Мәдениет

Киелі сахнаның кішкентай әртістері

Елордадағы «Астана Опера» театры әлемдік мәдениетте абыройы бар іргелі мекенге айналып үлгерді. Көркі көз тартатын осынау ғимараттың сахнасында небір таңдаулы спектакльдер қойылады. Мұнда, тіпті, Италияның «Ла Скала», «Сан Карло» театрлары мен ресейлік «Мария» театрының өзі өнер көрсеткен. Сол қойылымдарда кəсіби əртістермен бірге «Астана Операдағы» балалар студиясының қатысушылары да ойнапты. Керемет жетістік емес пе, иə?! Жақында біз студияға барып, ұл-қыздардың тамаша талантына тамсанып қайттық.

1

«Богемадағы» балақайлар

Театрға таңғы тоғыздар шамасында жеттік. Хор сабағының үстінен түсіппіз. Залда Джакомо Пуччинидің «Богема» операсына дайындық жүріп жатыр. Сценарий бойынша, ойыншық таратушы Парпиньольді көрген көше балалары қуанып, өзара əңгімелесуі тиіс. Сол рөлдерді студиядағы балақайлар сомдайды. Бəрі қосылып, əн шырқағанда, құдды бір киноның ішіне түсіп кеткендей əсерде қаласың. Бірі төменгі, бірі жоғарғы нотаны алып, шығарманы ерекше үндестікте орындап шықты.

Соль! Сольді жоғалтып алдыңдар, – дейді оларды мұқият тыңдап отырған апайлары Алтынғаным ара-тұра. Балалардың бəрі шеттерінен өнерлі. Əн айтумен қатар, музыкалық аспаптарды да жақсы меңгерген. Мысалы, Нұрдəулет Исаұлы атты бала Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мектептің 6-сыныбында оқиды екен. Өзі пианинода ойнайды. Былтыр өткен «Astana Piano Style» конкурсында 2-орын иеленіпті.

Ал №66 мектеп-лицейдің шəкірті Дəмелі Сағидоллаева болса, скрипкадан Испаниядағы халықаралық байқауға қатысып, қола жүлдегер атаныпты. Мұн­дай жетістіктердің бəрі опера кезінде міндетті түрде көмегін тигізеді. Айтпақшы, балалардың арасында операда жеке ария орындаушылар да бар көрінеді. Солардың бірі – Айша Орынбасарова. Айша – №62 мектептің 7-сынып оқушысы. «Астана Операның» сахнасында қойылған Джакомо Пуччинидің «Тоска» операсында малшы баланың ариясын шырқайды.

Жүздеген көрерменнің алдында жеке дауыс­та əн салу қиын шаруа екенін білеміз. Сахнаға шыққаныңда қорқыныш, толқу деген­дер болып тұра ма? – деп сұрадық Айшадан.

Əрине. Сондықтан дайындығымды жиі-жиі пысықтаймын. Соның арқасы шығар, əлі бірде-бір рет сахнада тұрғанымда арияның сөзін ұмытып қалып, ыңғайсыз жағдайға тап болған емеспін, – дейді ақсары қыз күлімдеп.

2

Тіл білу де аса маңызды

Бұдан соң хор жетекшісі Алтынғаным Ахметовамен сөйлестік. «Театр ішінен балалар студиясын ашу театрдың бірінші директоры Төлеген Мұхамеджанов пен шығармашылық сұрақтар жөніндегі кеңесші Абзал Мұхитдиновтің идеясы еді. Кей қойылымдарда бала сомдауы тиіс рөлдерді кəдімгідей қажетсіндік. Сөйтіп, 2013 жылғы желтоқсанда балалар студиясын аштық. Алғашқы айларда біз өз қызметкерлеріміздің музыкалық білімі бар балаларын қабылдадық. Кейін баспасөз мəслихатын ұйымдастырып, басқа да балаларды студияға қатыстыруға болатынын мəлімдедік. Өтініш білдірушілер көп болды. Əлбетте, біз олардың арасынан музыкалық сауаты бар балаларды іріктеп алдық», – дейді Алтынғаным.

4

Қазір хорға 35 бала қатысады. Бір қызығы, опералардың көбі ағылшын жəне итальян тілдерінде. Соған қарамастан, шəкірттер сөзді еш бұрмаламай, акцентсіз айтады. «Мұның себебі, дайындықты бастамас бұрын біз балаларға операның мазмұнын түгелдей түсіндіреміз. Жаттайтын сөздерін де аударып, мағынасын ашып береміз. Сондықтан балалар тез қағып алады. Оның үстіне, дирижерлер шет тілінде еркін сөйлейді. Мысалы, мына «Богема» операсының дирижері – италиялық азамат. Егер операны айту барысында қандай да бір сөзді қате дыбыстап не шатасып жатса, ол кісі бірден дұрыстайды. Аударма бөліміндегі əріптестеріміз де тіл жағынан көмектеседі» деп жымияды хор жетекшісі. Айтпақшы, операға қатысатын балалардың қимыл-қозға­лысын театр режиссері Наталья Кагадий үйре­теді. «Əдемі дауыс қаншалықты керек болса, актерлік шебер­лік те соншалықты маңызды. Балалар театрдың үлкен залында кəсіби əртістермен бір­ге өнер көрсететін болғандықтан, дең­гейі де олардікінен еш кем түспеуін қадағалаймыз. Мейлі, өскенде бəрі бірдей өнер жолын таңдамай-ақ қойсын. Бірақ осында үйренгендері өзін-өзі еркін ұстауға, көпшілік алдында сөз сөйлеуге, ойын барынша анық жеткізуге жəрдемдеседі» дейді ол.

3

Би академиясы ашылады

Балалар студиясының тағы бір бөлімі – ба­лет. Бұл труппаға Қазақстан Республика­сының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ба­летмейстер Тұрсынбек Нұрқалиев жетек­шілік етеді. Тұрсынбек ағаның айтуынша, балетке бүгінде 47 бала қатысады. «Көп деген­де, 50-55 баланы ғана қабылдай аламыз. Одан көбірек алайық десек, зал əжептəуір тар­лық қылады», – деп қынжылысын білдірді ол кісі.

Мұнда да биге икемі бар ұл-қыздар ғана қабылданады. Рахима Қожахат пен Əнел Болат есімді құрбыларды əңгімеге тартқанбыз.

– Қай сыныпта оқисыңдар?

– Рахима төртінші, ал мен үшінші сынып­тың оқушысымын, – деп тақ-тақ етеді пысықтауы.

– Мұнда келгенде сендерді қандай талаптар бойынша іріктеп алды?

– Ең қарапайымы – «шпагатқа» отырып, «мостик» жасай алуың керек. Көбі­не­се гимнастикадағы қимылдарды көрсеттік…

Труппадағы балалардың ең кенжесі жеті жаста. «Негізі, балетке баланы неғұрлым ерте берсе, соғұрлым жақсы. Билейтін баланы сымбатынан-ақ танисың. Өкінішке қарай, көп ата-ана ұлдарын балетке беруге қарсы. Жігітке жараспайтын өнер деп түсінеді. Онымен келіспеймін. Атақты биші Галина Уланова «Балет дегеніміз – сезімнің шарықтауы» деп айтыпты. Яғни, билеп жатқан кезде ішіңдегі бүкіл ойларыңды, эмоцияңды, армандарыңды – бəрін-бəрін қимыл арқылы сыртқа ақтарасың» дейді Тұрсынбек ағай.

Сөзінің соңында труппа жетекшісі сүйінші жаңалықты жеткізді: «Бұйырса, алдағы уақытта Астанада ірі би академиясы ашылады. Республикамыздың əр өңіріндегі жастар сонда түсіп, өз білімін жетілдіре алады. Оларды еліміздің, шет мемлекеттердің майталман мамандары оқытатын болады».

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button