Басты ақпарат

Көше қалай көркейеді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалың елдің тарапынан қолдау тапқаны анық. Расында, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Бұл ретте мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеп, билік өкілдері бұқараға барынша жақын болса, түйткілді мәселелер түгесілер еді.

[smartslider3 slider=1950]

Мемлекет басшысы айтқандай, біз енді «еститін» мемлекет болуымыз керек. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» демекші, барлық мәселе халықпен ақылдаса отырып шешілгенде ғана нәтижеге қол жеткізетініміз анық.

Қазір қалалардың саны өсуде. Әлем тұрғындарының жартысынан көбі қалаларда тұрады. Мамандардың айтуынша, 2050 жылға қарай халықтың 75 пайызы қалаларға қоныстанатын болады. Бұл қалаларды дамытуда жаңа тәсілдерді қажет етеді.

Жасыратыны жоқ, бүгіннің өзінде тұрғындар пәтеріне келіп тұрған су, жылу және жарыққа қалыпты жағдай деп қарайды. Олардың бірінің жұмысында іркіліс байқала қалса, дереу тиісті телефон нөмірін теру арқылы жауапты мекеме өкілдерімен байланысып, аз уақыт ішінде ақауды жояды. Демек, қаланың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы дұрыс жолға қойылған.

Сонда қазіргі қалалықтардың көксегені не? Әлбетте, заман көшіне ілесу. Бір кездері суға, жылуға, жарыққа белгілі бір мөлшерде шектеу болса, енді ол мәселелер оңтайлы шешілген. Бүгінгілер бас шаhардың бет-бейнесі өзгеріп, аулаларының абаттандырылғанын, көшелерінің көрікті, көк-жасыл шөп пен гүлзарларға оранғанын, айналадағылардың бәрі тегіс заман талабына сай болғанын, қысқасы, адамдардың өмір сүруіне қолайлы әрі жайлы ортаның қалыптасқанын қалайды. Бұл үшін, яғни әрбір азамат өз қаласын дамытуға қатыса алуы үшін халық пен мемлекет арасындағы диалогқа ерекше назар аударылғаны дұрыс. Әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, елордамыз дамыған қалалардың қатарына енсін десек, жұмысты тұрғындардың пікіріне құлақ асудан бастаған абзал. Осындай мақсатпен жақында Байқоңыр ауданының әкімдігінде қалалық кеңістіктерді абаттандыру бойынша тұрғындармен қоғамдық талқылау өтті.

[smartslider3 slider=1961]

Бұл жолы Александр Бараев көшесін көріктендіру мәселесі кеңінен сөз болды. Алдымен осы көше тұрғындарымен жақынырақ танысқан Нұр-Сұлтан қаласындағы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен Республика даңғылынан бастап Ш.Уәлиханов көшесі мен Ақбұлақ жағалауына дейін А.Бараев көшесін қайта жаңғыртуда кездесетін барлық түйткілді мәселелерді тыңдап шықты. Аудан тұрғындары өз ұсыныс­тарын бүкпесіз ортаға салды.

Бараев көшесі – қаланың төрт ауданы тоғысатын жер. Мұнда көлік көп жүреді. Байқоңыр ауданы тұрғындарының Сарыарқа, Алматы, Есіл аудандарына қатынауы үшін барлық жағдай қарастырылған. Дегенмен көше бойында бос жатқан жер көп екен. Тұрғындармен кездесу барысында осы жерлерді кәдеге жарату жайы кеңінен талқыланды.

Мақсат БЕКЕНОВ, «Light house» ТК тұрғыны: 

Біз бәріміз жауаптымыз

[smartslider3 slider=1962]

– Менің ойымша, әскери-тарихи музейден бастап Уәлиханов көшесінің қиылысына дейінгі жаяу жүргіншілер жолы жаңартуды қажет етеді. Бараев көшесінен Республика даңғылына да жаяу жүргіншілер үшін қосымша жолақ қарастырылса, сондай-ақ Kazflor гүл дүңгіршегінің қасынан өтетін жол көліктерге де, жаяу жүргіншілер үшін де ыңғайсыз екенін көріп жүрміз.

Біздің үй көше қиылысында орналасқан, ал егер келешекте Уәлиханов пен Бараев көшесін қосатын жаңа автомобиль магистралының құрылысы жүргізілетін болса, бұл тұрғындар үшін өте маңызды әрі қауіпті мәселе тудырады.

Біздің кешеннің жанында Compas АЗС орналасқан. Бұл жерде таңертең және кешкі мезгілдерде көліктің көптігі кейде тұрғындардың үйіне баратын жолды бөгейді. Ол аз десеңіз, жанар-жағармай құюға келетін автокөліктер балалар мен ата-аналардың мектепке қатынауына да кедергі келтіреді. Алдағы уақытта жекеменшік үйлер сүріліп, жаңа магистраль салынатын болса, бұл жерге жаяу жүргіншілер үшін ыңғайлы жол салуды қаперден шығармаған жөн.

Біздің үй орналасқан ауданға жасыл желек те артық етпейді. Бұл менің жеке пікірім ғана емес, осы үйде тұратын барлық тұрғындардың талап-­тілегі. Сондықтан келешекте көпшіліктің пікірі ескеріледі деген үміттемін.

Ризван ХАКИМОВ, Бараев көшесі, №13 үйдің тұрғыны:

Жарық қала – қауіпсіз қала

[smartslider3 slider=1964]

– Бүгінде басты мәселе көше кеңістігінің дұрыс ойластырылмауымен байланысты болып отыр деп ойлаймын. Қала тек қана көлік үшін емес, ең алдымен адамдар үшін ыңғайлы болуы керек.

Әлемнің қай қаласын алсақ та түнгі келбетімен көрікті. Біз де соларға ұқсап, көшелеріміз күндіз мұнтаздай тап-таза, түнде самаладай жап-жарық болса дейміз. Әсіресе орталық көшелерде демалыс орындарының шамдары жарқырап тұрады. Әрине, керемет! Дегенмен кейбір ішкі көшелерге жарықтың жетіспей жататыны жасырын емес. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік мәселесіне кері әсер етеді. Ұрлық-қарлық, кісі тонау, зорлық-зомбылық секілді қылмыс түрлерінің алдын алу үшін де барлық көшенің жарық болғаны жақсы.

Менің ойымша, бүгінгі таңда халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту жөнінде көп айтылып, жазылып та жүр. Ендеше елордамыз дамыған қалалардың қатарына енуі үшін көркейтуді көшелерден бастаған жөн. Қала құрылымындағы өте маңызды элемент – қоғамдық кеңістік. Оны дұрыс дамыту үшін әлемдік инвесторлардың, белсенді азаматтардың қоғамдық орындарды тиімді басқару тәжірибесіне сүйенуіміз керек деп есептеймін.

Лариса ПУДОВКИНА, Бараев көшесі, №18 үйдегі бастамашыл топтың белсенді мүшесі:

Шаһар сәні – субұрқақ

[smartslider3 slider=1963]

– Біздің «Light House» тұрғын үй кешенінің жанындағы жекеменшік жер үйлер сүрілгеннен кейін оның орнына балалар мен ересектер демалатын сквер болса, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жолдар кеңейтіліп, балалы аналардың арбамен жүруіне мүмкіндік туса жақсы болар еді. Көліктің көптігінен қоқыс жинайтын машина кейде діттеген орнына жете алмайды.

Жан-жағымыздың бәрі автожол болғандықтан, тұрғындар газ жұтуда. Жасыл аз. Сондықтан Бараев көшесінің бойына ағаштардың неше түрін отырғызып, ол жерлерді адамдардың демалыс аймағына айналдырса болмай ма? Басқа жерге барып демалатын орын іздемей, әр адам өз үйінің айналасында демалуға мүмкіндік жасалса, өз үйінен алысқа бармай-ақ уақыт өткізсе, керемет емес пе?! Әртүрлі жастағы балалармен көшеге шыққанда аналар қиналмаса екен. Осы балалардың әрқайсысы өзінің жасына лайық іспен айналысып, уақытын қызықты өткізгенін қалаймын. Жалпы біздің Бараев көшесінде көз тартар ештеңе көрінбейді. Өз басым бұл жерге субұрқақтар ерекше сән берер еді деп ойлаймын.

Мағжан ҚАҺАРМАНОВ, әскери зейнеткер:

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖЕТІСПЕЙДІ

[smartslider3 slider=1966]

– Біздің көшеде бос жер көп. Меніңше, ол жерлерге жасыл желек жетіспей тұр. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар да еш сын көтермейді. Бос орындарға ағаш егуге не кедергі, түсінбеймін.

Бүгінде жастардың көбі көлікпен жүруге дағдыланған. Мен болсам зейнеткермін, үнемі жаяу жүремін. Сонда байқағаным, елорданың бетке ұстар басты көшелерінің бірі саналатын біздің Бараевтағы жолдар айқыш-ұйқыш, кей жерлерде бордюр биік болғандықтан, жазатайым жарақаттану қаупі жоғары. Жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз деп айтудың өзі ұят.

Көше бойындағы ескерткіштердің де кез келген жерге, қалай болса солай тұрғызыла салғаны қынжылтады. Мәселен, көрнекті тұлға Жұмабек Тәшеневтің ескерткішіне гүл қою немесе тағзым ету үшін жаяу жүріп келе жатқан адам оған емін-еркін жақындай алмайды, біршама жерді айналып өтуге тура келеді, өте ыңғайсыз. Әрі бұл ескерткішке еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткердің атындағы үлкен де кең көшеден орын табылмағанына қайранмын.

Жұмабек Тәшеневтің ескерткішіне нағыз лайықты орын Ж.Тәшенев көшесі деп есептеймін. Ал біздің көшеге еліміздің аграрлық саласын дамытуға өзіндік үлес қосқан ұлы кеңес ғалымы Александр Бараевтың ескерткіші орнатылса жөн болар еді.

Бұрынғы Парламент ғимаратының алдындағы Абайдың мүсіні артындағы ғимараттың қара әйнегімен бір түстес болғандықтан, айқын көрінбейді. Шыны витраждарды ауыстырып, қара терезелердің орнына бейтарап, сұр металл түстес айна орнатса, Абайдың тұлғасы сонда әлдеқайда жарқырап, көз тарта түсер еді.

Жыр алыбы – Жамбылдың ескерткіші де дәл сондай, көңілге кірбің ұялатады. Мен кез келген дін өкілдері мен конфессиялардың наным-сенімдерін құрметтеймін, ешкімге қарсылығым жоқ, бірақ Жамбыл бабамыздың қасынан өтіп бара жатқанда ұлы ақынның басынан грек православие шіркеуінің күмбезі шығып тұрады. Бұған не айтуға болады? Мұндай сәттер тым көп.

Менің үйімнің дәл қасындағы Бараев көшесінің үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі әуел бастан дұрыс ойластырылмаған. Лифтілері сол кезден-ақ жұмыс істемейді. Бұл түріктерден алынған ең сәтсіз көшірме дер едім. Түркияда мұндай көпірлер бар, бірақ олар сәл басқаша. Оларда пандус, эскалаторлар жүйесі дұрыс жолға қойылған. Оны мен Анталияға барғанда өз көзіммен көргенмін. Ал бізде баспалдақпен көтерілу керек, демек балалы аналар, мүгедек адамдар бұл көпірге арбамен көтеріле алмайды. Ол жағы бізде ойластырылмаған. Жалпы бұл көпірмен көп адам жүрмейді. Себебі бұл жердегі үш деңгейлі баспалдақпен көтерілу жай қарапайым, он екі мүшесі сау адамның өзіне оңайға соқпасы анық. Сондықтан бұл көшеде жаяу жүргіншілердің қарама-қарсы бетке өтуі бір қиямет. Көпірге шығу қиын, ал бағдаршам алыс. Негізі, бұл көпір сақталуы керек деп есептеймін, өйткені ол жерге көп қаржы жұмсалды. Бірақ оны қандай да бір көркем құрылым, бәлкім, галерея етсе, мейлі онда музыканттар бас қоссын немесе суретшілер жиналсын. Осы жағын ойлас­тырған жөн.

Шынын айтсақ, біздің көшеде тақыр асфальттан басқа дым жоқ. Соның шаңын жұтып жүрміз. Озон жетіспейді. Меніңше, бұл жерлерге жасыл желектерді көбірек отырғызу керек. Аулаларымыз абаттандырылып, көшелеріміз көріктендірілсе, жолдар жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына ыңғайлы болса, халықтың өмір сүру сапасы едәуір жақсарар еді.

P.S: Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығы мамандарының мәлімдеуінше, кез келген қала көшелерімен көрікті. Бұл ретте олардың тек автокөліктер үшін ғана емес, адамдардың өмір сүруіне қолайлы әрі ыңғайлы болуы баса назарға алынады. Сондықтан тұрғындар пікірін ескере отырып, мүмкіндігінше жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды кеңейту және велосипед жолақтарының ұзындығын арттыру, көшелерді көгалдандырып, көріктендіру, субұрқақтар мен қаланың бірқатар ауданында демалыс орындарын құру жоспарда бар. Қоғамдық талқылауда айтылған пікірлер уәкілетті органдарға жеткізіліп, алдағы уақытта келіссөздер арқылы жүзеге асырылатын болады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button