Имантаразы

Рамазан – жақсылық жаршысы

6 маусым  – қасиетті Рамазан айының бірінші күні. Бұл – барша мұсылман халқы сағына күтетін қастерлі де берекелі ай. Қазақ жұртшылығы үшін де мәртебесі биік Рамазан айының қадір-қасиеті мен оразаның мән-маңызы жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлымен сұхбаттасқан едік.

931726_1450852924

– Құрметті, Наурызбай Тағанұлы! Күллі мұсылман халқының қасиетті Рамазан айы қарсаңында тұрмыз. Оқырмандарға осы айдың қадір-қасиеті жайында айтсаңыз…
– Бисмилләхир Рахманир Рахим! Алла Тағаланың қалауымен қасиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Бұл ай, расында, өте қадірлі де ерекше, мұсылман қауымы үшін берекелі де жолбасшы уақыт. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Демек, осы айда қазақ жұрты қадір тұтатын Құран аяттары түсіріліп, мұсылман халқына ораза парыз етілді.Сондай-ақ, бұл айда жолаушы жүрген азаматтар мен жүкті әйелдер, сырқатты адамдарға жеңілдік бар.
Рамазан айында әрбір ісіміздің сауабы өзге уақыттарға қарағанда еселенетіні иісі мұсылман қауымына мәлім. Себебі, Алла Тағала бұл айды өзге айлардан құрметті қылып, сауабын өзім беремін деп уәде етеді. Ендеше, Хақ Жаббардың рахым-нұры жауып, мысқалдай ізгі амалымызға таудай сауаптар жазылатын айда құлшылық-ғибадаттарымызды көбейтіп, сөзіміз бен ісімізді түзеп, ниетімізді тазартуымыз керек деп ойлаймын.
Құран Кәрімде момын мұсылмандарға бұйырылған аяттар тек бұйыру мәнінде келеді, оның сыры – Аллаға бой ұсынатындар мен теріс бұрылатындарды ажырату еді. «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй, мүміндер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» делінеді. Бұл аятта оразаның не себепті бұйырылғаны айтылуда, яғни, «тақуалыққа жетулерің үшін» дейді. Алланы жүрекпен еске алу, тілмен зікір қылу, істеген ізгі істерімен, өмірлік өлшемдерімен дәлелдеу. Есепсіз жіберген қате-кемшіліктері, күнәлары үшін Алланың қаһарынан қорыққан күйде Оның рахымы мен мейірімінен үміт ете отырып, Оразаны өзіне қалқан қылу шынайы тақуа, момын жанның бейнесі болмақ.
– Асыл дінімізде Рамазаннан да басқа айларда ораза ұстаудың сауабы бар дейді, жалпы оразаның мәнісі, ауызы берік жанға жазылар жақсылық пен берілер сауаптар қандай?
– Жалпы, мұсылман баласы үшін барлық уақыт қадірлі. Дегенмен, шариғатымызда дәрежесі биік, құрметі жоғары айлар жа­йында, расында, айқын айтылған. Әз елші Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмметімнің айы» деп, мұсылман үмметі үшін қасиетті айларды атап көрсетті. Осы мәндес келесі бір хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Иә, Алла! Ережеп және Шағбан айын қайырлы әрі мүбарак еткей, бізді Рамазан айына аман-есен қауыштыр» деп Раббысынан сұрап, дұға ететін. Міне, Рамазан айының алдында келетін Ережеп, Шағбан айлары қадірлі уақыттар. Осы айларда пайғамбарымыз тілеген жақсылыққа, мейірім мен рахым айына, кешірім мен береке айы – Рамазанға Оның үмметі, сіз бенен біз аман-есен жетіп отырмыз. Құдайға мың да бір шүкір дейміз. Хақ елші құрметтеген айларға деген құрметіміз жоғары болса, Алланың алдындағы дәрежеміз де соған сай болар деген үміттемін.
Ал, оразашының жағдайы туралы айтар болсақ, жоғарыда айтып өткен айларда ораза ұстаудың сауабы үлкен, әлбетте. Аптаның әр дүйсенбі, бейсенбі күндерінде де ауыз бекітуге болады. Жалпы оразаның мұсылмандарға бекітілуінің хикметі жайын­да Бұхариден жеткен хадисте «Егер, адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес» деп, мән-мағынасы тереңде екенін байқатады.
– Сабыры сынға түсер ораза кезінде мұсылманға қажет сипаттарға тоқталсаңыз…
– Рамазан, расында, көптеген жақсы­лықтарға жетелеуші ай. Соның бірі – осы сабырлылық. Қасиетті айда Алланың сансыз сауаптарынан үмітті адам кез келген кедергі мен қиыншылықтарға сабырлылық танытып, төзімділік көрсете білуі керек. Тіптен, ораза кезінде айыптап, сөге сөйлеген кісінің өзіне де ұстамдылықпен, пайғамбар өсиетінде айтылғандай, «Мен оразамын» деп жауап беруі шарт. Пайғамбарымыздың осы сөздің өзі көп адамға ескерту десек болады.
Дана халқымыз айтқандай, «мұсыл­маншылық әсте-әсте» дамып, өркендейді. Ислам тарихынан мәлім, Алланың хақ діні де жиырма үш жылдық пайғамбар мойына жүктелген аманат арқылы жер жүзіне тарады. Сабырдың нақ өзін көрсете білген алғашқы мұсылмандардың өмірлері, Хақ жолында көрген сынақтары кімнің де болсын көзіне жас үйірмей қоймайды. Небір сын сағаттарын бастан кешірген сахабалардың қиын-қыстау сәттеріне байланысты Алла Тағала «Сендер иман келтіргендіктеріміз үшін сыналмаймыз деп ойлайсыңдар ма?» («Анкабут» сүресі, 2-аят) деген аятын түсіреді. Осы уақиғаларды еске алған бүгінгі күннің мұсылмандары Алланың сансыз нығметтеріне шексіз шүкірлер айтып, болмашы қиындыққа кезіккенде тарихта өшпес аты қалған сахабалар өмірін еске ала отырып, бұл дүниенің сынағын сабырмен қарсы алса, иншалла, ақыреттегі егіні мол болмақ. Жыл он екі айдың бірінде ғана келетін, сансыз сауап, мол нығметтер берілетін Рамазанға деген ыстық ықыласымыз бізді екі дүние бақытына жетуге сеп болады.
Ілгеріде өткен ізгі мұсылмандар Рама­занның қуаты мен шуағына шомылып, оразадан кейінгі алты айда Алланың нығметіне
деген қуаныштан арыла алмайтын, ендігі алты айы қалғанда «Раббым, бізді Рамазанмен қауыштыра көр» деп асыға күтетін болған. Себебі, бұл айда жасалар құлшылықтар, ғибадаттар мен ізгі амалдардың сауабы мың айға татырлық қасиетті Қадір түні бар. Сол себепті, сансыз сауаптың есігі айқара ашылып, шайтандар шынжырланып байланатын мүбәрак айдың күндерін алаңсыз, түндерін қаперсіз өткізуден абай болайық.
– Күннің ұзақтығы мен аптапты ыстығына қарамастан ауыз бекітуші жанның дәрежесі қандай болмақ?
– Пәни дүниеде оңай олжа табу жол­дарының жеңіл болып, шын еңбекпен тапқан табыстың көзі қиыншылықпен келетіні әрі адалдық жібін аттамағанда ғана берекелі болатыны әмбеге аян. Бір Алланың разылығы, дүние ақыретіміздің жарық болуы үшін ұстаған оразада сезінетін азды-көпті қиындықтар да мұсылман баласын жақсылыққа жетелеп, сенімін нығайтып, шүкірін арттырады, иманын шыңдайды.
Шын ниет етіп, ораза ұстаушының дәрежесі туралы құдси-хадистердің бірінде Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен де артық» дейді. Күні ұзаққа ораза болған жанның ауыз қуысынан шыққан иістің өзін әлемдердің Раббысы жұпар иіс мисктен жоғары бағалап, құлының сыйын бір Өзі өлшеп, бір Өзі берер болса, момын мұсылман үшін бұдан асқан нендей нығмет керек болар?
Міне, сондықтан, сабыр мен тақуалықтың, шынайы иманның дәмін сезіндіретін жаз маусымына сәйкес келген Рамазан айында Алланың мейірім-рахымы мен сый-сияпатынан құр қалмағанымыз абзал.
– Елордамыз Астана ай асып, жыл аунаған сайын өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Бас қаламыздың үлкен мәдениет ордасы, руханият шаңырағына айналуы­на мешіттер де өз үлесін қосып келе жатқанына куәміз. Биылғы Рамазанда қандай игі шаралар атқарылмақ?
– Иә, әуелі Алла Тағаланың шексіз мейірім-шапағатымен, еліміз өркендеп, аяққа нық тұрды. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның аты абыроймен атала бастады. Осындай биік белестерге жетуіміз Елбасымыз бастаған ел ертеңін ойлап, келешегі үшін қамданған азаматтардың арқасы деп білеміз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы ел руханиятын, дінімізді дамыту, халыққа дәстүрлі ислам құндылықтарын жеткізу үшін өте көптеген тың бастамаларға ұйытқы болып, пәрмен берді.
Рамазан айы қарсаңында, яғни, 4 мау­сым күні Астана қаласы мешіттерінің ұйымдастыруымен «Берекелі Рамазан» рухани кеші өтеді. «Бейбітшілік және келісім» сарайында елорда халқына көптеген рухани-тағылымдық дүниелер, қасиетті ай туралы қойылымдар, бейнебаяндар ұсынбақпыз. Сондай-ақ, осы кеште «Бес парыз және тарих тағылы» республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы жария­ланып, жеңімпаздар жұртшылық алдында марапатталады. Мүшәйраға жалпы саны 434 ақын қатысып отыр.
Рамазанда, әлбетте, мұқтаж кісілерге, көп балалы отбасыларға, қарттар, балалар үйлеріне әртүрлі қайырымдылық шараларын өткізіп, көмектеспек ниеттеміз. Бұдан бөлек, отыз күн бойына қалыптасқан дәстүр бойынша қала мешіттерінде ауызашар дастарқандары жайылады. Күн сайын ауыз бекітуші әр адам осы дастарқанда ауыз ашуына болады. Ал қаламыздағы үш мешітте – «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «Ғылмани» мешіттерінде арнайы қарилар келіп, тарауих намазы оқылып, Құран хатым етіледі.
– Ораза қарсаңында оқырмандарға тілегіңіз…
– Қадірлі қазақ жұртты, ардақты оқырмандар! Рамазан – береке-бірлік айы. Тәуелсіз еліміздің көк байрағының, Отан деген ұлы шаңырағымыздың астында бірлікте тірлік қылып, ынтымақта ғұмыр кешейік. Еліміздің ертеңі мен баянды болашағы үшін аянбай еңбек етіп, осы жолда қызмет қылушы ел азаматтарына көптен көп дұға жасайық. Дұғалар кері қайтарылмайтын қасиетті уақытта еліміз бен жеріміздің тыныштығын тілейік Жаратқаннан.
Баршаларыңыздың мүбәрак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметіне лайықты жандардың қатарынан болуымызды нәсіп етсін! Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-несібесі молынан болғай! Қасиетті Рамазан баршамызға құтты, берекелі, күллі мұсылман жұртшылығына қайырлы болсын!
– Әумин. Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жайық НАҒЫМАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button