#Жаңа Қазақстан

Ер-азамат жүрегі ел деп соқсын

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде қазақ елінің басына төнген қауіп-қатер, ең алдымен, күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттары үшін үлкен сын болды. Алдыңғы шепте жүріп, қарша бораған соққыға, от пен мен оққа кеуде тосқандар да – солар. Талайы бейбіт өмір жолында шейіт те болып кетті. Сонымен қатар олардың атына айтылып жатқан сын да, айып та аз емес. Ендеше осыған қатысты жеке пікірлерін білу мақсатында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бірнеше ардагерлеріне жолыққан едік.

[smartslider3 slider=1807]

Марат Нағұманов,  генерал-майор, «ҚР ­Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары:

– «Етікші нашар болса, мемлекет онша зардап шекпейді, ал бала тәрбиешісі нашар болса, елде тұтас бір надан ұрпақ пайда болады» деп баяғы заманда ­Платон айтқан екен. Бертінде біздің атамыз әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» депті.

Бүкіл саналы ғұмырымды әскери қызметке, оның ішінде офицерлер мен жауынгерлерді тәрбиелеуге арнаған адам ретінде айтарым – мұның бәрі шын мәніндегі әскери-патриоттық жұмыстың жоқтығынан туындаған дүние. Кезінде Қазақстан Қарулы Күштерінде жастармен жұмыс жөніндегі офицер деген құрылым болды, оны кейін алды да таратып жіберді. Жастардың тыныс-тіршілігі қалай, оларды не толғандырады, қандай пробле­масы бар, мұнымен ешкімнің шаруасы болған жоқ. Олар елімізде көрінгеннің жетегінде кетті. Мұны айтып отырған себебім, кешегі бұзақылар мен басбұзарлардың айтағына ергендердің дені – жастар.

Ащы да болса шындық, соңғы жылдары кейбір әскери бөлім басшылары сырт көзге әдемі флеш-моб, шоу ұйымдастыруға әуес болып кетті. Қанша жерден қазіргі заманғы қару-жарақпен, озық техникамен жабдықталса да, соғысатын және жеңіске жететін – адам. Оның Отансүйгіштігі, рухы мықты, жүрегі қайратты болмаса және ол жүрек елім деп соқпаса бәрі бекер!

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жіберілген олқылықтардың бәрін өз атымен атады, оны жоюдың жолдарын белгілеп берді. Ендігі жерде Президенттің маңына топтасып, ел игілігіне қызмет ету ғана қалды. Біздің қоғамдық бірлестіктің барлық облыс орталықтарында және үш қалада филиалдарымыз бар. Қазір ҚР Қарулы Күштер ардагерлерінің саны бес мыңнан асып жығылады. Біздің барлық күш-жігеріміз жастар тәрбиесін күшейтуге, оларды Отансүйгіштікке үндеуге жұмсалатын болады.

Манас Мағұлов,  запастағы полковник, ішкі әскерлер бригадасының бұрынғы командирі, 1990-1991 жылдардағы бітімгершілік миссиясына қатысушы:

– Біріншіден, бұл жерде мемлекетке қарсы әрекеттерді ұйым­дастырушылар мен олардың саяси технологтарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған демократиялық қайта құрулар ұнамағанын айта кету керек. Олар өздерінің арам ойларын бір, не екі ай емес, бірнеше жыл бойына дайындағаны айқын. Төңкеріс ұйымдастырып, билікке келу үшін тек қана қолайлы сәтті күткені белгілі болып отыр.

Екіншіден, уахабист-салафиттер елімізді емін-еркін аралап, мешіттерде уағыз айтып, жамағатқа «таза мұсылман мемлекетін» құру идеясын сіңірумен болды. Арнайы қызмет өкілдері мұның бәрін көре тұра ештеңе істемеді. Әлде оларға байқамау бұйырылды ма?

Алғашында шеруге шыққан қала тұрғындары экстремис­тердің түпкі мақсаттары туралы мүлде бейхабар еді, адамдар болып жатқанның барлығын бейбіт мақсаттағы азаматтық ой-пікір білдіру ретінде қабылдады. Лаңкестік әрекеттердің жетекшілері де дәл осыны күткен болатын. Ақыр соңында қан төгіліп, қанша адам қасірет шегіп, қалалар отқа оранды.

Қазақстан халқы өзінің заңды сайланған Президентіне сене білді, ол мемлекет үшін осынау қасіретті күндерде тәулік бойы жұмыс орнында болып, жедел штабтың жұмысын жеке бақылап, елде конституциялық тәртіпті қалпына келтіру және қарақшылардың әрекеттерін жолын кесу шараларын жүзеге асырды.

Біз лаңкестікті ұйымдастырушыларды, оларға идеологиялық дем берушілер мен қаржылық қолдаушыларды толық анықтап, олардың шені мен  лауазымына қарамастан Отанын сатқан опасыздар ретінде заң алдында жауапқа тартады деп сенеміз.

Сапарғали Жағыпаров,  запастағы полковник, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері:

– Мемлекет басшысының Ұжымдық қауіпсіздік шартына қатысушы елдерден көмек сұрауын әртүрлі қабылдап жатқан адамдар бар. Байсалды сарапшылар мен білікті мамандар бұл дұрыс және дер кезіндегі қабылданған шешім болды деген пікір айтады. Мен осы пікірді қолдаймын. Бұл қадам халықаралық келісімдер мен міндеттемелерге сай келеді және Қазақстан Президенті өз сөзінде Ұжымдық күштердің шектеулі контингенті көп ұзамай елдеріне қайтады деп айтты. Солай болды да.

Қарулы Күштерімізді күстәналаудың да қажеті жоқ. Терроршыл күштер ашық майданға шықпай, әрдайым бейбіт тұрғындардың атын жамылады немесе соларды қалқан қылады. Сондай кезде сарбаздардың кімнің қас, кімнің дос екенін айыруы қиын болып, барлық мүмкіндіктерін пайдалана алмай жатады. Қаншама жауынгер осы қақтығыста антына адал болып, қыршыннан қиылды. Олардың ерлігін ел білуге тиіс деп есептеймін.

Мемлекет басшысы күштік құрылымдардың жауынгерлік дайындық деңгейін көтеру туралы баса айтты. Оларды материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, әскери-көлік авиациясының паркін толықтыруға тапсыр­ма берді.

Тәуелсіздік біз үшін ең басты және қымбат құндылық болып табылады. Оны ата-бабаларымыз кешегі қан майданда қолдан бермеген, ендеше айдың-күннің аманында біздің одан айрылып қалуға ешбір хақымыз жоқ.

Әзірлеген Әбубәкір СМАЙЫЛОВ,

әскери журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button