Тағзым

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МҰРАТЫ

Биыл тәуелсіздік алып, егемен ел атанғанымызға 25 жыл толып отыр. Бұл жұмыр басты пенде үшін аз да, тарихы қатпар-қатпар іргелі ұлт үшін көп те уақыт емес. Осынау уақыт аралығында Қазақ мемлекеті күрделі де қиын жолдан өтті. Қиын-қыстау күндерді бастан өткере отырып, ірі жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізді. Елімізді бүкіл әлем танып қана қоймай, қапысыз мойындады. Бұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасы деп білеміз. Жиырма бес жылдан бері елімізде тұрақтылық пен бейбітшілік салтанат құрып келеді.

7-ханство

Кейбіреулер айтып жүргендей, Қазақстан – жаңа пайда болған жас мемлекет емес, терең тарихы бар қабырғалы жұрт, еңселі ел. Мәселен, елімізде былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды ұлық мереке кеңінен тойланды. Әрине, Қазақ елінің тарихы мұнымен шектелмей, әріден бастау алатыны белгілі.
Қазақ халық, ұлт ретінде бұдан көп бұрын тарих сахнасына шыққан. Небір аласапыран заманды басынан кешіре отырып, бүгінгі күнге аман-есен жетіп отыр. Бұл да – қазақ халқының іргелі ел, ұлы ұлт екендігінің жарқын көрінісі, айқын белгісі.
Кім-кімге, қандай ұлтқа болмасын тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Болмайды да, болған да емес. Қазақ хандығын құрып, дербес елдің негізін қалап, шаңырағын тіктеген Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан не үшін бөлініп кетті? Әрине, егемен ел болып, еш­кімге жалтақтамай дербес сая­сат жүргізу үшін. Ешкімнің жетегінде жүргісі, құлақ кесті құлы болғысы келмеді. Қазақ деген сөздің мағынасының өзі, еркіндік сүйгіштікті білдірмей ме?! Осы асыл қасиет ұзақ жылдар бойы халқымыздың бойында саф алтындай сақталды, бізді еркіндікке, тәуелсіздікке, дербестікке жетелеген де осы атадан балаға мұра боп келе жатқан құндылықтарымыз.
Керей мен Жәнібектен кейін билік жүргізген Қасым хан Дешті Қыпшаққа түгелдей үс­темдік жүргізіп, елді басқаруда қазақ жұрты арасында орныққан іргелі ата дәстүрді, жол-жобаны берік ұстанды. Оның тұсында ішкі қоғамдық қатынастарды қатаң белгілі бір жүйеге түсірген Қасым ханның қасқа жолы атты қалың бұқара мойындаған заңдар жинағы өмірге келді. Одан кейін ел билеген Есім ханның «ескі жолы» да, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» да қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы болатын. «Жеті жар­ғыға» сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Кейінгі билеушілер де осы заңдарға сүйеніп билік жүргізді.
Атақты Абылай хан үш жүздің басын қосып, елдіктің туын жоғары көтеруге барынша күш салды. Ұлы ханның көреген саясатының арқасында Қазақ елі шартты түрде болса да елдігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалды. Абылайдың маңайына топтасқан Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды кемеңгер билеріміз бен Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек секілді батыр бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қасиетті қазақ жерін қорғап, басқыншылармен арыстандай алысып, жан алып, жан берісті.
Абылайдан кейін еліміздің іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқала бастады. Ресей империясы бөліп алып, билей беру саясатын жүргізді. Ақыры басы бүтін жаулап алып, басымызға қайыс ноқта кигізілді.
Кенесары хан Абылай атасы­ның ісін жалғастыруға ұмтылды. Қазақ халқының тәуелсіздігін қалпына келтірмекші болды. Сол үшін басын бәйгеге тікті, осынау ұлы жолда мерт болды. Кенесары жеңілген жоқ, сол кезде алып империяға қарсы қылыш сілтеп, оқ атудың өзі қазақ халқы үшін ірі жеңіс болатын. Елдің рухын оятты, намысын қамшылады, жігерін жаныды.
Кеңес кезінде де сол рух бір сәтке де бәсеңсіген жоқ. Ірі-ірі бас көтерулерге, басып-жаншуға қарсы толқуларға, ұлт-азаттық көтерілістерге ұласты. Сол іштегі тол­қыныс пен бұлқыныс ең ақыры Желтоқсан көтерілісі кезінде сыртқа шығып, бой көр­сетті. Жас­тардың бұл көте­рілуі тәуел­сіздікке жол ашты, негіз қалады. Қайрат Рысқұл­беков сынды қаншама жас өрендеріміз жазықсыз жапа шекті, сотталды, жазаланды, түрмеге тоғытылды. Бірақ жасыған жоқ, батыр ата-баба­лары­ның ерлік істерін лайықты жалғастырып әкетті. Соның арқасында тәуелсіздіктің ақ таңы атып, жарқырап күні шықты. Біз қазір соның игілігін көріп, жақсылығын сезініп келеміз. Еркін елде өмір сүріп жатқан біз бақытты ұрпақпыз. Біздің маңдайымызға осындай бақ жазылды, бақыт бұйырды.
Біз енді тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін аянбай қызмет етуіміз керек. Елбасымыздың «Ұлы Дала елі» мен «Мәңгілік ел» идеясын толық қолдаймыз, сол бағытта бір кісідей жұмыла еңбек етіп, тер төгеміз.
Қазақстанды тәуелсіз ел ре­тін­­де бүкіл әлем мойындады. Ақын-жазушыларымыздың, өнер-ғылым қайраткерлерінің, атақты спорт­шыларымыздың арқасында абыройымыз асқақ­тап, мерейіміз үстем бола түсуде.
Еліміз қарқынды дамып, Астанамыз күннен күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Мұның бәрі – біз үшін үлкен мақтаныш, зор мәртебе!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін өткенімізге тәу етіп, бүгінгімізді саралап-салмақтап, келешегімізді бағдарлай алуы­мыз керек! Сонда біздің тік кө­терген шаңырағымызды ешкім де шайқалта алмайды, іргеміз берік болады.
Лайым, аспанымыз ашық, күніміз жарқын болсын!


Қазына КУТЕЕВА,
Ж.Жабаев атындағы
№4 мектеп-гимназияның мұғалімі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button