Сайлау-2022

Кемел болашағымыз үшін

Тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі аса маңызды саяси науқан – ­кезектен тыс болатын Президент сайлауына санаулы күн қалды. Демократиялық елдің азаматы ретінде және конституциялық қасиетті борышын орындау үшін әр азаматтың өз таңдауын жасайтын уақыты туды. Ең бірінші мемлекет құрушы – қазақ ұлты, тарихи жағдайға сәйкес, сонау патшалық Ресей заманы мен кеңестің қатал саясатының кесірінен атажұртынан ­айырылып, біздің Ұлы даламызға қоныстанып қалған, бірақ өздерін осы елдің азаматымыз дейтін, 130-дан астам этнос өкілдеріне үлгі болып, оларды өз маңына топтастырып, сайлауға бір кісідей белсене қатысуға ата- баба рухы бізді шақыруда.

Қазақ ұлты өзінің бірлікке, жасампаздыққа, тәуелсіз ел болуға ұмтылысын сонау 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде көрсетіп, дүние жүзіне паш еткен және мызғымастай болған алып империя – Кеңес Одағының ыдырап, көптеген ұлттың дербес мемлекет болуына себеп болғанын ұмытпаймыз. Міне, енді тағы да осындай тарихи сын кезеңі, тәуелсіздікті нық бекіту, жасампаздық пен әділдікті орнатуға мүмкіндік беретін және оны әркімнің іске асыруына жағдай жасалатын сәттілік кезеңі күтіп тұр. Демократиялық құндылықтың бір көрінісін сайлау арқылы толық іске асырайық.

Жаһандық бәсекелес, тайталас өршіген бүгінгі ғасырда еліміздің болашағы жастарымыз­дың білімге деген ұмтылысын қуаттап отыру – міндет. Жаңа техникалық білімді игере отырып қана бәсекеге қабілеттіміз, сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» бағдарламасындағы еліміздегі 6,5 миллион балаға тұрған жеріне және қай тілде оқитынына қарамастан, іргелі білім, цифрлық технология, жайлы білім инфрақұрылымы тең дәрежеде қолжетімді болуын іске асыру жұмысы басталғанын көре бастадық. Балаларға арналған 50 сауықтыру лагері, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін оқушылар сарайы, жас техник бекеті, музыка-өнер мектебі – жалпы саны 100 жаңа ірі нысан салынады. Жаңадан ашылатын нысандарда тәрбиелік шаралардың басым бөлігі мемлекеттік тілде жүргізілуі тәрбиешілердің міндеті болады. Білім саласындағы бұл өзгеріс – елдің экономикалық өрлеуі мен келешегін айқындайтын дәлел.

Өткен отыз жылда заңсыз жемқорлықпен тапқан, Отан деген қасиетті ұғымды ұмытқан жемқорлардың шетелге тыққан қаражаты елге қайтарылып, әлеуметтік салаға, оның ішінде білім саласына, әлеуметтік жағынан аз қорғалған қоғам мүшелеріне жұмсалып жатыр. Заңсыз шығарылған 523 млрд теңге елге қайтарылды. Ұлттық қорымыздан түскен пайданың 50 пайызы 2024 жылдан 18 жасқа дейінгі жас ұрпақтың есебіне жыл сайын аударылып отырады.

Ендігі бір күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе мемлекеттік тілдің жағдайына тоқталып, оған байыппен қарауымыз қажет. Қазақ тілінің беделін көтеруде мол қаражат жұмсалып, іс- шаралар жүргізіліп жатыр. Жуырда ғана елімізге шеттен көшіп келетін азаматтарды қабылдаудың миграциялық заңына өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі міндеттеліп отыр. Сонымен қатар келесі 2023-2024 оқу жылынан бастап, оқу тіліне қарамастан, барлық білім мекемелерінде 5-11-сынып оқушыларына қазақ тілінен емтихан енгізілуі – мемлекеттік тілдің беделін көтеретін шара. Тек осы жұмысты сапалы жүргізіп, көзбояушылыққа айналдырмайық. Орыс тілін үйренуге еш қарсылық жоқ, оған барлық жағдай жасалған, бірақ барлық мәселе өзімізге тіреледі. Арамыздағы қазақ ұлты өкілдерінің өз тілін менсінбей, ресми тілдің жетегінде кетуіне, оның қоғамда жаппай қолдануының үдеуіне ең бірінші өзіміз кінәліміз. Сондықтан ең бастысы ұлттық рухы бар қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесе, жанұядағы және мектептегі тәрбие жұмысы ұлттық реңкпен сапалы жүргізілсе, жағдай түзеледі. Ана тіліміздің беделін арттыру – ең бірінші біздің қазақ ұлтының негізгі міндеті.

Қоғам өміріндегі оң өзгеріс­терді қарапайым халық көріп те, сезініп те отыр. Тек «Көрмес – түйені де көрмес» дегендей, кейбір азаматтарымыз «Ана нәрсе жоқ, мына жағдай неге түзелмейді, анау жаман, мынау неге бұлай болды?» деген сұрақ қоюмен уақыт өткізеді. Өздері қоғам өміріне белсене араласпай, аянбай еңбек етуге бе­йімделмей, «Үкімет бізге бәрін жасап беру керек» деген «жатып ішер» қағиданы ұстайтындар қоғамда наразылық туғызуға бейім. Батпандап кірген жамандық пен ауруды бірден жоя аламыз ба, әлде санамызға, пәлен ғасыр бойы қанымызға күштеп енген құлдық сана мен жағымпаздықты, ауызбіршіліктің болмауы деген қасиеттерді немесе алғашқы өтпелі кезеңде «жабайы нарықтың» нәтижесінде ақшаға құнығып, оның құлына айналу бүгінгі ұрпақтың да бойына сіңе бастады. Несін айта беремін, қоғам болған соң жақсылық пен жамандықтың күресі жүретіні – заңдылық, тек жамандық басым болған жағдайда, тоқырау, қоғамның теңселе бастауы көрінеді, оны сыртқы жаулар пайдалануға тырысатыны белгілі. Оны біз кешегі естен кетпес «қаңтар оқиғасы» жағдайынан білеміз.

Сайлаудан тыс қалу, өз конституциялық борышыңды орындамау үлкен қателік екенін сезінейік! Әділетті Қазақстан орнатуда сайлау заңының сақталуы өте маңызды. Сондықтан да өткен сайлауда жіберілген кемшіліктерді болдырмау, сайлауымыздың заң талаптарына сай өтуін сайлау комиссияларының ғана міндеті емес, әрбір сайлаушының жекелей міндеті деп түсінген жөн. Өткен жолы референдумда тәуелсіз бақылаушы ретінде қатыстым. Мен болған учаскеде кейбір партиялар мен ұйымдардан жіберілген арнаулы бақылау­шылар өз міндетіне селқос қарап, сайлау біткеннен кейін бюллетень санаудың заңға сәйкес жүргізілгенін бақыламады. Алдағы уақытта әрбір партия ұйымы тарапынан жіберілетін жауапты бақылаушыларды іріктегені жөн. Алдағы және болашақтағы болатын сайлауға деген халықтың сенімін тудырайық. Президенттікке кандидат үшін үгіт-насихат жұмысын жүргізетін сенімді адамдар қалалардағы ірі өнеркәсіп орындарындағы ұжымдармен кездесу өткізуде, бірақ жекеменшік шағын, орта кәсіпорындар сайлауалды үгіттен тыс қалуда. Мен өзім партия мүшесі емес, ардагер ретінде сайлауалды үгітті материалдық базасы қиындау жекеменшік бизнес өкілдерімен жұмыс жүргізіп жатырмын. Халықтың барлығының сайлауға баруын қамтамасыз ету, сайлаудың әділ өтуі үшін үгіт-насихатты жандандыруды ұсынамын. Біз сияқты ешбір партияда жоқ қарапайым ардагерлердің сайлауалды үгіті халық көңілінен шығады деген үміттемін.

20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауында болашағымыз үшін, балаларымыз бен немере-шөберелеріміздің жарқын өмірі үшін әділетті Қазақстан, ашық, қарапайым халықтың үнін тыңдайтын мемлекетке дауыс берейік!

Қажымұрат НӘСИҰЛЫ, ардагер ұстаз

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button