Әлеумет

Кувейттегi келеңсiздiкке кiнәлi кiм?

Талғат ЕРМЕГИЯЕВ,
ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттiгiнiң төрағасы:

– Күнi кеше Кувейтте өткен мергендер сайысында келеңсiз жағдайдың орын алғаны рас. Жеңiмпаз атанған қызымыз Мария Дмитриенко тұғырға көтерiлген сәтте Қазақстанның әнұранының орнына британдық Саша Баронның «Борат» фильмiндегi сайқымазақ әуен қосылып кеттi.
Мен Кувейтке барған бiздiң делегация өкiлдерiн кiнәлай алмаймын. Негiзi, спорт ойындары өткен кезде, ұйымдастыру комитетi әрбiр елге сұрау салып, мемлекеттiк рәмiздердiң сәйкестiгiн тексередi. Егер бұған дейiн олар осы сұрауды жiберiп, бiзде оларға жауап берiп, әнұранды нақтылаған лауазымды тұлғалар болса, олар мiндеттi түрде жауап беретiн болады. Кейде ұйымдастыру комитетi өздiгiнен де iс-шараға қатысушы елдердiң мемлекеттiк рәмiздерiн тауып, шырқатуы мүмкiн. Мiне, бұл жолғы келеңсiздiктiң ұйымдастыру комитетiнiң осындай қателiгiнен орын алып отыр. Олар өздiгiнен iзденiп, бiздiң әнұранымызды интернеттен жүктеп алғандарын айтып ақталуда.
Парижде өткен Әлем чемпионатының марапаттау рәсiмi барысында Қазақстанның ескi әнұранының орындалуы оқиғасынан кейiн барлығына да мұндай оқиғаларға жiтi қарау керектiгi ескертiлген болатын. Осы келеңсiздiктiң тағы да қайталануы әрине, өкiнiштi-ақ.
Лондон Олипиадасы қарсаңында бiз осы оқиғаның қайта орын алуына жол бермеуiмiз керек. Мен 18 сәуiр күнi Лондонға ұшып барамын. Сол жерде бiз қазақстандық спортшылар қатысатын барлық жарыстар бойынша мемлекеттiк рәмiздердiң сәйкестiгiн тексеруге тырысамыз. Бiрақ, шыны керек, Лондон Олимпиадасының ұйымдастырушы комитетiнiң жұмысына емiн-еркiн араласа алмайсың. Бiзге де мемлекеттiк рәмiздердi тексеруге оңайлықпен мүмкiндiк бередi деп айта алмаймын. Дегенмен, Кувейтте болған оқиға Лондон Олимпиадасында қайталанбауы тиiс.

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛI,
композитор:

– Бұл бiрiншi рет қайталанып отырған жағдай емес қой. Қайбiр жылы шетелде өткен әлем чемпионаттарының бiрiнде бiздiң Кеңес одағы кезiндегi ескi әнұранымыз орындалып бiр масқара болғанбыз. Таяуда ғана Қостанайда өткен жарыста шетелдiк әуен қосылып кетiп тағы жерге қарадық. Мұның бәрi сайып келгенде жауапкершiлiктiң жоқтығынан. Таң қалам, қаншама елдiң арасынан неге қазақтың әнұранын ғана шатастырып алады екен? Жергiлiктi ұйымдастыру комитетiн былай қойғанда, өз азаматтарымыздың арасында да ниетi түзу еместерi бар ма деп күдiктенем.
Әнұран мемлекеттiң қасиеттi дүниелердiң бiрi ғой. Сондықтан, бұл мәселенi ауызша айтып, газеттерге жазып қана жылы жауып қоя салуға болмайды. Екiншi рет мұндай келеңсiздiк орын алмайтындай шара қолдану керек. Бұл оқиғаға Спорт және дене шынықтыру агенттiгiнiң төрағасы Ермегияев мырза да, оның айналасында жүргендер де, ең арысы тұғырға көтерiлiп, Бораттың мазақ әнiн қолын кеудесiне қойып, ұйып тыңдаған мерген қыз Мария да кiнәлi. Мұны өз басым ұлтымызды сыйламағандық, егемендiгiмiздi мойындамағандық деп қабылдаймын. «Кiнә бiзден емес, кiнәлi кувейттiктер кешiрiм сұрады» деп, бiздiкiлер жабулы қазанды жабулы күйiнде қалдыра ма деген қаупiм бар. Кешiрiм сұрағанына неге мәз боламыз? Түптеп келгенде, олар бiздiң мемлекетiмiздi, ұлтымызды мойындамай тұрған жоқ па?
Алда Лондон Олимпиадасы келе жатыр. Оған дейiн кiнәлi адамды тауып, халық алдында жазалау керек. Әнұран халықаралық аренада екi-ақ жағдайда шырқалатынын бiлемiз. Бiрi – Мемлекет басшысының шетелге сапары барысында, екiншiсi – спортшыларымыз жеңiс тұғырынан көрiнген сәтте. Сондықтан, спортшыларымыздың жүз пайызы әнұранның мәтiнiн бiлуi шарт. Жаттауды «қиынсынғандары» алғашқы он екi жолын-ақ бiлсiншi, ең құрығанды. Кешегi сайыста чемпион қызымыздың қылығы расында ұят болды. Егер мен соның орнында немесе қазақстандық делегациясының арасында болсам, сол сәтте қарсылық танытар едiм. Сол сәтте кiнәларын мойындатып, қазақтың өз әнұранын қайта қойып беруiн талап етер ем.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button