз үшін ең бір құнды жәдігерлер қатарында» деп, оның киесі мен қасиеті жайында тереңірек ой өрбітті.
Сондай-ақ, ұстаның қолынан шыққан кездік, пышақ, қанжар­лардың жасалуы да мінсіз. Көркем­дігімен ерекшеленеді. Реңдері де жүз құбылып тұрады.

13254935_10153460462355826_7492178002962417811_o

ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МУЗЕЙ
Зергердің тағы бір ерекше қыры бар. Ол – бүгінде ұмытылып бара жатқан ұлтымыздың асыл жәдігерлерін жинауы. Біз оны отбасылық мұражайға барғанда анық көрдік. Екі қабатты еңселі үй құдды бір этнографиялық ауыл секілді әсер қалдырды. Үй ауласында бес қанатты киіз үй тігілген. Оны Қарақалпақстаннан келген қандасымыздан сатып алыпты. Үйдің іші де қазақы оюлармен безендірілген. Көне сандықтар, құрақ көрпелер, басқұрлар, қыс­қасы, ертеде ата-бабамыз ұстан­ған барлық жабдықтар қойылған. Олардың дені ХІХ ғасырдың жәді­герлері саналады. 15-16 ғасырда ғұмыр кешкен қазақ батырының сауыты да ілінген. Бір бұрышта көне күбі күмбірлеп тұр.
Отбасылық мұражай да байырғы бабаларымыз пайдаланған тұр­мыстық жабдықтардың барлығы сақталған. Қаздай тізілген көне самауырлар да көз тартады. Отан­дық қылқалам шеберлерінің туындылары да көрнекі жерден орын алған. Зергердің өз қолынан шыққан бұйымдар да қойылған. Қысқасы, этнографиялық музейден тарихымыздың тұтас бір келбетін көруге болады.

13310542_517857658398258_5575020844359939171_n

АРДАҚТЫ АҒАДАН ҮЙРЕНГЕНІ КӨП
Жалпы, әр халықтың өз тарихы бар. Сондықтан, оны жіті білу қажет. Мәселен, бүгінгі таңда әшекей бұйымдар мен басқа да заттарға қазақтың ою-өрнектерін қалай болса солай жапсыру белең алды. Түпкі мәніне үңіліп жатпайды. Әр жәдігердің сыры бар. Беталды қолдана беруге болмайды. «Мысалы, беріректе түсірген тарихи киноларда актерлар мен актрисалар пайдаланған әшекей бұйымдарды көргенде жүрегім ауырады. Әр жасқа тән әшекейлер бар. Соған лайықты киініп, әшекейлерді тағады. Ал бізде оған ешкім қарамайды. Мән бермейді. Қырғыздың, Түркіменнің бұйымдарын біздікі деп қолданады. Туысқан ел болғандықтан, ұқсастығымыз бар шығар. Дегенмен, оны ажырата білу керек. Немесе содан хабары бар адамнан сұрауы қажет. Өз басым ұлт руханиятының жоқтаушысы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздан көп тағылым алдым. Алматыдағы Орталық музейді жабдықтағанда сол кісінің қасында болдым. Сонда ағамыз әрбір жәдігердің тарихын зерделеп айтып беретін» дейді зергер көңілі қамығып.
Қазіргі таңда Берік Әлібай – елордадағы Ұлттық музейде консервациялау және қалпына келтіру қызметінің жетекшісі. Музей қорындағы құнды жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Жас мамандарға шеберліктің қыр-сырына үйретеді. Астана қалалық Мәдениет, мұра­ғаттар және құжаттама басқармасы жанындағы Мәдени құндылықтарды уақыт­ша әкету жөніндегі сараптама комиссиясының мүшесі.
Түйіндеп айтқанда, әсем әше­кейлерімен Иордания корольдігінің патшайымының таңқалдырып, бабадан қалған сара өнерді дәріптеп, халқымыздың ардақты азаматы дәрежесіне көтерілген талантты тұлғаның дара жолы кім-кімге де озық үлгі.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button