Басты ақпарат

Келісімге келе алмаған келіссөз

Қазақстан өз еліндегі жағдаймен әлек боп жатқанда, шығыс Еуропадағы шиеленіс те күшейе түсті. Өткен жылы 30 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Джо Байден Украина дағдарысы туралы телефон арқылы тілдескенімен, тіл табысып, бір байламға келе алмады. Ресейдің АҚШ және НАТО-мен қауіпсіздік жөніндегі кездесуі қарсаңында өткен бұл сұхбатта Ресей президенті Путин «санкция АҚШ-тың үлкен қателігі болатынын және оның салдары да ауыр болатынын» ескертсе, Байден Путинді Украина төңірегіндегі ушыққан ахуалды басуға шақырып, Украинаға қарсы агрессияға шешімді жауап қайтаратынын жеткізді. Екі ел басшысының бұл реткі тілдесуінің нәтижесіз аяқталуы кейінгі келелі кеңестерге де өз әсерін тигізді. 

[smartslider3 slider=1799]

Ресей НАТО-мен неге келісе алмай отыр?

Украина дағдарысы жөніндегі Ресей мен НАТО арасындағы келіссөз 12 қаңтар Бельгияның астанасы Брюссельде өтті. Бұл – екі тарап арасындағы 2019 жылдан бергі алғашқы келіссөз. 4 сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу жабық жағдайда жүрді.

Бұл кездесуден бұрын, яғни 10 қаңтар күні АҚШ пен Ресей өкілдері де Женевада жабық келіссөз жүргізген еді. Кездесуде Ресей делегациясын СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков пен Қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин басқарса, АҚШ делегациясына Блинкеннің орынбасары Венди Шерман мен қару-жарақты бақылау бойынша кеңесшісі Бонни Женкинс жетекшілік етті. Кездесуде Ресей тарапы «Украина мен Грузия ешқашан Солтүстік Атлантика Альянсының мүшесі болуына болмайды. АҚШ пен НАТО Ресей қауіпсіздігіне кепіл­дік беруі, соның ішінде НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтпеуді, оның құрамына бұрынғы кеңес елі республикаларын қоспауды» талап еткен. Венди Шерманның сөзіне қарағанда АҚШ бұл талаптан үзілді-кесілді бас тартқан секілді. Ресейлік Интерфакс ақпарат агенттігінің «келіссөздер өте күрделі әрі қиын жағдайда өтті» деп хабарлағанына қарағанда, кездесуде ешқандай ымыра болмаған тәрізді. Дегенмен екі тарап та мәселені келіссөз арқылы шешуге келіскен.

Брюссельдегі отырыс басталмас бұрын НАТО дағдарысты үйлестіру тұрғысынан мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен, Украинамен және Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен жеке-жеке кездесулер өткізді. Осы кездесуде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресей Украинаға қару сілтесе, Америка Құрама Штаттары мен олардың одақтастары Ресейге қатаң санкциялар салып, Украинаға әскери көмек көрсетуге дайын екенін ашық айтты. НАТО-ның Бас хатшысы Иенс Столтенберг те Украинаның вице-премьер-министрі Ольга Стефаничнамен кездескен кезде, Ресей Украинаға шабуыл жасаса, ол үшін зор бодау төлейді деді. Сондай-ақ НАТО Киевке өзінің әскери әлеуе­тін дамытуға көмектесетінін және Украинаның ұйымның толыққанды мүшесі болуына НАТО-ның бар күшін салатынын атап өтті. Стефанична Ресей сұраған қауіпсіздік кепілдіктері келіссөздердің негізі емес екенін, «Ресейдің ондай шарттарды қоюға негізгі құқығы жоқ» екенін да атап өтті.

Ресейдің тағы бір талабы – НАТО мен АҚШ-тың шығысқа ірге кеңейтуіне тосқауыл қою. Алайда америкалықтардың Польшадағы немесе Балтық елдеріндегі әскерлердің санын азайту ойы жоқ, керісінше, Ресей шабуыл жасаған жағдайда оларға төтеп беру дайындығын күшейтпек. Міне, осы жағдайға байланысты НАТО-Ресей келіссөзі де көздеген көмбесіне жете алмады. Әркім өзінікін жөн санап, керкілдесіп тарасты.

ЕҚЫҰ мен Ресей не талқылады?

Ресей – АҚШ және Ресей – НАТО арасындағы екі диалог нәтижесіз аяқталғаннан кейін, 13 қаңтар күні Ресей – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) ­Авс­трияның астанасы Венада келіссөз өткізді. Алайда Батыс БАҚ-тары «ЕҚЫҰ мен Ресей ортасындағы Украина шығысындағы қауіпті сейілту бойынша сөйлесулер ешқандай нәтиже бермеді» деп хабарлады. Бұл туралы келіссөзге қатысқан екі елдің өкілдері де мойындады. АҚШ делегациясын басқарған Венди Шерман «Ресейдің кейбір талаптары біз үшін жарамсыз» деген пікір айтты. Келіссөзде Мәскеу тарабы «НАТО шығысқа кеңейтпеуі және ешбір посткеңестік елді мүшелікке алмауы керек әрі мұны заңдық тұрғыдан бекіту тиіс» деген талап қойған. Бұған НАТО өкілдері «ұйымға мүше болуды әркім өзі шешеді» деп жауап берген. Осыдан кейін ресейлік келіссөзшілер де «Ендеше Ресей де өз әскерін қайда орналастыратынын өзі біледі» деп қатаң үн қатқан. Осылайша келіссөз барысында ешбір тарап бір-біріне жол бермеген, келіссөз алдындағы ұстанымдарынан танбаған. Ресей өкілдері де АҚШ-Ресей, НАТО-Ресей және Ресей-ЕЫҚҰ арасындағы келіссөздерде пәлендей маңызды келісімге қол жеткізе алмағанын айтты, әрі бұдан да терең талқылауларды күтетінін жеткізген.

Шын мәнінде, бұл Ресей – Батыс арасындағы ауқымды геосаяси дағдарыстан шығу бойынша жасалған үшінші дипломатиялық талпыныс еді. Бірақ бәрі де нәтижесіз аяқталып отыр.

Украинаны не күтіп тұр?

Ресей шекара маңына әскери қосынын әкеле бастаған кезде шұғыл соғыс дайындығына көшкен Украина қазір әскери дайындық пен келіссөзді қатар жүргізуде. Қазір Украина ­Ресейдің 100 мың адамдық қосынына тосқауыл қою мақсатында 125 мың әскерін Ресей-Украина шекарасына орналастырды. Канада телерадио корпорациясы (CBC) 12 қаңтар күні Украина Ресейдің шабуылынан қорғану үшін қырғи-қабақ соғыс кезіндегі ядролық бункерін қайта пайдалануға дайындалып жатқанын хабарлады. Хабарда Киевтегі шенеуніктер бірнеше күн бойы қырғи-қабақ соғыс кезінде қалған әуе шабуылынан қорғану орындарына тексеру жүргізіп, шабуылдан қорғану қуатын қайта қадағалап шыққан.

Алайда мамандар Украинаның Ресейге төтеп беруі қиын деп отыр. Егер Батыс елдері барлаушылары айтқандай, Ресей Украинаға 3 бағыттан шабуыл жасаса, Киевтің табанды қарсылық көрсете алуы екіталай. НАТО мен АҚШ әскери техника жағынан көмек көрсеткенімен, соғысқа тікелей араласпайтыны анық. Ал санкция Ресей экономикасына ауыр соққы болғанымен, Ресейдің Украинаға басып кіруіне тосқауыл бола алмауы да мүмкін. Өйткені НАТО күштерінің Украинаға жайғасуы немесе Украинаның НАТО-ға қосылуы Ресейдің мемлекеттік қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді. Бүгін Украинаны, ертең Грузияны қосып алған бұл ұйым, ертең Орталық Азиядағы елдерді өз қатарына тартып, Ресейдің «тынысын» барған сайын тарылта түсуі әбден мүмкін. Міне, осы тұрғыдан алған Ресей экономикалық мүддені ескеріп, елдің қауіпсіздік мәселесін ескерусіз қалдыруы екіталай.

Ресей тектен-текке Украина шекарасына әскер топтап жатқан жоқ. Атап айтқанда, Мәскеудің жанталаса әскери дайындық жасауына ­НАТО-ның Шығыс Еуропадағы елдерді шырғалай бастағаны басты себеп болды. Украинаның ел іші ала тайдай бүлініп, оның соңы Қырымнан айырылуға, Донбасс пен Лугансктің «дербестік» жариялауына апарып соғуы да – Батыс пен Ресей текетіресінің нәтижесі. Осыдан кейін Ресейден әбден көңілі қалған Украина НАТО ұйымына мүше болуға қадамын тіпті тездете түсті. НАТО-ға мүше болмай, Ресейден біржола құтыла алмаймыз деп есептейтін Украина басшылары қандай бодау берсе де, НАТО-дан бас тартатын түрі жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский НАТО-ның бас хатшысы Иенс Столтенбергке жазған бір хатында «НАТО-ға кіру – Донбасстағы (шығыс Украина) соғысты тоқтатудың жалғыз жолы, бұл аумақты соңғы жылдары сепаратистер басқарып келеді, сондықтан НАТО Украинаны әскери одаққа қабылдау қадамын тездету керек» деп жазғаны – соның айғағы. Алайда НАТО Украинаны қолдағанымен, оны мүшелікке қабылдауға асығар емес. Тек кеңейтілген өкілеті бар әріптес мәртебесін ғана берді. Кеңейтілген өкілеті бар мәртебе – одаққа мүше елдер мен Солтүстік Атлант келісімі бойынша операцияларға елеулі үлес қосқан әріптестер арасында қарулы күштер үйлесімділігін дамытуды көздейтін НАТО бастамасы. Осы орайды пайдаланған Украина НАТО-мен бірлескен әскери оқу жаттығуды көбейтті. НАТО-дан сырт, Ресейдің Қырымды жаулап алғанына наразылық танытқан Еуропа одағы Ресейді санкцияның астынан алып, Грузия, Молдова мен Украинаның қорғаныс саласына көмек беру тебінін күшейтті. Бұл жағдай Ресейді алаңдатуда. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «НАТО Ресейдің ұлттық мүддесін ескерусіз қайырып қойып, Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастырып отыр. Украина мәселесі толассыз шиеленіске кетіп жатыр, альянстың әскери кешендері Ресейге жақындай түсті. Румыния мен Польшада зымыранға қарсы жүйелер орнатыла бастады. ­Америкалық орта қашықтыққа атылатын зымырандар Еуропада пайда болуы ықтимал. Ресей бұған қарап отыра алмайды» деп мәлімдеме жасағаны – соның айғағы.

Егер Ресей Украинаға шабуыл жасаса, онда Батыс елдері «солтүстік ағын-2» құбырының жобасын дереу тоқтатып, Ресейдің ең ірі банкіне санкция салады. Сонымен қатар Вашингтон мен оның еуропалық одақтастары Ресейдің тікелей инвестициялық қорларына санкциялар енгізу және Ресейдің рубльді АҚШ долларына және басқа да шетел валюталарына айырбастау мүмкіндігін шектеу туралы мәселені қарастыруы да мүмкін. Егер бұл жоспар қолданысқа енсе, Ресей экономикасына үлкен соққы. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей «Былай тартса, өгіз өледі. Былай тартса, арба сынады» дегендей, екі үлкен сынақ ортасында тұр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button