Басты ақпарат

Кәсіпке қолайлы шаһар

Әр қаланың қарқынды дамуы үшін тұрақты инвестициялық салымдар қажет екені даусыз. Өткен жылы елордаға 1 трлн теңгеден аса инвестиция салынған. Бұл – Астана үшін рекордтық көрсеткіш. Бас қаламыз соңғы жылдары шетелдік капитал үшін аса тартымды бола түсуде. Бұған дәлел – барлық инвестициялардың жалпы көлемінің төрттен бірі шетелдік инвесторлар үлесінде. Мәселен, бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан құны 3 трлн теңге болатын 193 жобаның 44-іне шетел инвесторлары мен трансұлттық компаниялар қатысуда. Мұндай статистикалық деректерді халыққа есеп беруі кезінде Астана әкімі Бақыт Сұлтанов жария етті.


Астана – кәсіпкерлер қаласы

Атап айтарлығы, инвес­тициялық салымдардың жалпы көлеміндегі 86 па­йызы – бұл шағын және орта бизнестің ин­вестиция­лары. Демек, қа­лаға салынып жатқан ин­­вестициялар, негізінен, жекеменшік қаражат есебінен ұлғаюда. Яғни мемлекеттік инвестициялардың 1 теңгесіне жекеменшік инвестициялардың 6-7 теңгесі тең келеді. Ескеретін жайт, елорданың басты инвесторы шағын бизнес болып отыр. Негізгі капиталға құйылатын инвестициялар көлемінің 71 пайызы шағын бизнестің үлесіне тиеді.
– Еліміз бойынша шағын және орта бизнестің ең жоғары үлесі Астанадан көрініс табуда. Ол – қаланың жалпы өңірлік өнімінің 61 пайызы. Бұл – мақтанышпен айтатын үлкен жетістік. Қазір елордада 120 мыңнан астам бизнес субъектілері жұмыс істейді, бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 20 пайызға артық. Сондай-ақ бүгінде бюджетке түсетін салық түсімдерінің жартысынан көбін (57 пайыз) шағын және орта бизнестің төлейтін салығы (604 млрд теңге) құрайды, – деп мәлім етті Бақыт Сұлтанов.
Мемлекет кәсіпкерлер­ді қолдауға ерекше көңіл бөлуде. Соның айқын дә­лелі – мемлекеттік бағ­дар­­ламалардың барлық құралдары белсенді қол­данылуда. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» бо­йынша кәсіпкерліктің 1090 субъектісі 185,9 млрд теңге көлемінде кө­мек алған. 873,3 млн тең­геге шағын несиелер берілген. Соның нәтижесінде 65 адам кәсібін жаңадан ашыпты. Мұндай іс-шаралардың берері көп. Біріншіден, бұрынғы 9 мың жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік берсе, екіншіден, жаңадан 6300 жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіпті.

Салық амнистиясы табысты арттырады

Қала басшысы ағымдағы жылдың мамыр айында Астанада кәсіпкерлер­ге қызмет көрсететін толық­қанды орталық ашылатынын хабарлады. Мұндай орталық өз жобаларын жүзеге асыруға ниеттенген кәсіпкерлерге қажетті қаражат пен мемлекеттік қызмет түрлерін алу жолдарын жеңілдетеді. Кез келген кәсіпкерге «бір терезе» қағидаты бойынша барлық қызмет түрлерін кедергісіз алып, жобасын іске асыруға қолдау көрсетіледі.
Кәсіпкерлерді нақты қолдаудың тағы бір тетігі – салық амнистиясы. Мемлекет басшысы
Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен өткізілетін бұл шара әр кәсіпкерге өз табысын арттыруға жол ашады. Бір сөзбен айтсақ, жинақталған салықтардан босату шағын және орта бизнеске өндірісін ұлғайтуға, сайып келгенде, табысын еселеуге және өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай туғызады.
Бұдан бөлек, Елбасының тапсырмасы бойынша Астанадағы кәсіпкерлердің картасы жасалады. Ол картада әрбір кәсіпкерге қатысты нақтылы мәліметтер базасы қалыптасады. Жалпы мәліметтермен қатар актуальды мәртебесі, яғни кәсіпкер несиесінің бар-жоқтығы, оның банкротқа ұшырау қаупі, салықтарды дер уақытында төлегені, қандай мамандарға мұқтаждығы және т.б. көрсетіледі. Сонымен қатар кәсіпкерлікке қатыс­ты ахуалды бақылап отыруға мүмкіндік беретін арнайы портал ашу мәселесі қарастырылуда.

Өндіріс өсті, жұмыс орындары көбейді

2018 жылдың қаңтар-­желтоқсан айларында 601,7 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайыз­ға артық. Өнім өңдеу өнеркәсібінде өсім деңгейі 8,8 пайызды немесе 505,1 млрд теңгені құраған. Соның ішінде: сусындар өндіруде – 35 пайызға, машина жасауда – 11,2 пайызға, химия өнеркәсібі өнімдері өндірісінде – 46,1 пайызға, қағаз және қағаз өнімдері өндірісінде – 1,1 пайызға, металлургия өнеркәсібінде – 12,9 пайызға, киім шығаруда – 49,8 пайызға, азық-түлік өнімдері өндірісінде 5,4 пайызға өсті.
Өткен жылы жалпы құ­ны 10,5 млрд теңгені құ­­рай­тын 7 жоба іске қо­сыл­ды. Соның нәтижесінде жаңадан 730 тұрақты жұмыс орны құрылды. Ел­ордада өнеркәсіптің қар­қынды дамуына арнайы экономикалық ай­мақ­тың өнеркәсіптік алаң­қайының болуы оң ық­па­лын тигізетіні сөзсіз. Қазіргі таңда бұл алаңда елімізде теңдесі жоқ бірегей тауарлар шығаратын
50 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындар телекоммуникациялық модемдер, коммутаторлар, электронды-оптикалық құрылғылар, адамдарды көшіруге арналған құтқару капю­шондары және т.б. өнімдер шығарады.

«Ақылды қаланың» игілігі – инновациялар

Замана ағымына сай ин­но­вацияларды енгізу деге­німіз технологиялардың соңынан қуу емес. Бұл – бәсекелесті күрестегі қатты құрал. Өйткені басқа нәрсе емес, тек инновация­лар ғана көшбасшыны айқын көрсете алады.
Елордада «Ақылды қала» жобасы бойынша зама­науи цифрлық тех­но­ло­гия­­лар енгізіліп жат­қаны­нан жұрт­тың бәрі хабардар. Бұған мысал – ауқымды мәліметтерді жинау және өңдеу жү­йесі, «Сергек» бейнебақылау жүйесі, Smart-білім беру, Smart-медицина, электронды ПИК, коммуналды-тұрғын үй саласын цифрландыру сияқты жобалар. Халыққа есеп беруі кезінде қала басшысы Бақыт Сұлтанов биыл «Заттар ғаламторы» технологиясын қолдану арқылы 31 көше шамдарының ауыстырылатынын жариялады. Мұндай технология қондырғылардың қосылуын, мәліметтерді жинақтау және талдамалы ақпаратты алуды, шығындарды азайтуды және жұмыстың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Атап айтарлығы, қолайлы инновациялық ортаның болуы кәсібін жаңадан бастайтын кәсіпкерлерге арнайы жұмыс кеңістігін құруға мүмкіндік береді. «Ағымдағы жылдың сәуір айында біз кәсіпкерлер мен инноваторлардың басын бір жерге біріктіретін қалалық инновациялық алаңқайды ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл ТМД кеңістігіндегі алғашқы коворкинг-орталық болмақ. Жобаны Швейцарияның Женева қаласында орна­ласқан «Seedstars» халық­аралық бизнес акселераторымен бірлесе отырып жүзеге асырамыз. Аталған компания желісіне әлемнің әртүрлі елдеріндегі 70-тен астам стартапшылар, кәсіпкерлер және инвесторлар кіреді» деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Сонымен қатар биыл ЭКСПО қалашығындағы павильондардың (С 2.4 блогы) бірінен үздік кә­сіпкерлік шешімдерге арналған «IDEA Park» ашылады. Ол жерде Астананың «ақылды қала» саласында қолданылуы мүмкін деген келешегі зор технологиялар ұсынылады. Атап айтсақ, виртуалды нақтылық, заттар ғаламторы, Smart City технологиялары, роботтар және өзге де трендтік технологиялар.
Инновацияларды медицинаға енгізуден де Ас­тана көш басында тұр. Қа­ла басшысы медицина са­ласындағы инновацияларды да тілге тиек етті. Оның айтуынша, жедел жәрдем көліктері қазірдің өзінде бағдаршамдарды басқара алатын деңгейге жетті. Тағы бір жаңалық – тәжірибе ретінде енгізілген «денсаулық браслеттері». Астаналықтардың дені қазір электронды төлқұжатқа көшті.
Қалада «Сергектің» 6 мың камерасы орнатыл­ған. Олардың барлығы бір-бірі­мен байланыстырылған. Бір қуанарлығы, осы «Сергектің» арқасында аулалардағы қылмыс деңгейі екі есеге төмендеді. Ал тас­жолдардағы жол-көлік оқи­ғалары 2 есеге қысқарды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button