Кітап оқитын ұлт

Байқоңыр ауданына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» «Кітап оқитын ұлт» тақырыбында оқырмандар конференциясы өтті. Орталықтың «Зияткерлік даму» клубы жанындағы «Ұрпаққа аманат» бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиында орталықтың қызметкерлері оқыған көркем шығармаларын талдады.
Жиын барысында орталықтың қазақ тілі оқытушысы, жазушы-публицист әрі аталмыш іс-шараны ұйымдастырушы Маржан Пірімбетова кітап тарихы туралы қызықты баяндама жасады.
Конференцияға арнайы шақырылған Астана қаласы әкімдігі «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директорының орынбасары Манат Керімбекова мен осы орталықтың бөлім меңгерушісі Сағадат Иманбекова қатысып, оқырмандардың кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған конференцияның маңызына тоқталды.
Конференцияға астанадағы №38-мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы, «Абай оқулары» республикалық байқауының жеңімпазы Мағжан Жеткерген қатысып, Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқудың озық үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар іс-шараға қатысқан ардагер кітапханашы Қабира Әмірбекова бірнеше жазушының туындыларына шолу жасап, кітап оқудың құндылық екенін айтса, зейнеткер Сайлаукүл Есенбекова бүгінгі оқырмандардың ықыласына ризашылық танытты. Конференцияға қатысушылар сондай-ақ гаджеттерден көз алмайтын ұрпақтың кітап оқу арқылы рухани мәдениетін арттыру қажет екенін атады.