Жаңалықтар

Майтөбе мен Тайтөбе

Әрине, жәй төбе емес…

Алашқа аты мәшһүр аяулы мекендер.

Бірі асқар Алатаудың бауырында, бірі салқар Сарыарқаның сауырында орналасқан.

Екі ортада – еңку-еңку ен дала.

О заманнан орны бөлек осынау әулие төбелердің арасында атау ұйқастығынан басқа қандай байланыстар бар?

Іздеген кісіге ілік көп.

Тамырластықтың талай деректері табылар.

Ал, біздің білуімізше Майтөбе мен Тайтөбенің қиыспас қиырларын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтын ұлы мұраттарға бастаған нұрлы жолы түйістіріп тұр.

Жетісудағы Майтөбе – бала Нұрсұлтанның қиялын тербеп, қияға қанат қақтырған қасиетті өлкедегі өркеш таулы қан жайлау. Тұлпар мініп, ту ұстаған Тұлғаның жасыл жонын жалаңаяқ кешкен киелі Ұшқоңырмен жапсарлас жатыр. Бөктерінде бөрілі байрағын көтеріп Сұраншы, Саурық, Қараш батырлар Қарасайлап қалың жауға қасқая шапқан. От ауызды, орақ тілді Сүйінбай, Жамбыл ақпа-төкпе жыр нөсерін селдеткен. Көк белінде көршілес қазақ-қырғыз қиқулап көкпар тартқан, құда болып құшақтасып құйрық-бауыр жескен жер.

Атамекенін асқақтатқан Орысбай ақын Әбділда «Мөріндей табиғаттың Майтөбені, Жұмақты төрі десе қайтер еді?!» деп шабыттана шалқиды.

Арқадағы Тайтөбе – дана Нұрсұлтан қалың елі – қазағының қамын ойлап, Ақордалы Астанамыздың алтын қазығын қаққан кіндік жұрт.

Арғы ғасырларда атойлаған арда ғұндар бұл арада ақжарылқап ғұмыр кешіп, айбынды қамал тұрғызған. Ат аяғы жетер аймақтарға айбат шегіп, әмірін жүргізген. Тарихшыларымыздың таңбалауынша Ақмола атауының сол бабаларымыз салған қорғанға тікелей қатысы бар. Ғұндардың тілінде Ақмолаңыз «Батыстағы қамал» деген ұғымды білдіретін көрінеді.

Таңғажайып Тайтөбенің етегінде Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов секілді халқымыздың қаһарман ұлдары дүниеге келген.

Осының бәрі белгілі бола тұра біз кейде барымызды бағалай алмай қаламыз. Әйтпесе, Ақмола облысындағы Целиноград ауданының атын ерен елдігіміздің белгісіндей Тайтөбеге аударып бере салсақ біткен істің бірі болмас па еді?!.

…Тарихи Тайтөбеден таяқ тастам тұста бой түзеген елордамыз бүгінде бүкіл дүние жүзіне танылды. Жақында ғана жарық көрген жақсы бір кітаптың тұсаукесерінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек аға Абдрахманов ағынан жарыла айтқандай «Астана әлемдегі ең әдемі және жанға жайлы қалалардың біріне айналды».

Астана – ең алдымен Азаттығымыздың айғағы.

Ата-бабаларымыздың орындалған арманы.

Ұлттық идеямыздың ұйытқысы.

Мемлекетіміздің мерейі.

Бейбітшіліктің бесігі.

Бәрін айт та, бірін айт – Елбасының ерен ерлігі!

Ендеше егіз ұғымға айналған Елбасы мен Елордамыздың мәртебесі мәңгілік биік болғай!

 

Талғат БАТЫРХАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button