Басты ақпарат

Кадр мәселесі өткір күйінде қалды

Соңғы екі жылда әлемдік ақпарат кеңістігінде назардан түспеген денсаулық сақтау мәселесі пандемиядан кейін де өзектілігін жоймайды. Себебі «бірінші байлықтың» қадірі ендігі жерде де арта түспесе, кемімек емес. Осы орайда елорда медицинасының жай-күйімен танысып, астаналықтардың саулығын сақтауда қандай кедергілер бар екенін Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур ­МҰРАТОВТАН арнайы сұхбат барысында сұрап білдік.

[smartslider3 slider=2652]

– Бүгінгі таңда бастапқы медициналық-санитарлық көмек беруде медициналық қызмет көрсету саласы халық сұранысын қаншалықты қанағаттандыруда?

– Медициналық қызмет көрсету деген сөз болмайды, медицина мамандары ешкімге қызмет көрсетпейді. Біз қажет еткен адамдарға медициналық көмек көрсетеміз. Осыны түсініп алған жөн. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек – медицинаның ең үлкен жетістігі, бұл концепцияны ДДҰ қолдайды. Кеңес өкіметі тұсында денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырушылардың бірі Николай Семашко жасаған «Семашко жүйесі» бойынша жұмыс істедік. Бұл жүйеде диспансерге орналастыруға кіретін мекемелер желісін, мемлекеттік санитарлық қызметті құру көзделді, яғни әлеуметтік гигиена және аурудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Ол жүйе нақты бір ауруды емес, барлық ауруларымен бірге науқасты емдеуді көздесе, МӘМС тұжырымдамасы бір ауруды емдеуге бағытталған, яғни өз денсаулығы туралы пациенттің өзі ойлануы керек.

– Көбіне біздің азаматтар дамыған елдер медицинасын үлгі ете отырып, бізде неге солай емес деп налиды…

– Клиникалық медицинасы жоғары деңгейге қойылған дамыған елдердің бәрінде бірдей БМСК арқылы денсаулық сақтау жүйесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған деуге келмейді. Ол елдердің азаматтары дәрігерлердің көмегіне көбіне профилактика үшін жүгінеді. Мәселен, Оңтүстік Кореяда жыл басында пациенттерге скринингтен өту қажеттілігі туралы ескертіледі, егер олар қандай да бір себептермен тексеруге келе алмай және келесі бірнеше жылда ауырып қалса, сақтандырылған болса да, емдеу шараларының жарты ақысын өзі төлейді. «Ол елдің халқының медицинасына неге көңілі толады?» деген сұрақты өзіме жиі қоямын. Себебі олар бұрынғы біз секілді пациентті ойлап, олар үшін қам жейтін денсаулық сақтау жүйесін таңдамады. Олардың сақтандыру медицинасы бойынша стационарлық көмек қымбат тұратындықтан, халқы профилактикаға ерекше көңіл бөледі.

– Кадр мәселесін, бәлкім, анағұрлым жоғары жалақы шешер?

– Жалпы практикадағы дәрігерлер жалақысын көтеру жағдайды өзгерте қоюы неғайбыл. Әрине, дәрігер жалақысын көтеру керек, алайда жас дәрігердің ұстазы және жұмысқа асығатын ынтасы болуы қажет. Мынаны түсіну керек: осы мамандықты таңдап, адамдарға көмек көрсетуді міндетіңе алған екенсің, онда медицина шетелдегідей жоғары табысты бизнес орта емес екенін де ұғуға тиіссіз. Дегенмен, жалақыдан бөлек, бірінші орынға жақсы ұстаз бен жайлы инфрақұрылымды қояр едім. Алғашқы бес жылда жас дәрігер білім деңгейін арттырып, салаға машықтанады. Оған тәжірибе жинақтап, жан-жағына қарап, меңгерушіден пациенттің мәселесін қалай шешетінін үйрену керек. Бұл жас маманның практикалық сабақтарының бастауы болады.

– Сонда бұдан шығар жол қайсы?

– Біз биыл инфрақұрылымды дамытудың концептуалды жоспарын қабылдадық. Елорданың шет аймақтарында арнайы мамандар көмегін алу үшін толыққанды емханалар салынады. Бұл ретте оларды кадрлармен толықтыру басты мәселе болғалы тұр. Дегенмен қол қусырып қарап отырмай, мәселені шешуге барынша тырысамыз.

– Біздің білуімізше, елде алты медициналық ЖОО бар, конкурс үнемі ауқымды болады, мемлекеттік квота көп бөлінеді, сонда да неге кадрлар жетіспейді?

– Бізде орта буындағы, яғни шамамен 40-45 жастағы дәрігерлер жоқ. ЖОО аяқтаған кезде бізді түрлі салаларға тартты, көбі басқа мамандық таңдап кетті, кейбірі жеке компанияларға кіріп алды. Клиникалық мамандарды осылай жоғалтудан жастар тәлімгерлерге зәру болып қалды. Олардың рөлін қазірде өздерінен бес жас үлкендер атқарып жүр. Мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.

– Дәрігер мәртебесін қалай көтеруге болады? Неге бүгінгі медицина туралы тек теріс пікір көп айтылады?

– Дәрігер мәртебесін олар нақты бір ауруды емес, барлық ауруларымен бірге науқасты емдей бастағанда көтеруге болады. Бұрын қалай еді? Бұрын дәрігер келіп тұрған өз пациенті болмаса да, оны қолынан жетектеп басқа кабинетке апаратын. Алайда біздің қала бұған үйренісе алмады. Ал шетелде бұл – қалыпты тәжірибе, себебі тағы бір диагноз – ол басқа сақтандыру жағдайы дегенді білдіреді. Біз қиын болса да пациенттерге қор тек бір диагноз үшін төлейтінін айтып түсіндіруге тырысамыз. Бұрын бәрі жалпы қаржыландырылатын, яғни 200 төсек орынға нақты бір ақша тиесілі және оны аурухана жыл соңына дейін алады, ал қазір медициналық ұйым өз күнін өзі көруі тиіс. Сонда табыс қайдан келеді?

Қоғамда дәрігер мәртебесі туралы сан алуан пікір бар. Денсаулық сақтау министрлігі басқа бағытты көздейді, алайда халық мұны біз ойлағандай қолдамайды. Соған қынжыласың. Еліміздегі медициналық көмекті ұйымдастыруда әлемдік үрдістердің қолданылуы біздің жағдайымызға келіңкіремейді.

– Университет клиникасы кадр мәселесін шешуге көмектесер ме еді?

– Әрине, университет клиникасы өте керек, студенттер төсекте жатқан науқасты қарау арқылы үйренетіндей емдеу-оқыту процесін де жолға қою керек. Алайда бұл мәселенің шешімі оңай емес. Біз Болон тұжырымдамасын қабылдап, теориялық бөлігін әлемдік стандарттарға дейін жеткіздік, бірақ біздегі негізгі жұмыс бөлігі әлі ақсап тұр. Тәрбие беру жүйесі біздің кезімізде мемлекет тарапынан қарастырылды, сәйкесінше, емдеу ұйымдары ЖОО-дан кейінгі тәрбие жұмыстарын міндетті жұмыс ретінде жалғастырды. Мәселен, ЖОО бітіргеннен кейін өз басым 2,5 жыл тек ауру тарихын зерттеумен және жазумен ғана айналыстым. Сосын барып ота жасау дәрігерінің ассистенті болдым, бір жыл өткен соң барып кішкене хирургиялық оталарды өз бетімше жасай бастадым. Осылай он жыл бойы жұмыс істедім. Бүгінгі таңда медицинада практика мен теорияның арасында үлкен алшақтық бар. Біздің жалпы практикадағы жас дәрігерлер жұмысқа маман болып келеді. Бірақ олар өздеріне толық сенімді емес, бұл – өте ауыр жағдай.

– Студенттер емханасы төңірегінде де даулы әңгіме көп. Олардың жалпы қажеттілігі бар ма өзі?

– Жекелеген студенттер емханасына деген соншалықты бір қажеттілікті мен көріп тұрған жоқпын. Студенттер қадам бойынша қолжетімділік қағидатымен тіркелуі керек.

– Ал емханалардың қажеттілігі бар ма?

– Шындығында, емханалар қажет. Емханалар көптеген мәселелерді, қымбат тұратын стационарлық емдеуді азайтып, стационар алмастырушы технологияны арттыру керек. Әрі жалпы практикадағы дәрігер де көп нәрсені шешеді.

– Онда әлсіз тұстары қайсы?

– Қазақстанда бастапқы медициналық-санитарлық көмек бойынша декларация екі рет қабылданды. Жалпы денсаулық сақтау жүйесі негізгі үш тұғырдан тұрады. Біріншісі – білікті кадрлар, екінші – инфрақұрылымның жеткіліктігі, үшіншісі – барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын медициналық ұйымдар құру. Осы жерде мәселе туындайды. Кадрлар мәселесі осы күнге дейін өткір күйінде қалып отыр, оларға деген сұраныс жоғары. Жалпы кадр мәселесінде бізде апатты жағдай қалыптасқан деуге болады.

Біздің жалпы практикадағы дәрігер құзыреті шеңберінде фельдшерден бастап терапевт-педиатрға дейінгі аралықтағы қызметтерді атқарады. Оған екі айлық бала мен 85 жастағы қарттың диагнозын анықтау өте қиын. Осы мәселенің бәрінен шығудың екі жолы бар: біріншісі – «Семашко жүйесіне» оралу, яғни кейінге шегініс жасау, екіншісі – қазіргі қолда барды соңына дейін жеткізіп, сапалы деңгейге апару және сол арқылы ұзақ жұмыс істеу. Жалпы практикадағы дәрігерді терапевт пен педиатрға бөлу арқылы арнайы мамандарға баратындар санын азайтып, көптеген мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік алуға болады. Ал инфрақұрылымға келетін болсақ, сіз жалпы практикадағы дәрігер бөлмесінен көрген жабдықтарды лор дәрігер бөлмесінен де көріп пе едіңіз? Әрине, жоқ, себебі жалпы практикадағы дәрігерлердің бәрінің бөлмесін жабдықтай бергенше, ол жабдықты арнайы мамандардың бөлмесінде жинақтаған дұрысырақ. «Семашко жүйесі» кезінде әр емханада пациенттерді мамандарға жолдайтын сауатты тіркеу қызметі жұмыс істегенін еске саламыз. Мен пациенттерді бірден арнайы мамандарға жолдайтын терапевт пен педиатрларды бөлек ұстауды жөн көретіндердің бірімін.

– Теміржол ауруханасының ендігі тағдыры не болады?

– Меніңше, ол ескі қаладағы жұртшылыққа керек. ҚР ДСМ есебі бойынша елордада төсек орын саны жеткілікті, бірақ мен олай ойламаймын. Денсаулық сақтау министрлігі, республикалық және ведомстволық ұйымдарды қоса алғанда, төсек орындарды есептейді. Алайда көптеген клиникалар тек жоспарлы түрде пациенттер қабылдайды. Жедел жәрдем арқылы жеткізілетін, шұғыл көмек қажет ететін науқастар үшін №1, №2 және бұрынғы теміржол ауруханасы (қазіргі №3 аурухана) жұмыс істейді. Менің ойымша, ол аурухананың орнына жаңа корпус салып, оны қалаға қайтару керек. ДДҰ декларациясына сәйкес, амбулаторлық емдеу деңгейін арттыра отырып, төсек орын санын азайту қажет. Біз бәрібір де стационарлық көмекке зәруміз. Ол жерде үздік кадрлар бар, менеджмент пен тәлімгерлік жүйесі жақсы жолға қойылған. Екінші себебі – пациент ауруханада өзін сенімді қорғалғанына уайым жемейді.

Айгүл ӘЛЖАҚСИНА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button