Білім

Кәсіптік білім – болашақ кілті

Елордада 32 кәсіптік орта білім беру ұйымы бар. Соның ішінде нарыққа сай мамандар әзірлеп, әлеуметтің сұранысына жауап беріп отырған білім ордасының бірі – Қазтұтынуодағы жоғары колледжі. Жаңа заман талаптарына жауап беретін, құрылғанына 68 жыл болған оқу орны – зор мүмкіндіктер алаңы. Бүгін біз елордадағы Қазтұтыну­одағы жоғары колледжінің директоры Мырзабек КҮЖІМОВПЕН сұхбаттастық.

– Мырзабек Төребекұлы, қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі міндетінің бірі. Колледжде балалардың тегін білім алып, білікті маман болып қалыптасуы – мемлекеттің айрықша бақылауында. Колледж осы талаптар үдесінен шығып отыр ма?

– Үкімет кадр даярлау, әсіресе жұмысшы мамандықтарды әзірлеу мәселесіне қатты көңіл бөледі. Қазақстан экономикасы қуатты болу үшін оның кадрлары білікті болуы керек. Сондықтан да жас маман кадрларға кәсіптік білім саласында мемлекет көп жағдай жасап отыр. Мемлекет тарапынан негізгі шешілген мәселе – тегін оқу. Қазіргі 9-сыныпты бітірген оқушылар экономикаға керек мамандық бойынша тегін оқи алады. Бұл – өте тамаша қадам. Мемлекеттік тапсырыс қазір жеткілікті түрде беріліп отыр, жыл сайын саны көбеюде. Сапасы туралы айтатын болсақ, нарыққа байланысты қазір колледждерге академиялық дербестік берілді. Онда колледж оқу бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірге дайындайды. Мұны өте дұрыс қадам деп айтуға әбден болады. Біріншіден, сапалы, білікті маман даярлауға тікелей өздері қатысқандықтан, жұмыс берушілердің кадрға қатысты сын айтуы азайды, осы процесті барынша жетілдіруге тырысады. Екіншіден, биыл, міне, үшінші жылға кетті, жұмыс берушілердің тапсырысы бо­йынша мақсатты түрде да­йындау (целевой госзаказ) жүзеге асып отыр. Бұл да жастарымыз үшін тамаша мүмкіндік деуге болады. Талапкер емтихансыз, конкурссыз, тегін, шәкіртақы алып, өзі таңдаған мамандық бойынша оқуға түсе алады. Тек бір талабы бар – жұмыс беруші талапкерді әңгімелесу арқылы қабылдайды. Біздің колледж де, басқа колледждер де сапалы кадрларды даярлау үшін осындай мақсатты жұмыс істеп отыр деуге болады.

– Экономика, сервис және ақпараттық технология салалары бойынша еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыретті мамандар даярлау­ға бағытталған білім беру қызметін іске асыру – колледж­дің миссиясы. Қажетті материал­дық-техникалық базасы қалай, педагогтар тапшылығы бар ма?

– Материалдық-техникалық база оқу процесінде үлкен рөл атқарады. Колледж қарауындағы оқу ғимаратында 138 орындық 6 компьютер сыныбы және 22 аудитория, оның ішінде интерактивті жабдықтармен жасақталған 15 кабинет бар. 21668 кітапты құрайтын кітапханамыз, 5 қабатты жатақханамыз бар, оқимын деген балаға барлық жағдай жасалған. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша Халықаралық қайта құру және даму банкінің (Дүниежүзілік банк) 380000 АҚШ доллары көлеміндегі грантын жеңіп алдық. Осы қаржыға колледждің материалдық және техникалық базасы жетілдірілді, осы мамандық бойынша кәсіби модульдар әзірленді, оқытушылар елімізде және шетелде кәсіби біліктілігін арттыру курсынан өтіп, тәжірибесін шыңдады. Мысалы, «Есеп және аудит» мамандығы бойынша Қазақстан-Германия жобасының серіктесі болды, 2015 жылдан бері British CounciI жобаларының қатысушысы және жеңімпазы, Ұлыбританияда мұғалімдеріміз біліктілігін арттыру курсынан өтіп, жеңімпаз студенттер осы елге, Лондонға барып келді. 2021 жылы Creative Spark жобасына қатысып, қатысушылар жобаны дамытуға қаражат алды. 2022 жылдан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Ұлыбританияның Capital City College Group компаниясымен халықаралық жобаның қатысушысы болды. Жыл сайын колледжге лекция оқып, тренинг, коуч, шеберлік сыныптарын өткізу үшін «Атамекен» ҰКП жетекші бизнес-тренерлері, қызмет көрсету және экономика саласындағы практикалық қызметкерлер келіп дәріс береді.

– Колледждерде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жеткілікті ме? Мектеп, жоғары оқу орындарымен салыстырғанда қандай?

– Осы мәселені бүгінде өзекті деуге болады. Мұны Үкімет те біледі, Оқу-ағарту министрлігі қолға алып, нормативтік құқықтық жағынан әзірлеу үстінде, алдағы уақытта жекеменшік колледждерге қаржыландыру мәселесі шешімін табады деген үміттеміз.
Өйткені кадр тапшылығының осы қаржыландыруға тікелей қатысы бар. Оқытушылардың мемлекеттік колледждегі әріптестерінен жалақысы төмен, сондықтан оларды ұстап тұру қиын. Мысалы, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру мектептегі әрбір балаға 620 мың теңге көлемінде болса, жекеменшік колледждегі қаржыландыру 450 мың теңгені құрайды. Бұл – өте төмен қаржыландыру. Негізі, колледждерді қаржыландыру сомасы 700-800 мың теңге болу керек деген есеп-қисап бар. Үкімет қажетті заңнамаларға өзгерістер енгізіп, бұл мәселені шешуді қарастырып отыр.

– Сенімді әлеуметтік серіктестер, жұмыс берушілер, тәжірибелік оқыту базасы туралы айта кетсеңіз. Колледж-­студент-жұмыс беруші: келісім қалай?

– Бүгінгі таңда білікті кадрлар даярлау тек білім беру мекемесінің міндеті емес. Колледждерге академиялық дербестік беруге байланысты ол талаптар өзгерді. Қазір білім ордасы-жұмыс беруші-студентпен бірлікте атқарылар үлкен жұмыс деуге болады. Еңбек нарығына кадрларды жұмыс берушісіз шығару мүмкін емес. Сондықтан соңғы 5-6 жылда дуальді оқытуды қолға алдық. Теориялық білімді колледж қабырғасында алса, практикалық білімді жұмыс берушілерден ала алады. Яғни жұмыс беруші өзіне лайықты, қажетті маманды даярлап шығады. Бұрын оқу 60%, тәжірибе 40% болса, қазір керісінше, оқу 40%, тәжірибе 60%-ды құрайды. Жұмыс беруші өзіне керекті маманды колледжде осылайша даярлап шыға алады. Әлеуметтік серіктестердің келісімімен білім беру бағдарламалары келісіледі. Колледж-жұмыс беруші-«Атамекен» палатасы – бәрі бірлікте жұмыс істейді. Бұл ретте тазалыққа, шынайылыққа, әріптестік қарым-қатынасқа мән беріледі. Колледждегі мамандықтар бо­йынша қаладағы ірі кәсіп­орындар қатарына әлеу­меттік серіктестер тартылған.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Екатеринбург сауда-­экономикалық техникумы, Ново­сібір кооператив техникумы, Самарқандтағы туризм және мәдени мұра техникумымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. WorIdSkiIIs Astana-2023 байқауында колледж 13 құзырет бойынша дайындалып, оның 11 құзыреті бойынша үздік орындарға ие болды, оның 6-ауы – «Алтын медаль» иегері. WorIdSkiIIs халықаралық байқауы – дағды мен шеберлік сыналатын, шыңдалатын ерекше жоба.

– Колледждегі мамандықтардың қайсысына сұраныс көп? Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу динамикасы қандай?

– Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу динамикасы 84 пайызды құрайды. Негізінен, біз 5 мамандық бойынша мамандар даярлаймыз, олар – «маркетинг», «есеп және аудит», 2 түрлі IТ мамандығы, «тамақтануды ұйымдастыру», «бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары. Бұл мамандарға сұраныс бар. Жастар осыған қызығып келеді.

Біз, негізінен, балаға талапты дұрыс қоя білуіміз керек. Жақсы оқу, әрине, керек шығар. Білім керек, бірақ ең керегі білікті болу, өміріне қажетті нанын таба алуы дер едім. Кәсіптік білім берудің ең қажеттілігі осындайда туындайды, жастай білім мен еңбекті қатар ұштас­тырған студент өміріне қажетті дағдыны игеріп, нарық ағымына ілесіп кете алады, тіпті кәсіп ашып, кәсіпкер болуына толық мүмкіндік бар. Колледжде оқыған балалар нарыққа бейім, заман өзгерістерін тез қабылдайтын жастар деп айтар едім. IT мамандығын бітірген түлегіміз жақында келіп кетті, бірер жылдың ішінде баспана алған, көлік алған, жақсы жалақымен отбасын, туыстарын асырап отыр. Қазір жұмыс берушілер жастардан диплом емес, білік талап етеді.

– Маманның өмірдегі өз орнын тауып, өзін-өзі қамтамасыз етуі үшін міндетті түрде ЖОО бітіріп, 2-3 диплом алуы қажет пе? Білім не үшін керек, маңызды болып көрінуге ме, өзін-өзі қамтамасыз етуге ме?

– Болашақта қолында жоғары оқу орнын бітірген дипломы бар дегеннен гөрі қолынан не келеді деген талапқа мән беріледі. Колледждерге академиялық дербестік берілуінің арқасында біз қазіргі нарыққа қажет мамандарды даярлауды бастап кеттік. Мысалы, аспаз-кондитер мамандығы бойынша колледжді бітірген маман бір компанияға, я мейрамханаға жұмысқа кірді делік, енді осы жас маман әрі қарай өз кәсібін ашып, аяққа тұруы үшін не істеуіміз керек, тағы қандай дағды үйретуіміз керек – осыған орай, яғни ол кәсіпкерлікті бастауы үшін бухгалтерлік есеп-қисапты, салықты қалай төлеу керектігін үйретіп жатырмыз. Нақты мысалмен үйретеміз, оқытушының өзі бизнес бастап, кәсіпкер болу үшін қандай құжаттармен, есеп-қисаппен жұмыс істеу керектігін өз тәжірибесімен үйретеді. Осыны меңгерген түлектеріміз қазір елорданың ең мықты компанияларында абыройлы жұмыс істеп, ақша тауып жүр. Елімізде көп кәсіпкер салықты дер кезінде төлемей немесе заңды бұзып, салғырттығынан бизнестің дамуына кедергі келуде, оны күнде көріп жүрсіз. Заңнама жағынан сауатты, өз ісін сү­йетін, білікті кадр болса, оның ел экономикасына тигізер пайдасы ұшан-теңіз болар еді деп ойлаймын. Мен осы колледжге бизнес саласынан келдім. Басында оқу ордасындағы білім беру бағдарламасының өзектілігі мені қатты ойландыратын. Сосын ұжымға айттым «неге біз оларға да, елге де керекті дағдыларды үйретпейміз?!» деп осы бухгалтерлік есептеуді, кәсіп ашу ісіне бағыт-бағдар беру мәселесін қолға алмаймыз деген ойымды айттым, басында бұған таңданып қарады, 8 жыл бұрын осы мақсатты жүзеге асыра бастадық. Сондықтан біз нарыққа керек мамандарды әзірлей бастадық. Қазір колледжде 750 студент бар, оның 200-і биыл дипломын алады деп отырмыз.

– Сіз оңтүстік өңірде туып өсіп, Арқада білім алып, осында еңбек жолын бастадыңыз. 30-40 жыл ішінде Целиноград-Ақмола-Астана қалай өзгерді?

– Өзім оңтүстікте туып өс­кеніммен, Қарағанды кооператив институтында білім алдым, сосын осы Целиноград қаласына көшіп келдім. Мені Арқаның жігіттері жылы қабағымен, кең құшағымен қарсы алды. Ақмолалықтарды жері қандай құнарлы болса, азаматтары да сондай мықты адамдар деп айтар едім. Біз келгенде Целиноград қаласында қазақтар 17 пайыз ғана болды. Осында келгенде облыстық тұтынушылар одағы мекемесінде ревизор ретінде жұмысымды бастадым. Жұмыс барысында Ақмола облысының барлық  ауданын аралап шықтым, кейін Целиноград аудандық сауда ісін басқардым. 2002 жылы осы колледжге басшылық қызметке келдім.

Негізі, мен еңбек, өмір жолымда жақсы адамдармен араластым, сыйластым, қызметтес болдым. Барлығының атын айту мүмкін емес. Сонда да өміріме үлкен әсер еткен, қамқор болған ағаларымды атап өткім келеді. Олар: Хазболат Ашляев, Ерқара Аймағамбетов, Саят Қамзебаев, Рашид Әкімов.

Астана басында бірнеше үлкен көшеден тұратын шағын қала еді, бұрынғы «Заречный» кеңшарында картоп егілетін, айналасы көл, су, ағаш – жап-­жасыл белдеу болатын. Қазір заманға сай керемет ғимараттар салынды, тамаша қала сәулеті кім-кімді де қызықтырады. Алматыдан Ақмолаға астананы көшірудің өзі өте дұрыс шешім болғанын сезініп отырмыз. Енді тек сол Целиноград кезінде, одан бұрынғы тарихты шынайы айтып беретін, экспонаттары қо­йылған жақсы музей келушілерге, туристерге қызмет етуі керек деп ойлаймын. Сосын жаңағы шұрайлы жерлерді, айдынды көлдерді, жасыл желектерді ысырып, биік ғимараттарды сала бермей, адамдар тынығатын, демалатын оазис болуы керек деп есептеймін. Алғаш келгенде қандай тамаша табиғат, неткен көрініс, неге отандастарымыз көптеп келмейді екен дейтінмін, ол арманым жүзеге асты, әрине, қала ел астанасына айналды. Тек экологиялық талаптарды да ескерсек деймін.

– Сізді Қажымұқан ауылында палуан ескерткішін көріктендіруге үлес қосты деп естідім. Елордада даңқты тұлға ескерткіші неге жоқ, ескі стадион ысырылса, аты алынып қалмай ма?

– Қаржылы азаматтар Қа­жы­­­мұқан атамыздың мүсінін жасатып, облыс әкіміне айтып, ол салтанатты түрде ашылғаны белгілі. Оның жан-жағын абаттандыруға мен біраз атсалыс­тым. Қазір ескерткіш әкімдік балансында тұр. Қаланың ескі бөлігінде тұрған Қажымұқан атындағы стадион ысырылса да, қайтадан оның аты беріледі деген сенімдемін. Өйткені ол – даңқты палуан ғана емес, Алашорда азаматтарының қасында жүрген үлкен парасат иесі, тарихи тұлға. Әкімдік халық үніне құлақ асады деген ойдамын.

– Балаларыңыз шетелде білім алыпты. Отбасыңызда қазақы тәрбие орныққан ба?

– Жарым Гүлнәр екеуміз Қарағандыдағы кооператив институтында бірге оқыдық, бір жатақханада тұрдық. 2-курс­та дәм-тұзымыз жарасып, отбасын құрдық. Алла берген бір қызым, екі ұлым бар. Балаларымның барлығы қазақ мектебінде оқыған, жоғары білімді КИМЭП-тен алды, содан соң магистратурасын «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелден оқып келді. Қазір бәрі де халықаралық компанияларда беделді жұмыс істеп жүр. Келіндерім де жақсы, жоғары білім алған, тамаша, инабатты жандар. Әдемі, сүйкімді, ақылды немерелерім барына шүкір етемін. Біз үйде тек қазақ тілінде сөйлейміз, келіндер орамалын тағып, үлкендерге иіліп сәлем салады. Ұлттық құндылықты насихаттау, ана тілімізді құрметтеу – біздің шаңырағымыздың қасиеті. Сосын балаларымызға шыншыл болуды жастайынан үйреттік, олар елдегі жемқорлық дегенге жаны қас. Осыған қуанамын.

– Педагогика саласында қызмет істегеніңізге көп жыл өтті. Сізді қоғамда, білім саласында қандай мәселелер толғандырады?

– Білімде қаржыландыру мәселесін шешер болса, көп білікті адам осы салаға қазір де келер еді. Мектепке кетеді көбі. Мұны бәрі біледі. Осы мәселе оң шешімін тапса, кәсіптік білім беру саласына небір мықты мамандар ойланбастан келетін еді. Мені толғандыратын нәрсе – Мемлекет басшысы айтқан елімізде Әділетті Қазақстан құру мәселесі. Әрбір адам, әрбір министрліктің кадры осы әділдікке ұмтылуы керек, осыны қалайда орнатуымыз керек. Заңды ұстансақ, заң бойынша жүрсек, жемқорлық атаулының көзін құртсақ, керемет мемлекет болып қалыптасар едік. Ел байлығын ұқыпты пайдаланып, оны ел игілігіне жұмсаған дұрыс деп айтар едім. Жемқорлыққа жаным қас, себебі мені таза адамдар тәрбиеледі, мен де барынша жемқорлыққа қаны қас, адал перзент, шәкірт тәрбиелеп келеміз деген ұстанымдамын. Сондықтан ел Президентінің бастамасын қолдап, осыған ұмтылуымыз керек. Бос мақтанды қойып, елдікке, бірлікке, әділдікке жетсек, ұрпағымыз алдында жүзіміз жарқын болар еді деп ойлаймын. Абырой бәрінен қымбат!

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button