Елорда тынысы

Жас өнертапқыштар сайысы

Бас қаладағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Оқу-ағарту министрлігі мен USTEM Robotics қоғамдық қорының қолдауымен робототехникадан Орталық Азия чемпионаты басталды.

First чемпионатын робототехника саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар USTEM Robotics қоғамдық қоры өткізіп отыр. Жарыс қатысушылардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше санатқа бөлінді. Олар: 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған First Lego League Explore, 10-16 жас аралығындағы First Lego League Challenge және 12-18 жас аралығындағы First Tech Challenge.

USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов 2022 жылдың қазан айында оқушылар Женевада өткен дүние­жүзілік жарыста жеңіске жеткенін атады.

«Биылғы жарыс энергия тақырыбына арналды. Балалар роботтарды бағдарламалау мен құрастырудан басқа, инновациялық жобамен айналысады. Өткен жылдың соңынан бастап әр топ әлеуметтік желілерде #FIRSTKZ2023 хештегі арқылы тапсырмалар орындады. Балалар түрлі энергетикалық стансаларға барып, репортаж жасап, сарапшылардан сұхбат алды. Оқу орындарында шеберлік сабағын өткізді, дайындық барысында еліміздегі бірқатар жоғары оқу орнының студенттерімен тәжірибе бөлісті. Жыл сайын робототехникамен айналысатын балалардың саны артып келеді. Осы жылы да жас өнертапқыштарымыз жеңіске жетеді деп сенеміз» деді ол.

Үш күнге созылатын тартыста барлығы 1200 оқушы бақ сынайды. 24-26 ақпанға дейін созылатын чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар ел намысын Американың Хьюстон қаласында өтетін халықаралық жарыста қорғайды.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы 3 жылда Қазақстанда 3 мыңнан астам робототехника кабинеті ашылды. Екі мыңнан астам мұғалім робототехника курсынан өтті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button