Қала тіршілігіМәдениет

«КЕСТЕЛІ ОРАМАЛ» СЫЙЛАҒАН КЕШ

Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің Орган за­лында Жеңістің 67 жылдығына арналған «Кестелі орамал» атты мерекелік концерт болды. Аталмыш салтанатты шара Астана қаласының Мемлекеттік филармониясындағы «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблінің мұрындық болуымен жүзеге асты. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мәдениет қайраткері Нұрлан Хамзиннің басқаруымен соғыс жылдарына арналған концерт берілді.

Аты айтып тұрғандай-ақ, кештің өн бойында «Кестелі орамал» сынды соғыс жылдарының тауқыметін сипат­тайтын қоңыр мұңға толы ескі әндер шырқалып, қара домбыраның шанағынан жүректі шымырлата­тын әуезді күйлер төгілді. Атақты композитор Мұқан Төлебаевтың бұл әнін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, дарынды әнші Нұрай Танабаев орында­ды. Кешке арнайы шақыртылған соғыс ардагерлері аяқ асты­нан күрт бұзылған ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, өте көп жиналды. Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін», Біржан салдың «Он саусағын» орындағанда бір майдан­гер қарттың риза болғаны сонша, сахнада ән салып тұрған Қайрат Байбосынов ағамыздың қолын алып, ақ батасын берді. Жақсыгелді Сейіловтің «Ана туралы баллада­сы» шырқалғанда көзіндегі мөлт-мөлт еткен жасын дәс орамалымен сүрткіштеген көрермендер де аз бол­мады. «Тос мені, тос» әнін салған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұяқбай Асанбаев та көмескіленіп бара жатқан соғыстың қиямет күндерін тағы бір елестетіп өткендей болды. Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» күйін тартқан Секен Сыздық сағыныш пернелерін дөп басты. Динаның күйі «Жеңісті» шерт­кен Ержан Тоқсабанов та күйді орындауға жанын салып бақты. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейханның орындауындағы Бақытжан Байқадамовтың «Сүйген сәулем» әні де қарияларды бейжай қалдырмады.

Бақыт ТҰРСЫНЖАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button