Басты ақпаратТаным

КАДР САПАСЫ САРАПТАЛДЫ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында құқық қорғау саласының қызметкерлерiн кәсiби жетiлдiру мен жоғары деңгейлi маман етiп шығару мәселесiне айрықша назар аударды.

Осы аптада Президент Әкiмшiлiгiнiң басшысы Аслан Мусиннiң төрағалығымен кеңес өттi. Жиында ҚР Президентiнiң «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн кезектен тыс аттестаттаудан өткiзу туралы» Жарлығын жүзеге асыру жұмыстары кеңiнен талқыланды.
Президент әкiмшiлiгiнiң өкiлдерi, Үкiметтiң, Конституциялық Кеңестiң мүшелерi, министрлiктер мен ведомстволардың, құқық қорғау органдарының басшылары қатысқан басқосуда 110 мыңға жуық адам аттестаттаудан өтетiнi белгiлi болды.
Президент бекiткен бұл мiндеттеуде қызметкердiң бiлiктiлiгi мен бiлiмi тең сарапқа салынып, тәжiрибелiк және теориялық шеберлiгi сынға түседi. Аттестаттау ережесiне сәйкес елiмiзде құрамына 500-ден артық маман кiретiн, 90-нан астам комиссия құрылады. Үш кезең бойынша ұйымдастырылатын жұмыс¬тар жылдың соңына дейiн аяқталуы керек.
Кезектен тыс аттестаттаудың бiрiншi кезеңiнде – құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары, ведомстволар мен аумақтық бөлiмшелер басшылары, сонымен қатар олардың орынбасарлары, жоғары оқу орындары басшылары сынға түседi. Екiншi кезеңде аттестаттаудан өтетiн қызметкерлер тiзiмiн құқық қорғау органының басшысы анықтайды. Үшiншi кезеңде аумақтық органдардың жеке құрамы өткiзiлетiн болады.
«Кезектен тыс аттестаттауларды ұйымдастыру және өткiзу барысында формальдылыққа, бiржақтылыққа, тамыр-таныстыққа жол бермеу аса маңызды. Әр қызметкердiң құқылары сақталуына кепiлдiк бере және әрқайсысына дербес тұрғыдан келудi қарастыра отырып, барлық процедуралардың ашықтығы мен объективтiлiгiн қамтамасыз ету қажет», –дедi аталған кеңес төрағасы.
Айта кетейiк, кезектен тыс қайта аттестаттаудан өтуге дайындық жұмыстары қызметкердiң құқықтық бiлiмiн арттыруға және құқық қорғау органдары қызметiн реттейтiн заңнамалық актiлерiнiң талаптарын нақтырақ түсiнуге жол ашады. Нәтижесiнде саланың кадрлық әлеуетi мен бiлiктiлiгiне баға берiлмек.
Елордалық құқық қорғау органдарының өкiлдерi басқа да қызметкерлермен бiрдей деңгейде сынақтардан өтедi. Бiрiншiден, аттестаттаудан өтуге жататын қызметкер ҚР заңнамаларын бiлуi және логикалық ойлауы компьютерлiк тестiлеуден өтуi тиiс. Екiншiден, тиiстi құқық қорғау орга¬нының қызмет ерекшелiктерiн ескере отырып, дене шынықтыру, жауынгерлiк және қызметтiк даярлық жөнiндегi белгiленген нормативтердi тапсырады. Сондай-ақ, психологиялық жағынан тексеру қарастырылған. Барлық ресiмдердiң ашық және объективтi болуы, әр қызметкердiң құқықтарын сақтау мақсатында жеке тәсiлдер қолданылу жоспарланып отыр. Қарапайым азаматтар кезектен тыс аттестаттаудан кейiн Астана қаласының құқық қорғау органдарының жеке құрамының адал, өз iсiн сүйетiн, елжанды, адам құқықтары мен заңды мүдделерiн жоғары деңгейде қорғауды қамтамасыз ететiн қызметкерлермен толығып, жаңаруын күтедi» дейдi ҚР Заң шығару институтының жетекшi ғылыми қызметкерi Жамаладен Ибрагимов.
Ал сынақтан сүрiнген қызметкерлердiң лауазымы төмендетiледi немесе құқық қорғау органдарынан бiржола аластатылады деп күтiлуде. Жиырма жылдан аса еңбек тәжiрибесi барлар, бала күтiмiне байланысты демалыстағы әйелдер, шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген қызметкерлер бұл сынақтан босатылған. Мұндай мемлекеттiк деңгейдегi аттестаттау Астана қаласы бойынша да құқық қорғау органдарының жаңа толқынын даярлауға соны серпiн беретiнi сөзсiз.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button