Басты ақпарат

Күмісбеков күмбірі

Биыл көрнекті композитор, Қаз КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кенжебек Күмісбековтің туғанына – 95 жыл. Ұлттық және классикалық музыка бағыттарында еңбектенген, артында күйлер, симфониялар, әндер мен романстар қалдырған өнер иесін көзі тірісінде достары «Қазақтың Бетховені» деп атады.     

[smartslider3 slider=2606]

Елорданың Сарыарқа ауданында композитордың атында көше бар. Кенжебек Күмісбеков көшесі Шығанақ көшесінен басталып, Абай даңғылын және Ә.Жанбосынов, Кенесары, Т.Бигелдинов, С.Сейфуллин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1205,2 м. Бұрын бұл көше Культурная деп аталған. Ал 1998 жылы қазіргі атауын иеленді.

Кенжебек Күмісбеков 1927 жылы 23 ақпанда Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Құмкөл ауылында дүниеге келді. Оған киелі өнер ана сүті, әке қанымен дарыды. Әкесі сол өңірге әншілігімен аты шыққан, домбыраның құлағында ойнайтын шебер орындаушы еді. Алайда Кенжебек әкеден жастай қалып, жақын ағайыны, аймаққа танымал күйші Ілияс Әубәкіровтің тәрбиесінде болды. Бала Кенжебектің бойында домбыраға, күйге құштарлықтың артуына Ілияс үлкен әсерін тигізді.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр жылдары жасөспірім Кенжебек Қарағанды шахталарында еңбек етеді. Мұнда көркемөнерпаздар ұжымдарына белсенді қатысады. 1948 жылы Алматыда бүкілқазақстандық көркемөнерпаздар байқауы өтті. Кенжебек Күмісбеков Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұсаның сирек орындалатын әндерін шырқап, қазылар алқасын өнерімен тамсандырып, таңдандырады. Қазылар алқасының құрамында болған академик Ахмет Жұбанов пен көрнекті композитор Латиф Хамиди Алматы консерваториясының ән бөліміне оқуға түсуіне кеңес береді. Кенжебек бұл кеңесті қабыл алып, консерваторияға құжаттарды тапсырады. Әншілік бөлімге ойдағыдай түсіп кетеді. Бірақ арада бірнеше ай өткенде денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер ән салуға тыйым салады. Содан соң консерваторияның «Халық аспаптары» кафедрасының «Домбыра» сыныбына ауысады. Халық әртісі Рүстембек Омаров пен күйші Құбыш Мұхитовтан дәріс алады.

Оқуын аяқтағаннан кейін Құрманғазы оркестріне домбырашы болып жұмысқа орналасты. Қабылдауды әйгілі композитор Евгений Брусиловский жүргізді. Брусиловский алдымен Кенжебек Күмісбековтің авторлық туындыларын тыңдап, жоғары бағасын берді. Содан соң Күмісбеков консерватория­ға екінші рет «Композиция» факультетіне, Брусиловскийдің шеберханасына түсті.

Кенжебек Күмісбеков көшесі Шығанақ көшесінен басталып, Абай даңғылын және Ә.Жанбосынов, Кенесары, Т.Бигелдинов, С.Сейфуллин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1205,2 м. Бұрын бұл көше Культурная деп аталған. Ал 1998 жылы қазіргі атауын иеленді

Композитор болып қалыптасуына Ахмет Жұбановтың, Латиф Хамидидің, Евгений Брусиловскийдің әсері мол болды. Консерваторияда оқығанда қазақтың ұлттық аспаптарына ғана емес, фортепиано, виолончель секілді классикалық аспаптарға музыка жазды. Партитурамен жұмыс істегенде Еуропаның әйгілі композиторларының тәжірибесіне сүйенді. Бұл қатарда алғашқы туындыларының санатына жатқызылатын «Поэма», «Жастық шақ» шығармаларын атап өтуге болады. Кенжебек Күмісбеков халық аспаптар оркестріне де, симфониялық оркестрге де вальс жазды.

Кенжебек Күмісбеков Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында музыкалық редактор, өзі оқып бітірген Құрманғазы атындағы консерваторияда оқытушы болып жұмыс істеді. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Соның ішінде бүгіндері есімдері елге белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов пен күйші, өнер зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақовты ерекше атап өтуге болады.

Музыкатанушылар Күмісбеков қазақтың ұлттық музыкасын, күйлерді Еуропаның классикалық музыкасымен жымдастыра білгенін айтады. Соның ішінде шоқтығы биік туындылардың қатарында «Дала сыры» симфониялық дастанын және «Шалқыма» шығармасын жатқызады. «Дала сырын» ол ұстазы Ахмет Жұбановқа арнап жазды. Бұл дастанында композитор халық музыкасын халық композиторлары туындыларымен ұштастыра білді. Дастанды мұқият тыңдаған адамның құлағына ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің сазы анық естіледі.

Жалпы, Кенжебек Күмісбеков – Абай өлеңдерін өнерінің өзегіне айналдырған композиторлардың бірегейі. Мысалы, данышпанымыздың «Домбыраға қол соқпа», «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» өлеңдеріне ән-романстар жазды. Бұған қоса, «Қорқыт туралы аңыз», «Фараби сазы», «Ықылас туралы поэма», «Шалқыма», «Сарыөзен саздары» сияқты музыкалық поэма жанрына жататын кесек туындыларды дүниеге әкелді.

Осылармен қатар, қазақтың күй өнерінің өрістеуіне біршама еңбек сіңірді. Соның ішінде «Биші қайың», «Аманат», «Арман», т.б. күйлерді ұлттың қоржынына қосты.

Кенжебек Күмісбеков – күрделі туындылармен қатар, ел арасында айтылып жүрген бірнеше әннің де авторы. «Менің далам», «Аяулы менің мекенім», «Домбырашы құрбыма», «Жар назы», «Ақ Ақмола – Астана», «Қарқаралы» сынды әндерді тудырды.

1978 жылы композитор ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына орай «Фараби сазы» атты күй-поэмасын жазды. Бұған көрнекті жазушы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы түрткі болды. Осы шығарманы оқыған Кенжебек Күмісбеков содан шабыт алды. Ал 1985 жылы Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толу мерекесіне арналып «Кербезім» шығармасы жазылды.

Жалпы өзінің шығармашылық ғұмырында композитор 40-тан астам шығарма жазды. Соның арасында халық аспаптар және симфониялық оркестрлерге арналған туындылар, спектакльдерге арнайы жазылған шығармалар, камералық музыка бар.

«Қазақтың ең үлкен өнері – күй. Сол күй өнерін симфониялық сипатта алғаш жазып, жаңаша бір жанр жасап, «Күй поэма» деп атаған – Кенжебек Күмісбеков. Ол өзінің дәстүрін, өзінің тамырын ұмыттырмайтын сондай күй поэмаларды дүниеге алып келді. Кенжебек Күмісбеков туралы айтқан кезде біз оның композиторлығын айтамыз да, күйшілігін айта бермейміз. Ол кәсіби күйші болатын. Профессор Құбыш Мұхитовтың мектебінен домбыра класын оқыған кәдімгі кәсіби маман еді. Сондықтан өзінің туған жеріндегі шертпе күй үлгісіндегі «Арман» сияқты тамаша күйлерді, желдірме күйлердің үлгісіндегі «Өмір жолы» секілді жаңа заманның күйлерін дүниеге алып келді» дейді күйші, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай.

Арқа жерінде дүниеге келген композитор осы өңірдің бай музыкалық дәстүрін бойына сіңіріп өсті. Оның артына қалдыр­ған мұрасы ұлттық бояуының қанықтығымен ерекшеленеді. Күй-поэмаларымен тұлғалар галереясын жасады. Бұл жоғарыда аталған әл-Фараби, Қорқыт, Шоқан Уәлиханов, Ықылас Дүкенұлы болып жалғасып кете береді. Композитордың соңғы шығармаларының бірі «Аманат» аталады. «Қансонарда» деп аталатын күйі де бар.

Кенжебек Күмісбеков Вердидің «Травиата» операсынан Жермонның ариясын, Брамстың «№1 Венгер биін», Огинскийдің «Полонезін», басқа да классикалық шығармаларды халық аспаптар оркестріне түсірді. 1997 жылы жетпіс жасында өмірден өтті. Өзі туған Ақмоланың астана болатынын біліп кетті. Қуанышын «Ақ Ақмола – Астана» әніне сыйдырды. Қазір өкінішке қарай, осы ән айтылмай кетті. Көкейімізде сөзі де, сазы да қандай екен деген сауал туындайды.

2007 жылы Кенжебек Күмісбековтің туғанына 80 жыл толуына орай бірқатар шаралар атқарылды. Атап айт­қанда, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармония­сының қазақ халық аспаптар оркестріне композитордың аты берілді. Қорғалжын аудандық мәдениет үйі оның атында. Туған жерінде ескерткіші де орнатылды.

Бірнеше жыл бұрын елордада Кенжебек Күмісбеков атындағы қалалық ән байқауы қолға алынды. Бірақ бұл байқау тоқтап қалды. Соны республикалық деңгейде жалғастыру керек. Бас қалада композитордың көшесі бойында ескерткіші де тұрса, жарасымды болар еді деп есептейміз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button