Оқырманнан он сұрақ

Бекжан ТҰРЫС, актер: ЖАҚСЫ КIТАП ОҚЫСАМ, ЖАНЫМ ЖАДЫРАЙДЫ

 

Өнер жолына қалай түстiңiз?
Лаура,  студент

– Бала кезiмнен өнерге құштар болдым. Әрбiр адамның арманы болады ғой. Менi де кiшкене күнiмнен актер болсам деген арманым алға жетеледi. Сол арманның жетегiнде жүрiп, өнердiң кемесiне мiндiк. Елубай Өмiрзақов, Асанәлi Әшiмов, Әнуар Молдабеков, Шәкен Айманов сынды ағаларымыздың өнерiне тәнтi болып, елiктеп өстiк. Ананың ақ сүтiмен дарыған қасиет, даланың, табиғаттың берген дарыны өнердiң нағыз өлкесiне алып келген жайы бар.

Ұлыңыз Мағжанды да жақсы бiлемiз. Кезiнде «Хабар» арнасындағы «Ұят болмасын» бағдарламасында жарқ етiп көрiнiп, көпшiлiктi өнерiмен сүйсiнткен балаңыздың болашағынан не күтесiз?
Сұңқар Есен, оқырман

– Жасыратыны жоқ, кей адамдар өнерi жоқ балаларын сүйрелеп жүредi. Кезiнде осы бағдарламаға балаларды iрiктегенде сыннан өтiп, театрда кiшкене балалардың рөлiн сомдап көрiнiп жүрген бала едi. Бойында қан бар ғой. Болашағын дөп басып айта алмаймын. Өзi де «Әке, бiр Алла ғана бiледi» деп қояды. Ендi болашақ еншiсiнде ғой. «Атадан ұл туса игi, ата жолын қуса игi» демекшi, соңымнан ерген тұяғымның болашағына үлкен үмiтпен қараймын.

Бiр сұхбатыңызда «Атақ дегенге аса қызыға бермеймiн» деген екенсiз. Неге?
Жасұлан Акрамов, оқушы

– Рас, мен атақ iздеген адам емеспiн. Атақты жақсы көретiн адамдар бар. Ал менi оқытқан ұста­зым олай тәрбиелеген жоқ. Студент кезiмде Әзербайжан Мәмбетов ағам өзi шақырған. Сонда Шолпан Жан­дарбекова «Сенi Әзекең үлкен ша­ңы­раққа алып бара жатыр. Бойыңда қасиет, өнер болғаннан кейiн бара жатырсың. Қолпаш сөз, мақтау ай­тылса, дандайсыма. Атақ үшiн емес, атақ сен үшiн қызмет етсiн. Сен жұ­мысыңа адал болсаң, өзi-ақ ке­ледi» дедi. Сондықтан театрдың төл ба­ласымын деп айта аламын. «Дарын» сыйлығын да жасым өтiп кеткеннен кейiн бердi. Одан кейiн Мұқағали атындағы сыйлық, «ҚР еңбек сiңiр­ген қайраткерi» атағын алдым. Бұл да бiр еңбектiң өлшеуiшi шығар. Италиялық Альберт Кайнер: «Атақ – қоғамдық, саяси ортаның ойлап тапқан ойыншығы» деген екен. Ендi.. еленiп, марапатталып жатсақ, өкiмет пен халықтың өнерiмiздi бағалағаны болар.

Бүгiнгi өнер адамдарының денi той-томалаққа барып, қосымша табыс табады. Бұған сiздiң көзқарасыңыз қандай? Той басқаруға барып тұрасыз ба?
Халима, оқырман

– Өтiрiк айта алмаймын, барып тұрамын. Егер театрдағы жалақым жетiп тұрса, бармас едiм. Тойға   материалдық жағынан септiгi бар деген мақсатпен бара­мыз. Тойды да кез келген адамға бас­қартпайды. Сөздiң анығын, көңiлдiң жары­ғын беретiн адамға басқартады. Бабала­рымыз «той –тәрбиенiң басы» деп айтқан. Нағыз қазақтың тойы дәл қазiргiдей бал­дыр-батпақ емес. Бүгiнде асаба­лық­ты кәсiп қылып алғандардың қата­ры көбейдi ғой. Өкiнiшке қарай, қазiргi тойлардың көпшiлiгi жеңiл-желпi өтiп жатады. Тәуелсiздiк ал­ғалы жастарымыз имандылыққа бет бұрып жатыр ғой. Жақсы бағытқа бұрылса, бәрi қал­пына келер.

Сiздi қоғамның бiр мүшесi ретiнде не алаңдатады? Өмiрден не түйдiңiз?
Сәнiмгүл Төлеу, мұғалiм

–«Жалғыз қалғың келсе, шын­дықты айт» дейдi. Қазiр заманға қа­рай адамдар тым жағымпаз, жылпос болып барады. Бетiңе қарап күлiп алып, көзiңдi ала бере жамандай­ты­ны бар. Қоғамдағы болсын, театр­дағы болсын, осындай келеңсiз­дiктердi көр­сем, шыдай алмаймын. Көп атал­май кеткен ақын Өмiрзақ Қожа­мұра­товтың мынандай бiр өлең жолы есiме түсiп отыр:
«Сен бастығыңды айттың,
жағынып жалпаңдайтұғын,
Мен жастығымды айттым,
тауларды талқандайтұғын,
Бiле кет,
Ақылдан адасқандардың,
ажалдан адаспайтынын.
Тақ үшiн таласқандардың,
табытқа таласпайтынын».
Сатқындары сатылап өрлеп, жан­тық­тары әлi де өлмеген елмiз. Бiр бас­шы келсе, соның қолтығына кiрiп ала­ды да, келесi басшы келгенде оп-оңай сатып жiбередi. Осындай мi­нездердi көргенде тұла-бойың түр­шiгедi. Қазiр байқасаңыз, құдайдан гөрi қызметi үлкендерге табыну басым, ақшаны жақсы көретiндер көп. Әри­не, ақша керек емес деп айта алмай­мын, бiрақ ақшаның құлына айна­луға болмайды ғой. Бұл – менiң тек жақсы көрiну үшiн айтып жатқан сөзiм емес, өмiрден түйген ойым.

Әншiлер қауымы театрға жиi келiп тұра ма?
Бекзат, студент

– Әншiлер көп келедi дей алмаймын. Театрға жиi келетiндердiң iшiнде Саят Медеуов пен Тамара Асарды ерекше атар едiм. Ресейде актерлер мен әншiлер ұштасып, өнерлерiн бөлiсiп жатады. Бiзде әншiлер – бiр әлем, актерлар – бiр әлем. Әркiм өз бетiнше өмiр сүруде. Батыс елдерiнде, Еуропада мәдениеттiң деңгейi театрмен өлшенедi екен. Бiзде ондай мәдениетке жете қойған жоқ. Әсiресе, шенеунiктер театрға келмейдi.

Сiздi актер ғана емес, әншi ретiнде де жақсы танимыз. Сiзге бұл екеуiнiң қайсысы жақын?
Абылай Есболұлы

– Мен – ең бiрiншi актермiн. Әншi емеспiн. Бала күнiмiзден аталарымыздың үйретуiмен, ән айтып өстiк. Ән адамның өмiрiн­дегi ажырамас серiгi ғой. Институт қабырғасында жүргенде тәп-тәуiр ән салатынмын. Кейiн келе сирете бастадым. Қазiргi әндерiмнiң көбi спектакльге арналып жазылған. Ән айтайын деп арнайы бел шешiп келгенiм жоқ.

Рөлге қалай дайындаласыз?
Еркiн Жапаров

– Актердi актер ететiн – рөлi. Ол ылғи iзденiсте, ой үстiнде жүруi керек. Бұл өзi – беймаза мамандық. Асқар Тоқпанов: «Актер – жаһан даланың саяхатшысы» деушi едi. Баққожа аға­мыздың «Өмiрзаясында» ойнағанда жүйке ауруларының ауруханасында түнедiм. «Жүрейiк, жүрек ауыртпай» спектаклiнде қарттар үйiне бардым. Рөлге дайындалу – қойылымның жанрына тiкелей байланысты. Сон­дық­тан, тарихи пьесаларда тарихи кiтаптарды оқып, тарихи фильмдердi көремiн. Iзденбей, зерттемей адам рөл­ге кiре алмайды. Онда рөлiңiз сәт­сiз шығады.

Кiтап оқисыз ба?
Жанар, оқушы

– Кiтап оқуға әрқашан уақыт табамын. Үйге барғанда кiтапқа қара­масам, ұйықтай алмаймын. Түсiрi­лiм­нен немесе қойылымнан шаршап кел­сем де, кiтап оқимын. Бiр шығарманы оқып, соның iшiндегi жақсы айтылған ойды, санаға сiлкiнiс берер пiкiрдi кездестiрсем, шаршағаным басылады. Бұл – бала кезiмнен бергi қалып­тасқан ғадетiм. Қатты шаршап, мұрттай ұша­тын кездер болмаса кiтап бетiн ашпай ұйықтамаймын.
Қазiр Мырзагелдi Кемел ағамыздың 6 томдық жинағын, Иран-Ғайыптың өлеңдерiн оқып жүрмiн.

Кезiнде театр саңлақтарының бiразымен әрiптес болдыңыз. Сахнада бiрге өнер көрсеттiңiз. Олардың сахнада ойнауы мен бүгiнгi театрға жаңа келген жастардың ойынын салыстырып отырасыз ба?
Нұрлан Нәдiров, оқушы

– Театрдың қалыптасу тари­хының өзi бiрнеше буыннан құрал­ған ғой. Театрдың қазығын қағып, керегесiн тұрғызып, уығын тiгiп, ша­ңырағын көтергендер бар. Қал­лекилер, Елеғаңдар, одан бергi Асан­әлi Әшiмов, Сәбира Май­қа­нова, Бикен Римова, Уайс Сұлтан­ғазин, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды аға-апала­рымыз – бұлардың барлығы қазақ театрының айнасы болған жандар. Олардың мектебi өте мықты бола­тын. Актердiң ең бiрiншi құралы – сахнадағы үнi, сөз құдiретi. Осы жағынан алғанда ағаларымыз еш­кiмге қамшы салдырмайтын… Бiз сол мектептен өттiк. Ол буынды театрға бүгiн келiп жатқан жастар­мен салыстыруға келмейдi. Өйткенi, жаңа келген актерлер көбiне сөз­дерiн көрерменге жеткiзе алмайды. Тiлдерi жұтаң, тақыл-тұқыл, жатта­ғанын ұмытса, әрi қарай жалғай алмай қалады. Мүмкiн осыған орай үлкендер тарапынан осы мәндегi сын айтылған шығар. Бұл – бiзден кейiн жақсы актер шық­пайды деген сөз емес, ол әр­кiм­нiң өзiнiң азаматтығына сын, бiзден кейiн де небiр сыршыл актерлердiң туатыны кәмiл. Бiрақ кешегi саң­лақтардың үнiндей қазiргi сахнада үн жоқ.

Әзiрлеген Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button